Маңғыстаудың жұтаған малына Ақтөбеден азық келді

3958

Батыстағы малшы ауылдар әлден жұтай бастады. 

Маңғыстаудың жұтаған малына Ақтөбеден азық келді

Маңғыстау облысында қыс ортасына келмей жатып, мал аштан қырылып жатыр.

Алғашқы аяздарда бірнеше бас жылқы өлген болатын. Қуаң жаз бен пандемия халықтың қысқа ойдағыдай қамдануына мұрсат бермегендіктен, жергілікті әкімдік көрші өңірлерден көмек сұрап жатыр. Мысалы,  Ақтөбе облысымен 400 рулон шөп жеткізу туралы келісімшарт жасалып, қазіргі күні 140 рулон шөп жеткізілген екен. Осы келісім аясында Шетпе, Оңды ауылдарының шаруаларына 50 рулон шөп сатылыпты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының  мәліметі бойынша, қазір Маңғыстау ауданында 495 тонна жем, 1 вагон шөп қоры бар көрінеді. Тағы 1000 тоннадай жем жетуін күтіп отыр. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлдың айтуынша, шаруалардың жем-шөпті жылдағыдан аз жинауына адам күшінің аз болуы да әсер етіпті. Көршілес Атырау облысы сияқты, бұл жұмыстарды мұнда да еңбек мигранттары атқарып келген. Осы жазда пандемия жабылып, олар келмей қалған. 

Бұған дейін Оңды ауылының тұрғыны, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Жәнібек Қожық облыс әкімі Серікбай Трұмов пен "Қазақстан темір жолы" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа Facebook арқылы үндеу тастап, көмек сұраған болатын. 

"Біз қазір жем-шөпті жақын жерден, Ақтөбе облысынан сатып алып жатырмыз. Одан бөлек, Атырау облысы жақын, бірақ, онда да климат жағдайы бізбен бірдей, артық жем-шөп жоқ. Әрине, оңтүстік өңірлерден қосымша мал азығы келіп жатса, жаман болмас еді. Бірақ ол теміржолмен жеткенде бағасы он есеге дейін көтеріліп кетеді екен. Жүк көлігімен жеткізу мүлдем тиімсіз",  дейді Серік Қалдығұл. 

Маңғыстауда қазіргі күні сатылымда 1355,5 тонна жем бар. Тұрғындар бір рулонының бағасы 15 мың теңгеге дейін шарықтап кетті деп отыр. Дегенмен, аймақтағы "МаңғыстауМұнайГаз", "ӨзенМұнай", "ҚаражанбасМұнай"  сынды ірі компаниялар өзге облыстардан жем-шөп тасып, оның бағасын арзандату ісіне қол ұшын беруге кірісіп кетті. Алда әлі де қыстың бірнеше айы бар. Төрт түлікті көктемге аман-есен алып шығып, көкке іліктіріп жіберу үшін көп болып жұмылу керектігі қазірден-ақ белгілі болып отыр. 

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу