Бұл бизнесті ұйымдастырушылардың елді еліктірген уәделеріне сенуге бола ма, мұның қандай көзбояушылық тұстары бар және осындай сатып алулар өзін-өзі ақтай ма? inbusiness.kz соны анықтауды жөн көрді.
Саудаға емес, лотереяға көбірек ұқсас
Қазақстанда, Ресейде және ТМД-ның басқа да елдерінде жаңа тренд қарқын алып келеді. Онда электронды коммерция алпауыттарына қайтарылған, жолай жоғалды деп танылған немесе клиент тарапынан талап етілмеген шетелдік тапсырыстар толы, жабық паллеталар мен қораптарды сатып алу ұсынылады.
Осының негізінде TikTok пен YouTube желілерінде вирустық видеолар қаптады. Онда блогерлер және қарапайым адамдар "распаковка" жасап, әлдебір қораптың ішінде не бар екенін көрерменмен бірге білу үшін экран алдында ашып жатады.
Ал осындай жұмбақ қорапты сатушылардың уәдесі бойынша оның ішінен брендтік киім мен ыдыс-аяқтан бастап смартфон, ноутбук, тұрмыстық техника немесе электрлі самокатқа дейін – кез келген қымбат зат шығуы мүмкін. Жарнама соңында "сатып алуға кеткен ақшасын екі, үш, тіпті бес есе қайтарып үлгерген клиенттердің" әңгімелері беріледі.
Хабарландырулар "жаңа тауарға толы паллеталар", "фура оптом", "распаковка", "паллета селл", "мистери бокс" сияқты тартымды сөздерден басталады. Мұндай жиынтықтардың бағасы 100 мың рублге дейін жетеді.
Құпия қораптарға деген сұраныстың көрігін Авито сияқты алаңдар, телеграм-каналдар және тақырыптық пабликтер қыздыруда. Бұл ретте ақысын төлегенге дейін паллеталар мен қораптардың ішіне үңілуге тыйым салынады.
Сатушылар Mystery Box тұжырымдамасы осыны талап ететінін алға тартады: клиенттер сюрприз, таңдану, әсер алу үшін ақша төлейді.
Жабық қораптарда шын мәнінде нені жасырады?
Сарапшылар жүргізген зерттеулер, әлеужелідегі видеолар паш еткендей, құпия бокстардың ішкі "мазмұны" көбіне үмітті ақтай бермейді екен. Күтілген қымбат смартфондардың, брендтік кроссовкалар мен жаңа гаджеттердің орнына жаңа иелері көп жағдайда сұранысқа ие емес масс-маркеттің көң-қоқырын ғана табады: галош сияқты сапасы күмәнді қарапайым аяқ киімдер, пластмасса гүлдер, арзан бижутерия жиынтықтары, иісі қолқаны қабатын ойыншықтар, қоқыс шелектері және басқасы салынған болып шығады.
Әрине, әртүрлі заттан құралған кездейсоқ жиынтықтың жалпы құны қорапқа немесе паллетаға төленген ақыдан асып түсуі мүмкін. Алайда бұл көр-шөрден мол табыс табу қиын. Егер "1000 ұсақ-түйек" форматындағы дүкеніңіз болмаса, осы әртүрлі затты әлеужелі арқылы, не көшеге жайып, немесе көрші-қолаңға тез өткізе алуыңыз қиын.
Оның үстіне, тауардың шектеулі ассортименті, төмен сапасы, клиентке жеткізу шығыны, хабарландыру орналастыруға кеткен уақыт пен қаржы ықтимал пайданың көлемін күрт азайтады.
Қаптамалардағы штрихкодтар мен таңбалар да тұтынушыларға тауардың қайдан шыққанын әшкерелейді. Бұл – негізінен China Post халықаралық пошта жөнелтілімдері жүйесінен келген арзан тауар, сондай-ақ қытайлық селлерлердің қоймаларында қалып қойған ескі қорлар. Оларға затын шекара арқылы кері қайтарып, шығынға батқаннан гөрі оларды біріктіріп, көтерме бағамен өткізіп жіберген әлдеқайда тиімді.
Қораптар мен паллеталарды сатушылар қолма-қол ақшаны жақсы көреді. Тіпті қолма-қолсыз сатқанның өзінде чек бермейді, немесе қандай да бір жүкқұжат рәсімдеуден бас тартады.
"Бұл – маркетплейстердің сатып алушылар бас тартқан тауарлары. Оларды шекара арқылы қайтару тым қымбатқа түседі. Сондықтан тауарлар Ресейде біраз уақыт сақталып, кейін кәдеге жаратылатын зат ретінде қайта сатылады. Төлемді қолма-қол немесе аударым арқылы қабылдаймын", – деді әлеужелі арқылы қорап-қорап "мистери бокс" сатушы Сергей.
Басқа компанияда "тауарды кімнен аласыз?" деген сұраққа менеджер Василий: "Ozon-нан. Біз Ozon сұрыптау орталығымен ынтымақтасамыз. Бізге паллеталар дайын, жабық күйінде келеді. Ішінде не барын өзіміз де білмейміз. Бұлар кері қайтарылған тауарлар мен күші жойылған тапсырыстар. Бірақ егер қорап ішінен ақаулы тауарлар шықса, оларды кері қайтара алмайсыз!", – деп жауап берді.
Mystery Box экономикасын "Фонтанка" порталы тәжірибе жүзінде тексеріп көрді. Журналист жеке сатушыдан 4 295 рублге жұмбақ қорапты сатып алды. Ішінен 44 зат шықты: 4 жұп аяқ киім, туристік төсеніш, үй киімдерінің жиынтығы, газ сүзгісі, сынған жарықдиодты шам, көкөніске арналған торшалар және басқа да ұсақ-түйектер. Бұл ретте 16 тауардың Ozon этикеткасы болса, 15-інде China Post белгісі тұр. Қалғандарының қайдан алынғаны белгісіз.
Ресейлік ірі маркетплейстер ресми түсініктемелерінде мұндай бизнеске еш қатысы жоқтығын айтып, ат-тонын ала қашты. Ozon компаниясы өзінен басқа, бөгде алаңдарда тауарларды қайта сатуға қатысы жоқ екенін мәлімдеп, ішінде нақты не бары белгісіз паллеталар мен қораптарды сатып алмауға кеңес берді.
"Озондағылар" егер тауарды сатылымға қайта шығару мүмкін болмаса, оны утилизациялау үшін соған маманданған ұйымдарға беретіндерін жеткізді. Кәдеге жаратушы компаниялар ол өнімдерді жойғанын фото, видеоға түсіріп, растауы шарт. Ережелер бұзылған жағдайда компания ол серіктесімен ынтымақтастықты тоқтатады екен.
Wildberries компаниясы бөтен саудагерлердің қоймалардан тауарларды шынымен де алып кете алатынын, бірақ тек өзі сатып алу немесе кәдеге жарату үшін ғана ала алатынын хабарлады. "Wildberries бұл процесті қадағалап отырады және кәдеге жаратуды тек арнайы бөлінген орындарда ғана жүргізеді", – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Бірақ маркетплейстардың сынған, ақаулы, өтімсіз тауарларын да көтерме сатылымға қоятыны анықталды. Мысалы, Bidzaar электронды сауда алаңында "Возвраты_ТВ" белгісі бар Ozon лоты болды. Тауарлардың бөлшек сауда құны 156 мың рублді құраса, бастапқы бағасы 19 мың рублден басталған.
Бірақ бұл "мистери-бокс" емес: мұнда сатып алушы не үшін ақша төлеп жатқанын біледі. Лоттың құрамы зақымдалған тауарлардан тұрады: корпусы майысқан және есігі жабылмайтын Electrolux духовка шкафы, әйнегі сынған Gefest газ духовкасы, экраны сынған Hartens теледидары, ақаулары мен сызаттары бар Haier су жылытқышы. Бұл енді лотерея емес, өтімсіз тауарлардың нарығы.
Әлемдік кәдеге жарату тәжірибесі және қазақстандық заң
Әлемдік тәжірибеде талап етілмеген тауарлар партиясын және қайтарылымдарды сату бұрыннан өркениетті арнаға қойылған. Ол ТМД елдеріндегі жартылай заңсыз схемалардан түбегейлі ерекшеленеді.
АҚШ-та талап етілмеген қойма бокстарын, паллеталар мен чемодандарды аукциондарда сатады. Ал, бөлшек саудагерлер кері қайтаруды B2B-платформалар арқылы жүзеге асырады.
Мысалы, американдық Costco желісі паллеталар мен қайтарылымдарды "жаңа күйде", "кәдеге жаратуға арналған" сияқты бірнеше санатқа бөліп, топтастыратын B-Stock Solutions қызметін пайдаланады. Тиісінше, сатып алушы тауардың тозу дәрежесі мен тәуекелдерін біледі.
Осыған ұқсас, шетелде тәркіленген теңіз контейнерлері немесе борышкерлердің қойма ұяшықтары да аукциондар арқылы саудаға қойылады. Онда инвесторлар лоттарды қолға ұстамайды, бірақ ашық каталогтар немесе визуалды тексеру арқылы бағалайды.
Қазіргі кезде Қазақстанның заңнамасында "мистери бокс" не "жұмбақ қорап" деген ұғым мүлдем жоқ. Бірақ бұл бизнесті жауапкершіліктен босатпайды. Заңгер Әнуар Рысбекұлы түсіндіргендей, бұл салаға да азаматтық заңнаманың жалпы нормалары мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы салалық заң толық көлемде қолданылады.
"Сатушылардың басты қателігі – ойын-сауық форматындағы мәмілеге ешқандай заң талаптары қолданылмайды деп ойлайды. Сатып алушыларын да соған сендіреді. Мысалы, жабық қорап ішінен ақаулы зат шықса, кері қайтара алмайсыз дейді. Бірақ "ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 10-шы және 25-баптарына сәйкес, азаматтар сатып алмас бұрын өнім туралы толық және дұрыс ақпарат алуға құқылы. Демек, қорапты ашуға тыйым салуы заңсыз. Осы заң бойынша сатушы төлем жасамас бұрын тұтынушыны тауарының атауы, құрамы, жарамдылық мерзімі мен жиынтығы туралы хабардар етуі шарт. Ал, толық тұмшаланған жұмбақ паллеталар сату тәжірибесі тұтынушылардың ақпарат алу құқығын тікелей бұзады", – деді заңгер.
Егер мерзімі өткен тауар, ақаулы немесе пайдалануға жатпайтын заттар анықталса, сатып алушы оны басқа тауарға ауыстыруды немесе ақшасын кері қайтарып беруді талап етуге толық құқылы. Заң соның жағында.
Дегенмен, өмірде бәрібір кедергілер туындайды. Өйткені "мистери бокстар" негізінен, Ресейден келеді. Мұндай жағдайда шетелге, РФ тұрғынына аударылған немесе қолма-қол берілген ақшаны қайтару мүмкін болмай жатады. Оны қайтару үшін адам РФ-қа барып, соның сотына жүгінуі қажет.
Салдарынан жұмбақ заттар салынған қораптар, паллеталар мен чемодандар нарығы мемлекеттің емес, психологияның заңдарына бағынуда: пайдакүнемдер олжаға кенелуге іңкәрланған, тосыннан ұтысқа шығуға ынтыққан "қазына іздеуші" адамдардың құмарлығын өз пайдасына жаратады.