Маңғыстау облысының әкімі "Қазақстан барысы" атанған жас палуанға Tiggo 8 автокөлігін сыйға тартты

430

Маңғыстау халқы "Қазақстан Барысы" атанған Жантілек Нұртілепұлын әуежайда салтанатпен күтіп алды.  

Маңғыстау облысының әкімі "Қазақстан барысы" атанған жас палуанға Tiggo 8 автокөлігін сыйға тартты Фото: Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі

Чемпионды қарсы алу үшін Ақтау халықаралық әуежайына жерлестері жиналды. Олардың арасында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Астанада өткен жарыстың финалында маңғыстаулық балуан Жамбыл облысының өкілі Ғалымжан Қырықбайдан басым түсті. "Лабақ батыр" лақап атымен өнер көрсеткен Жантілек өзінің шеберлігін, күш-қайратын, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.

Жеңімпазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Президент Жантілектің жетістігі оның жоғары спорттық шеберлігі мен жеңіске деген қайсар жігерінің нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай беделді жарыстар қазақ халқының даңқты дәстүрлерін жаңғыртып, өскелең ұрпақты ұлттық спорт түрлерімен айналысуға ынталандыратынын айтты.

"Бүгін Маңғыстау өз батыры Жантілекті қарсы алып отыр. Ол жеңісімен өңіріміздің абыройын асқақтатып, Маңғыстау спортының тарихына жаңа бетбұрыс әкелді. Бұл тарихи жеңістің Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмай, Президент тарапынан жоғары бағалануы – спортшымыздың шеберлігі мен қайсар мінезіне, сондай-ақ ұлттық спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына берілген зор баға. Бұл жеңістің артында орасан еңбек, күнделікті жаттығу мен мықты рух тұр. Жантілек, тарихи жеңісің құтты болсын! Алда әлі талай биікті бағындыратыныңа сенемін. Бүкіл Маңғыстау сені мақтан тұтады!" – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау жұртшылығы "Қазақстан барысына" автокөлік табыстады. Жеңімпаздың жеке бапкері Қайрат Иманғазиевке де автокөлік берілді.

Бұл – Маңғыстау үшін тарихи жеңіс. Жантілек Нұртілепұлы өңір тарихында тұңғыш рет "Қазақстан Барысы" атағын жеңіп алып, Маңғыстау қазақ күресін республикалық деңгейдегі беделді бәсекенің ең биік тұғырына көтерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу