Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жаңа жарыс маусымына дайындық аясында АҚШ-қа жол тартты. Онда отандасымыз әлемге танымал бапкер Рафаэль Арутюнянмен кездесіп, алдағы маусымға арналған бағдарламасын әзірлеуге кіріседі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
21 жастағы спортшы Михаил Шайдоров АҚШ-та әлемдік деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеп келе жатқан тәжірибелі маман Рафаэль Арутюнянмен бірлесіп жұмыс істейді. Қазіргі таңда белгілі бапкер Калифорнияда еңбек етіп, әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушыларын жаттықтыруда. Оның шәкірттері қатарында Қазақстан атынан өнер көрсететін Софья Самоделкина мен америкалық спортшы Эндрю Торгашев бар.
Сонымен қатар Арутюнян Олимпиада чемпионы атануға басты үміткерлердің бірі саналатын Илья Малининнің ресми олимпиадалық штабының құрамына кіреді.
Сапар барысында Михаил Шайдоров тағы бір танымал маман – әйгілі хореограф Ше-Линн Бурнмен жұмыс жүргізеді. Ол қазақстандық спортшыға жаңа маусымға арналған бағдарламаны дайындап береді. Канадалық хореограф әлемдік мәнерлеп сырғанаудағы ең беделді мамандардың бірі саналады.