Машина жасау саласы өңдеу секторының көшбасшысына айналды – Қасым-Жомарт Тоқаев

7343

Осыдан бір жыл бұрын Үкімет басшысының өкімімен бекітілген машина жасау саласын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы көп күттірмей нақты нәтиже көрсетті.  

Машина жасау саласы өңдеу секторының көшбасшысына айналды – Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұлай деуімізге Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың: "2020 жылдың 9 айында машина жасаушылар өндіріс көлемін 17%-ға ұлғайтты", – деген мәлімдемесі негіз болды.

Басқарма төрағасының айтуынша, индустрияландырудың соңғы 10 жылында машина жасау саласында өндіріс көлемі – 4, инвестиция көлемі – 2,5, экспорт көлемі – 3 есе өсті.

Біле жүріңіз, машина жасау саласын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы бірлесіп әзірледі. Стратегиялық құжатқа өндіріс қуатын арттыру, импортты шектеу, жергілікті үлесті ұлғайту сынды маңызды міндет жүктелді. 

"Машина жасау саласының өнімі ішкі нарықты ғана қамтамасыз етіп қоймай, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркменстан, БАӘ елдеріне экспортталып жатыр", – деді Мейрам Пішембаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарының бірінде. 

Айта кетейік, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында ақша эквивалентінде 1 млрд 183 млн 500 мың теңгеге жетті. Ал машина жасау үлесі өңдеу өнеркәсібінде – 12,9%-ды, жалпы өнеркәсіпте – 6,2%-ды құрады.

Президент сенім білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында онлайн режимде өткен Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумына қатысушыларға құттықтау хат жолдады.

"Құрметті форум қатысушылары! Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумының ашылуымен құттықтаймын. Форум мемлекет пен бизнестің жүйелі диалогына, машина жасау саласының өзекті мәселелерін шешетін сұхбат алаңына айналды. Биыл шаралардың басым бөлігі онлайн режимде өтіп жатыр. Форум аясында машина жасау және металл өңдеу бойынша І халықаралық мамандандырылған Kazakhstan Machinery Fair 2020 онлайн көрмесі ашылған", – делінді Президенттің құттықтау хатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев саланың жетістігіне назар аударған екен. Бұл туралы құттықтау хатта: "Пандемияның салдарынан болған күрделі экономикалық кезеңге қарамастан, отандық машина жасау саласы жақсы өсім көрсетіп отыр. Осы көрсеткіш бойынша машина жасау елдің бүкіл өңдеу секторында көшбасшы орынға шықты", – деп нақтыланды.

Форумда Президенттің Қазақстан машина жасаушыларына білдірген сенімі жария болды.

"Жаңа жағдайдағы Қазақстанда машина жасау саласы қарқынды дамуын жалғастыратынына сенімдімін. Саланың мүмкіндігі өндірісті кеңейтуге және экспортты арттыруға жетеді. Барлықтарыңызға жемісті жұмыс және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуді тілеймін!", – делінді Мемлекет басшысының құттықтау хатында. 

Министрдің мәлімдемесі
Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мемлекет пен бизнестің бірігіп жұмыс істеуінің нәтижесінде машина жасау саласында 128 жоба жүзеге асырылғанын айтты.

"Құны 367 млрд теңгені құраған жоба аясында 16 мың жұмыс орны құрылды. Еңбек өнімділігі 9,2 мың доллардан 15,5 мың долларға өсті. Өндірілетін өнім номенклатурасы кеңейтіліп, локомативтер, аккумуляторлардың жаңа түрлері, жолаушылар және жүк вагондары шығарылатын болды", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Министр болашақта Саран қаласында автобус және шина шығаратын 2 зауыт салынатынын мәлімдеді.

"Саран моноқаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту үшін жаңа типті автобустар мен Yutong арнайы техникасын шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ шина шығаратын зауыт құрылысын бастау туралы келісімге қол қойылды", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның сөзінше, кәсіпорын жеңіл автокөліктер үшін жылына 3 млн, ал коммерциялық техника мен автобустарға арнап 500 мың шина шығарады.

"Осы 2 жоба Саран қаласында 2 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Демек халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның сөзінше, елімізде сатылған 2 көліктің бірі отандық өнім.

"Машина жасау саласында автокөлік жасау саласы қарқынды дамып келеді. Сектор дәнекерлеу мен бояу бойынша жаңа технологияларды енгізу арқылы ірі торапты құрастырудан шағын торапты құрастыруға өтті. Мұндағы локализация деңгейі 40%-ға өсті. 10 жылда өндіріс көлемі 25 есе, инвестиция көлемі 14 есе артты. Бүгінде елімізде сатылған әр екінші көлік отандық өнім. Бұл тамаша көрсеткіш", – деді министр.

Халықаралық орталық құрылады
Биыл Мемлекет басшысының машина жасау саласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл бастамаға Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйытқы болды.

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығын құру отандық тауар өндірушілерге қосымша қолдау болады және оларды мұнай-газ жобалары операторлары өткізетін сатып алуға барынша тартуға ықпал етеді.

"Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 5 жылда кемінде 1,5 есе ұлғайтуға және отандық өңделген өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді", – деді Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы.

Автокөлік экспорты 100% орындалды
Қазақстан автобизнес қауымдастығының дерегінше, 2020 жылдың 9 айында елімізде 49 384 көлік құралы шығарылды. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,3%-ға көп көрсеткіш.

Автоөндірушілер арасында "СарыарқаАвтоӨндіріс" көш бастады. Биыл аталған зауыттың конвейерінен 26 092 бірлік жеңіл және жүк көліктері сондай-ақ автобустар шықты. Ерекше атап көрсетерлігі, "СарыарқаАвтоӨндіріс" кәсіпорны ЕАЭО елдері мен жақын шетелге жалпы құны 38,2 млрд теңгені құрайтын 5 474 автокөлік экспорттады. Осылайша автоөнеркәсіп саласындағы экспорт көрсеткішін 100% орындады.

"Азия Авто" кәсіпорны 18 996 бірлік жеңіл автомобиль құрастырды. Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнының жаңа зауыты 3 099 автокөлік өндірді. "СемАЗ" 1 986 бірлік коммерциялық техниканы қолданысқа берді. "КАМАЗ Инжиниринг" 779 жүк көлігін шығарса, Hyundai Trans Auto 347 коммерциялық автокөлік құрастырды. Ал Daewoo Bus Kazakhstan нарыққа 343 бірлік техника жөнелтті.

Биыл наурыз айында Қостанай қаласында Chevrolet автокөліктерінің өндірісі қолға алынды. Тамыз айында осы бренд нарықта ең көп сатылған автокөліктердің қатарына қосылды. Осы уақытта Қостанайда өндірілген автокөліктердің бір бөлігі Ресейге экспортталды. Айтпақшы биыл Алматыдағы Hyundai кәсіпорнының жаңа зауытында дәнекерлеу және бояу цехтары іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты бастапқыда жылына 30 мың бірлік, одан кейінгі кезеңде жылына 45 мың бірлік көлік құралын құрастыруға жетеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу