Мария Агапованың келесі жекпе-жекті қашан өткізетіні белгілі болды

1491

UFC-де ең жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық Мария Агапова (10-2) келесі жекпе-жегін украиналық Марина Морозға (10-3) қарсы өткізеді.

Мария Агапованың келесі жекпе-жекті қашан өткізетіні белгілі болды

Кездесу 2022 жылдың 5 наурызына жоспарланған және UFC 272 турнирі аясында өтеді.

"Павлодарда өскендер Аяздан (Мороз) қорықпайды. 5 наурызда Лас-Вегаста UFC 272. Роджер бұл келісім-шартты өте ауқымды деп отыр. Біз жаттығып, дайындаламыз. 5 наурызда Маринадан басқаның барлығының көңілін көтеруге тырысамын" – деп жазды Агапова өзінің инстаграм парақшасында.

Бұған дейін 30 жастағы Мороз American Top Team жаттығу залында бұрын бірге клуб сапында өнер көрсеткен 24 жастағы Агаповамен жанжалдасқан болатын. Украиналық спортшы қыз Мария Агапованы есірткі пайдаланды, полициямен мәселелері бар, тіпті пышақпен шабуыл жасады деп айыптады.

Қазан айында Агапова Сабина Мазоны (9-3) жеңіп, промоушендегі үш жекпе-жектегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Жеңіске жеткеннен кейін қазақстандық спортшы қыз Морозға үндеу тастады. Ал Марина бұл шақыртуға көп ойланбай, бірден жауап берді. Бір сөзбен айтқанда, украиналық Марина Морозова барлық жеке мәселелерді бетпе-бет октоганда шешуге келісті.

Агапова үшін бұл UFC-дегі төртінші, ал тәжірибелі Морозға келер болсақ, ол промоушндағы тоғызыншы жекпе-жегін өткізеді. Мария соңғы кездесуін екі ай бұрын өткізсе, Марина 2020 жылдың наурыз айынан бері жекпе-жек өткізбеген. Айта кетейік, 2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық файтерлер арасында Агапова UFC-де ең көп сыйақы алған екен.

UFC 272 турнирі 5 наурызда Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді. Қазіргі таңда турнир аясында тағы екі кездесу өтетіні белгілі болды. Осыған дейін жеңіліп көрмеген Брайс Митчелл (14-0) тәжірибелі Эдсон Барбосамен (22-10), ал Джессика Ай (15-10-0-1) Манон Фиоромен (8-1) кездесетіні белгілі болды. Бұл жекпе-жектердің барлығы жеңіл салмақ бойынша өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу