Мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық спортшылар Әлем чемпионатына қатысады

2268

Мәнерлеп сырғанаудан еліміздің атынан өнер көрсететін жұп Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев Әлем чемпионаты өтіп жатқан Францияның Монпелье қаласына келіп жетті. Ал жекелей сайыстарда өнер көрсетуі тиіс Михаил Шайдоров елшілік виза бермегендіктен, жарысқа қатыса алмайтын болды.

Мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық спортшылар Әлем чемпионатына қатысады

Белгілі болғандай Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев жаңа жыл алдында Германия елшілігінде виза рәсімдеген екен. Сондықтан Францияға жету олар үшін қиындық тудырмаған.

"Біз Михаилмен байланыста болдық. Соңғы уақытқа дейін олар виза береді деп үміттенген. Бірақ кеше бас тартқанын айтты. Біздің жағдайда виза алудың қажеті болмады. Өйткені жаңа жыл алдында Германия елшілігінде визаға сұраныс жібердік. Біз Германияға жарысқа бармақшы едік. Бірақ коронавирусқа байланысты қатыса алмадық. Сондықтан Францияға бару үшін еш қиындық туындамады. Бізге екі жылға виза берді", - дейді мәнерлеп сырғанаушы Гауһар Наурызова BaigeNew.kz-ке берген сұхбатында.

Спортшы визасы бар болғанымен, Украина мен Ресейдегі жағдайға байланысты Қазақстан әлем чемпионатынан шеттетіле ме деп алаңдағанын жасырмады.

"Біз Францияға жете алмаймыз ба деп алаңдадық. Тіпті чемпионаттан шығып қалуымыз мүмкін деп ойладық. Өйткені рейстер жиі ауысып, тіпті кейбірі тоқтатылды. Бізді Ресейден шығармауы мүмкін деген ойлар болды. Бірақ бәрі ойдағыдай өткен сияқты", - деп қоса кетті конькиші.

Алдағы жарысқа дайындық туралы айта келе, Гауһар Наурызова серіктесі Бойсангур Датиев екеуі үшін Францияда өтетін ірі дода олар үшін алғашқы Әлем чемпионаты екенін атап өтті.

"Бұл біз үшін дебюттік әлем чемпионаты. Қатысушылардың тізімін қарап шықтым. Мұнда кем дегенде 20-25 үздік жұп бар. Біз бірнеше жыл қатарынан ең мықтылардың жиырмалығынан табылғандар туралы айтып отырмыз. Біздің мақсатымыз – ырғақты билеп сырғанау. Жалпы, мен алаңдамай өнер көрсеткім келеді", - деді конькиші.

Айта кетейік, Гауһар Наурызовамен қатар Михаил Шайдоров, сондай-ақ Бойсангур Датиев жарыстарда Қазақстанның атынан өнер көрсетеді. Дегенмен, олардың барлығы Ресейде жаттығады. Мысалы, Михаил Шайдоров Сочиде, Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиев Мәскеуде.

Алайда  Михаил Шайдоров әлем чемпионатына қатыса алмайды. Себебі Франция елшілігі оған виза беруден бас тартты. Бірақ, Францияның Қазақстандағы елшілігі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтан виза алуға өтініш түспегенін хабарлады.

"Францияның Қазақстандағы елшілігіне Шайдоров мырзаға виза беру туралы өтініш түскен жоқ. Сондай-ақ елшілік Шайдоров мырзаға виза беруден бас тартқанын білмейді", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу