Маңғыстаулық кәсіпкерлер "ҚазТрансГазАймақ" компаниясына наразы

1348

Маңғыстау облысында бизнес нысандар мен тұрғын үйлерге газ желісін тартумен айналысатын кәсіпкерлер "ҚазТрансГазАймақ" АҚ жұмысына риза емес. 

Маңғыстаулық кәсіпкерлер "ҚазТрансГазАймақ" компаниясына наразы

Компанияның Маңғыстау облысындағы филиалы нысандарға газ қосу үшін рұқсат беретін 4 құжаттың орнына 15-ін талап етіп, іскерлерді әуре-сарсаңға салуын тоқтатар емес. Қағазбастылықтан шаршаған іскерлер заңмен белгіленген 4 құжат еліміздің басқа өңірлерінде жарамды болса да, неге Маңғыстауға жарамсыз екенін түсінбей дал. "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ның Маңғыстау өндірістік филиалы заңда көзделмеген құжаттарды, атап айтқанда, өтініш берушінің құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне тіркелген объектіні пайдалануға қабылдау актісін, газ тарату желілері мен газ тұтыну жабдықтарына техникалық қызмет көрсету шартын және т.б. қосымша 11 құжатты талап етуде. Соның салдарынан дайын тұрған нысандарды тапсыру кешіктірілуде екен.

"Компания өз құқықтарын асыра пайдаланып отыр. Олар халыққа емес, керісінше халық компанияға жұмыс істеп кетті. Бір Қазақстанның ішінде ортақ заң әртүрлі орындала ма? Мәселен, Түркістан облысында 4-ақ құжатпен газ желісі қосылып келеді. Бюракратиядан қашан арыламыз? Президент айтқан Жаңа Қазақстан қалай құрылады? Жүйенің бәрі ескіше күйде тұр. Компанияға барсақ, орталық аппарат шешеді деп шығарып салады. Ештеңе шешпейтін болса, Маңғыстауға филиалын ашып не қажеті бар? Қабылданатын құжат санын қысқартып, артық талаптарды алып тастауын сұраймыз. Бұл бизнеске де, халыққа да тиімді", – дейді кәсіпкерлердің заңгері Ерғали Жәнібеков.

"ҚазТрансГазАймақ" АҚ Маңғыстау өндірістік филиалы өкілдерінің айтар өз уәжі бар.

"Бізде нысан аяқталғанға дейін және кейін газ тарту үшін екі түрлі құжаттар жиналады. Қолданыстағы заңмен қатар компанияның ішкі бұйрықтары да бар екенін ескеру керек. Бізге бизнес өкілдері бірнеше рет хабарласты, бәрін түсіндіріп бердік. Бірақ ортақ мәмілеге келе алмай қойдық. Кәсіпкерлердің мақсаты – нысанды тезірек тапсыру болса, біздің міндетіміз –қауіпсіздікке жауап беру. Бұл жерде мақсат-міндеттер қайшылығы болып тұр. Осы туралы екі іс сотта қаралды, тағы біреуі сотқа берілді. Газ тасымалдаушы компания болғандықтан талаптарымыз күшейген", – дейді компания өкілдері.

Бұл мәселе үлкен талқыға түсті. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ерлан Қосжановтың айтуынша, кәсіпкерлердің арызы бойынша аталмыш компанияға жоспардан тыс үш рет тексеру жүргізілді. Заңбұзушылықтар анықталып, оларға қатысты екі нұсқама енгізілді. Соның негізінде іргелі компанияға 20 млн теңге айыппұл да салынған. Нұсқамалар мен айыппұл хаттамасы заңды күшіне енген жоқ. Өйткені "ҚазТрансГазАймақ" компаниясы құзырлы органның іс-әрекетіне талап арызбен сотқа жүгінген.Сот процесі барысында шығарылған құжаттардың орындалуы уақытша тоқтайды. Енді мәселенің нүктесін сот қоймақ.

 "Дөңгелек үстел басына тараптарды түгел жинадық. Ашық талқылау болды. Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ның өңірлік өндірістік филиалының қызметіне талдау жүргізеді. Нәтижелері бойынша "Атамекен" ҚР ҰКП-ның орталық аппаратына жолдаймыз. Осы мәселені республикалық кеңесте қарау үшін материалдар жіберу туралы ұсыныс қабылданды", – дейді Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Әмірғали Жанаев.

Бір топ кәсіпкер газ желісін қосу кезінде "ҚазТрансГазАймақтың" артық құжаттарды талап етуін тоқтатпайынша шағымдануды жалғастыра беретіндерін ашық айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу