Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа жалақы қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындық шарттарына сәйкес төленеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның хабарлауынша, спортшыға 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық көлемде төленген.
Дирекция мәліметінше, Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін Михаил Шайдоровпен жаңа келісімшарт жасау жоспарланған.
"2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған болатын. Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр", – деді Спортты дамыту дирекциясы.
Ведомство мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындалатын барлық спортшыларға қатысты қолданылатынын атап өтті. Бұл ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландыру жүйесіндегі қалыпты рәсім саналады.
Сонымен қатар министрлік мемлекет тарапынан олимпиада чемпионына берілетін барлық қолдау толық орындалатынын жеткізді.
"Мемлекет спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайды. Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған", – деп мәлімдеді дирекция.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та Михаил Шайдоровқа төленетін жалақы мен сыйақы мәселесі бірнеше рет талқыланды.
Соңғы рет Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы жетістігінен кейінгі 5 ай жалақы алмағанын Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтты.