Маңғыстауда 10 мың көрерменге арналған жаңа стадионның құрылысы басталды

204

Жаңа стадион 17,29 гектар аумақты қамтиды.  

Маңғыстауда 10 мың көрерменге арналған жаңа стадионның құрылысы басталды Фото: gov.kz

Ақтауда жаңа көпфункционалды стадионның құрылысы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгін, 19 тамызда болашақ нысанның іргетасына уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.

Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, жеңіл атлетикадан КСРО чемпионы әрі жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Әмен Тұяқов, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар және қоғам өкілдері қатысты.

Жаңа спорт кешені 17,29 гектар аумақты қамтиды. Негізгі стадион 10 мың көрерменге есептелген.

Өлшемі 105×68 метр болатын футбол алаңы табиғи көгалмен жабдықталып, жылыту және жерасты дренаж жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Мұнда ұлттық және халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын өткізу жоспарланған.

Стадион Қазақстан футбол федерациясының талаптары бойынша 5-санатқа, ал UEFA стандарттары бойынша 4-санатқа сәйкес болады.

Кешенде жас спортшыларды даярлауға арналған футбол академиясы да салынады. Академияда 40 орындық жатақхана, асхана, шағын футбол залы, жаттығу және функционалдық залдар, медициналық және қалпына келтіру блоктары, оқу кабинеттері мен конференц-зал қарастырылған.

Сонымен қатар аумақта екі жаттығу алаңы салынады. Біріншісінің көлемі 60×40 метр және 600 көрерменге арналған трибунасы болады. Екінші алаңның көлемі 40×20 метр болып, 400 орындық трибунамен жабдықталады.

Жоба аясында автотұрақтар, бақылау-өткізу пункттері және инженерлік-қосалқы нысандар да бой көтереді.

Стадионның сәулеттік тұжырымдамасы Ақтаудың Каспий жағалауындағы ерекшелігін ескере отырып әзірленген. Нысанның дизайнында өңірге тән бейнелер мен нақыштар қолданылып, заманауи "Каспий інжу-маржаны" келбетін қалыптастыру көзделген.

Жаңа стадион өңірдегі футболды дамытуға, жас спортшыларды даярлауға және республикалық әрі халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу