Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда төрт есе көп және соңғы он жыл аралығындағы ең жоғары көрсеткіш саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты астық жеткізу бағыттарының кеңеюі мен жаңа көлік-тасымал тетіктерінің қолданылуы нәтижесінде артқан.
– Астық шетелдік серіктестерге тікелей де, сондай-ақ делдалдар арқылы да жөнелтілді. Оның ішінде фермерлердің сыртқы нарықтарға шығуын жеңілдететін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын біріктіру бағдарламасы аясындағы жеткізілімдер бар.
Сонымен қатар, ұлттық оператор үшін ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала берді. Ең алдымен, астық отандық ұн өндіруші кәсіпорындарға, мал және құс шаруашылықтарына, сондай-ақ өңдеу зауыттарына жеткізілді, – деп жазады Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайты.
Қазақстаннан экспортталған астықтың жалпы көлемінде корпорацияның үлесі 8,9 пайызды құраған. Бұл компанияның стратегиялық маңызы бар ұлттық жеткізуші ретіндегі мәртебесін айқындайды. Аталған кезеңде астық әлемнің 12 еліне жөнелтілді. Дәстүрлі өткізу нарықтары қатарында Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Қытай бар. Экспорттың негізгі өнімі – үшінші сыныпты азық-түліктік бидай болды.
Сонымен бірге жаңа экспорттық бағыттар игерілді. Марокко, Алжир, Мысыр және Вьетнам елдеріне 143 мың тоннадан астам астық жөнелтілген. Иран, Әзербайжан және Грузия бағытындағы жеткізілім көлемі 62 мың тоннаны құрап, Қазақстанның осы нарықтардағы қатысуын қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін жаңа көлік дәлізі бойынша алғаш рет Арменияға сынамалық астық партиясы жіберілді.
– Маңызды жетістіктердің бірі – күрделі көп құрамды тасымал бағыттарының игерілуі болды. Марокко мен Вьетнамға астық жеткізу барысында теміржол арқылы теңіз порттарына контейнерлік тасымалдар ұйымдастырылып, одан әрі теңіз кемелеріне қайта тиелді.
Экспорт көлемінің артуына көлік шығындарын мемлекет тарапынан өтеу шаралары да оң әсерін тигізді. Бұл жеткізілімдердің тиімділігін арттырып, ішкі нарықтағы астық бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өңдеуші кәсіпорындар үшін экспорттық партияларды біріктіру бағдарламасы баламалы құрал ретінде қолданылады, – делінген хабарламада.