Мао елінен Си державасына дейін

3258

Шілденің 1-де Қытай Коммунистік партиясы 100-жылдығын атап өтеді.  

Мао елінен Си державасына дейін

Осы аптада Қытай билігіндегі Коммунистік партия өзінің ғасырлық мерейтойын халықаралық аренадағы ықпалының өсіп келе жатуын, ел ішіндегі коррупциямен күрестегі жетістіктерін мадақтаумен атап өтейін деп жатыр.

Партия шенеуніктері болса, өзін Мао Цзэдуннан бергі Қытайдың ең қуатты лидері ретінде танытып, президенттік мерзіміне қойылған шектеулердің бәрін алып тастаған төраға Си Цзиньпинді 100-жылдық қарсаңында мейлінше әспеттеп жатыр.

Соңғы 40 жылда Қытай халқының тұрмысы айтарлықтай жақсарып, елдің  халықаралық аренадағы экономикалық және саяси салмағы арта түсті.

Көптеген елдер Бейжіңмен орнатқан қарым-қатынастардан пайда көргенімен, Қытай өзінің экономикалық ықпалымен кейбір мемлекеттерде  демократия мен адам құқықтарын бұзып жатыр деген пікір бар.

"Қытай Коммунистік партиясының халықаралық ықпалы мен тартымдылығы үнемі өсіп, оны әлемдік саясаттың алдыңғы қатарына шығарды", - дейді Компартияның сыртқы байланыс бөлімі басшысының орынбасары Гуо Ежоу журналистерге медиа-орталықтың ашылуында берген баспасөз конференциясында.

92 миллион мүшесі бар әрі билікті мықтап ұстап отырған партия шетелге оқу немесе бизнес үшін, болмаса, басқа себептермен кеткен қытайлықтарға да ықпалын жүргізуге ұмтылды. Мұндай жағдайлар Австралияда, АҚШ, Ұлыбритания және тағы басқа батыстық демократиялық мемлекеттерде орын алған.

Бұл елдер Қытай экономикасымен тығыз байланыста болғанымен, олардың ұстанымы Бейжіңнің авторитарлық идеологиясымен және оның Гонконг, Шыңжаң және Тибетке қатысты саясатымен қайшылықта.

Гуо мұндай алаңдаушылықтарды ескермесе де, партияның қызметі Қытайдың сыртқы саясатының негізгі құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

Си сыбайлас жемқорлықпен күресті және өзіне адалдықты 9-жылдық қызметінің бетке ұстар жетістігі етті.

"Оның билігі тұсында қызметтік заң бұзушылықтар үшін 800 000-ға жуық лауазымды адам тергеліп, жауапқа тартылған. Солардың 392-сі -  провинциялық, министрлік деңгейіндегілер және одан да жоғарылар . Сыбайлас жемқорлықпен күрес табысқа жетіп, қоғамға тамырын тереңге жайды", - дейді Компартияның сыбайлас жемқорлықты қадағалау органы - Тәртіптік инспекция жөніндегі орталық комиссия басшысының орынбасары Сяо Пэй.

Биліктегі партия 1912 жылы Цинь династиясы ыдырағаннан кейін, – он жылға жуық уақыт өткенде, - 1921 жылы құпия жағдайда құрылды. Ол өзінің алғашқы сессиясын Шанхайдағы қыздар мектебінде өткізіп, кейінірек жергілікті әскери басшының агенттерінен қашып, көлде тұрған қайыққа көшті.

Партия күрескер деген беделіне алдымен Чан Кайши ұлтшылдарымен, содан кейін жапон басқыншыларымен соғыста ие болып, Маоның жетекшілігімен 1949 жылғы азаматтық соғыста ел билігін басып алды. Чан Тайванға қашып, ол аралды демократияға айналдырса, коммунистердің әскери қанаты Тибет пен басқа да шет аймақтарға бақылау орнатты.

1976 жылы Мао қайтыс болғаннан кейін Компартия авторитарлық маркстік-лениндік басқару жүйесін сақтап қалса да, марксистік экономиканы біртіндеп тоқтатты.

Кеңес блогындағыдай коммунизмнің күйреуіне жол бермей, 1989 жылы демократияны талап еткен толқуларға танкілермен тойтарыс бере отырып, бұл партия экономикалық өсімді қамтамасыз етті және саясаттағы бөтен ой-пікірді жаныштап бақты.

"100 жыл ішінде біздің партия әрдайым марксизмді ұстанды. Ал, Горбачев дәуіріндегі Кеңес Одағы демократиялық социализмді жақтап, плюрализмді ұстанды ... сондықтан ол сәтсіздікке ұшырады". – деді партияның Тарих және әдебиет институты директорының орынбасары Чжан Ши сәрсенбі күні шетелдік журналистермен өткен кездесуде.

2012 жылы партия басшылығына Си Цзиньпин келгеннен кейін, Қытай Оңтүстік-Қытай теңізіндегі территориялық даудағы позициясын қатаңдатып, "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен талай елде порттар, электр станцияларын, теміржолдар мен өзге де нысандарды салып, халықаралық экспансиясын кеңейтуге тырысып келеді.

Қытай технологиясының өркендеуіне ерекше назар аудара отырып, Си таяуда елдің жаңа ғарыш стансасына ұшып барған үш ғарышкермен сөйлесіп, олардың миссиясын "адамзаттың космосты бейбіт мақсатта пайдалануына қосқан новаторлық үлесі" деп бағалады.

Партия мерейтойынан бөлек, Си Қытайға Шығыс Азиядағы мәдени, экономикалық және саяси билік орталығы деген рөлін қайтару жөнінде жаңа мақсаттар қойып отыр. Осы сөздері үшін "Синьхуа" агенттігі мен басқа да мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Сиді үйде де,шетелде де мадақтады.

Сидің басшылығымен партия "келесі ғасырда жаңа әрі жарқын саяхатқа аттанады", - дейді Синьхуа.

Қытайдың еселенген байлығы елдің инфрақұрылымын жаңартып, әскерін модернизациялап, ғарыштық бағдарламасын Ай мен Марсқа зонд қондыруға дейін жетеледі. Қытай - әлі күнге дейін орташа табысты ел. Бірақ, көлемі жағынан әлемнің екінші экономикасы супердержава ретінде АҚШ-қа қарсы тұратын күшке айналды.

Партия ұзақ уақыт бойы дамып, екінші ғасырға аяқ басайын деп отыр. Ол өзінің басқару моделін басқа елдерге экспорттау ниеті жоқ екенін алға тартып отыр. Алайда, кейбір сарапшылардың пікірінше, Қытай осылайша көтеріле беретін болса, ол "қырғи-қабақ" соғыста жеңіске жетіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірде үстемдік құрған Батыстың демократиялық моделіне қарсы тұрмақ.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу