Мәскеу тағы бір елдегі ықпалынан айрылып қалғалы тұр

120

Әлемде кезекті бір мемлекетте соғыс басталды: кескілескен шайқастар жүруде.  

Мәскеу тағы бір елдегі ықпалынан айрылып қалғалы тұр Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Неміс журналисті Лиза Ламбрехттің хабарлауынша, Батыс Африкада орналасқан Малиде көтерілісшілердің кең ауқымды әрі сұрапыл шабуылдарынан кейін елдің Қорғаныс министрі Садио Камараның қаза тапқан және Ресей күштері Кидаль қаласын тастап шыққан.

Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, сондай-ақ РФ-тің "Африка корпусына" тиесілі тікұшақ атып түсірілген, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Малидегі туарег төңкерісшілдері "Ислам мен мұсылмандарды қолдау тобы" (JNIM) жиһадшыларымен одақтаса отырып, елдегі билеуші әскери хунтаның күштеріне қарсы бас көтерді. Жексенбіде бірқатар ақпарат агенттіктері Ресей Федерациясының негізгі одақтастарының бірі саналатын Мали Қорғаныс министрі Садио Камараның қаза тапқанын хабарлады.

Камараның отбасы мүшелеріне және Үкіметтегі төл дереккөздеріне сілтеме жасап AFP агенттігі жазғандай, министр, оның екінші әйелі және екі немересі ел астанасы Бамаконың маңында, билеуші әскери хунтаның бекінісі саналатын Кати қаласындағы резиденциясының жанында автокөлік жарылысы салдарынан қаза тапқан.

Агенттіктің дерегінше, 25 сәуірде басталған қарулы қақтығыстар көптеген аймақтарда жалғасуда. Соғыстың негізгі ошақтары елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы Гао, Севарэ және Кидаль қалаларында қалыптасыпты.

Ресейлік жалдамалылар неге шегінуде?

Туарегтердің "Азавадты азат ету майданы" (FLA) көтерілісшілер тобы сенбі, 25 сәуірде 2023 жылдан бері үкіметтік күштердің бақылауына өткен өздерінің бұрынғы бекінісі – Кидаль қаласын басып алып, кері қайтарғандарын хабарлады. Ғаламторды бұл шаһардан шұғыл қашып жатқан ресейлік бейресми күштердің көліктері бейнеленген видеолар кезіп жүр.

26 сәуірде туарегтер Малидің әскери хунтасын қолдайтын ресейлік жалдамалылармен "келісім" жасалғанын жариялады, оған сәйкес Мали армиясы мен олардың "Африка корпусындағы" ресейлік одақтастары Кидаль ауданындағы қоршауда қалған лагерьден шығып кете алады.

Дегенмен, "Африка корпусымен" байланысты ресейлік Telegram-арналар әскерлердің қаладан еркін шыға алатынына қатысты түсініктеме берген жоқ. Германиялық "Дойче Велле" басылымы жазғандай, өткен тәуліктегі шайқастар туралы мәліметте тек Кидальдағы бірнеше сыртқы бекеттердің "эвакуацияланғаны", ал, "бөлімшелердің бір бөлігі қайта топтасып, елді мекен ішіндегі қолайлы позицияларға шегінгені" көрсетілген.

Ресейлік тікұшақ неге құлады?

Соғысты жақтайтын ресейлік Telegram-арналар сонымен қатар Малидегі көтерілісшілер ішінде ресейлік жалдамалылар бар "Африка корпусының" тікұшағын атып түсіргенін жариялады.

"Экипаж және борттағы мобильді атқыштар тобы қаза тапты. Алдын ала себеп – зениттік зертханалық кешенмен сырттан атып  түсіру", – деп жазды Ресейдің Әуе-ғарыш күштерімен байланысты "Fighterbomber" z-арнасы.

Бұл ақпаратты басқа да соғысшыл арналар таратуда, бірақ оған әзірге Мәскеу ресми мәлімдеме жасамады.

ЕО мен БҰҰ соғысты айыптады

Малидегі "жиһадшылардың" және туарегтердің үйлестірілген шабуылдарын Еуропалық Одақ пен БҰҰ айыптады.

"Біз терроризммен күресуге деген табандылығымызды және Мали мен бүкіл Сахель аймағындағы бейбітшілікке, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа адалдығымызды растаймыз", – деп мәлімдеді ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Малидегі зорлық-зомбылық әрекеттеріне терең алаңдаушылығын білдірді. Ол Сахельдегі "зорлық-зомбылық экстремизміне және терроризм қаупіне қарсы тұру" үшін үйлестірілген халықаралық қолдау көрсетуге шақырды.

2021 жылғы төңкерістен кейін Малидің тізгінін қолына алған өтпелі кезең президенті Ассими Гоита бастаған әскери хунта содан бері табан аудармай, билік етіп келеді. Өзіне қарсы оппозицияны басып-жаншу үшін билік Ресеймен және Малиде "әскери кеңесшілер" деген мәртебеге ие "Вагнер" жеке әскери компаниясымен тығыз байланыс орнатты.

2025 жылдың маусымында Ресейде көшбасшыларынан бір мезгілде айрылып қалған вагнерліктер Малиден де кететінін жариялады: CNN хабарлауынша, олардың орнын Ресей Қорғаныс министрлігінің "Африка корпусы" басты. Малидегі ресейлік жалдамалылар бірнеше рет бейбіт тұрғындарды өлтірді деп айыпталған болатын, деп жазды DW.

FT басылымы да көтерілісшілердің жойқын соққылары Малидегі Ресей қолдауындағы режимге үлкен қауіп төндіріп тұрғанына назар аудартты: Украинадағы соғысынан бас көтере алмай жатқан РФ ол жаққа ауқымды күш жібере алмауда екен.

"Төңкерісшілдер елдегі Ресей қолдайтын режимге қарсы соңғы жылдардағы ең батыл шабуылдарының бірін бастаған кезде, ел қалаларында кескілескен ұрыстар бұрқ ете қалды. Ел астанасы Бамако және биліктің қарулы күштерінің негізгі командалық орталығы орналасқан Кати қаласы, сондай-ақ елдің солтүстігіндегі ірі қалалар соғыс өртіне орануда. Шабуыл сенбіде, 25 сәуірде басталды және ол "Джамаат Нусрат аль-Ислам валь-Муслимин" (JNIM) жиһадшылар тобы мен "Азавадты азат ету майданының" (FLA) туарегтері арасында үйлестірілген болуы мүмкін. JNIM тобы Малидегі әскери режимге қарсы жылдар бойы күрес жүргізіп келеді", – деп жазды америкалық басылым "Файнэншл Таймс".

Бонн халықаралық жанжалдарды зерттеу орталығының сарапшысы Иван Гишауа бұл шабуылдың ауқымын "бұрын-соңды болмаған, теңдессіз" деп бағалады.

"Бұл соңы емес, тек басы ғана. Бас көтерушілердің дайындығы қайран қалдырады. Олар жылдар бойы арнайы үйретілген, заманауи қару-жарақпен нығайтылған үкіметтік және шетелдік әскерлерді талқандауда. Осы кезге дейін қол жеткізген жетістіктерінің өзі айтарлықтай нәтиже болып табылады", – деді сарапшы.

Еске сала кетсек, өткен ғасырдан бері төл отары ретінде бұл елдегі қауіпсіздікті Франция қамтамасыз етіп келді. Алайда 2021 жылы әскерилер ресейлік бейресми күштердің қолдауымен билікті басып алып, 2022 жылы француз әскери күштерін кетуге мәжбүр етті. Содан бері елден тыныштық кетті.

FT бастапқыда Мали режимі "Вагнер" жеке әскери компаниясымен келісімшартқа отырғанын қаперге салды. 2025 жылдың маусымында "Мали бағыты" ресми түрде РФ Қорғаныс министрлігіне бағынышты әскерилендірілген құрылым – "Африка корпусының" бақылауына өтті.

Сарапшылар елдегі жағдайды тұрақтандыру "Африка корпусының" қолынан келмей тұрғанына назар аудартты.

"Егер ресейліктер алдағы уақытта Африкада қалғысы, ықпалын сақтағысы келсе, жағдайды қайтадан бақылауына алуы қажет. Егер олар Мали әскерилеріне қалалардағы билігін қалпына келтіруіне қуатты көмектесе алмаса, онда ресейлік күштерге сүйенетін африкалық басқа елдер ойлана бастайды, тіпті басқа қамқоршы іздеуі ғажап емес", – деді америкалық басылымға сұхбат берген Халықаралық дағдарыс тобының өкілі Ибрагим Яхая.

Ресми билік үгіт-насихатын ғана үдетіп тұр. Бас қолбасшысынан айрылып қалған Мали қарулы күштері дүркін-дүркін мәлімдеме жариялап, азаматтарды сабыр сақтауға шақырды және "аумақты тазарту операциялары жүріп жатқанын, жағдай бақылауда екенін" хабарлаумен әуре.

Конрад Аденауэр қорының сарапшысы Ульф Лаесинг бас көтерушілердің режимді құлатпай тоқтамайтынын немесе кем дегенде режимді келіссөздерге мәжбүрлейтінін болжады.

Майданның қызған шағы қазірге дөп келгенімен, ресми биліктің қарсыластары біраздан бері мұқият дайындалғаны байқалады. Көршілес Буркина-Фасо мен Нигерде де белсенді әрекет ететін JNIM өткен жылдың шілде айында Малидің батысындағы шағын қалаларға үйлестірілген шабуылдар жасап, басып алды. Сол арқылы астанаға баратын жанармай колонналарын доғарып, Бамаконың тынысын тарылтуға көшкен еді.

Сарапшылар бұрын өзара жауласқан, бір-бірін көрсе, өліспей беріспейтін FLA мен JNIM күштерінің кенеттен ауыз жаласып, соғыс іс-қимылдарын үйлестіруін үлкен тарихи бетбұрыс деп атады.

"Олар JNIM-мен ынтымақтастық орнатуға шешім қабылдады. Бұл – маңызды қадам. Олардың күш біріктіріп жатқанын Мали билігінің құпия қызметтері аңдамай қалған", – деді Гишауа.

Өткен түнде FLA тобының күштері стратегиялық маңызды қала – Кидальды өз бақылауына алғанын және енді Гао қаласында ұрыс жүргізіп жатқанын жария етті.

"Соңғы айларда ресейлік "Африка корпусының" содырлары алдыңғы шепте азырақ көрініп жүр. Олар соғысудан аяқ тартып, тылда Мали күштерін даярлауға және стратегиялық инфрақұрылымды қорғауға қайта бағдарлануға тырысқан болатын. Енді оларға қайтадан соғысқа оралып, үлкен тәуекелге бас тігуге тура келеді", – деп есептейді Ульф Лаесинг.

Жалпы, билік әскері әскери техникадан таршылық көріп отырған жоқ. Сарапшы таяуда ғана Мали қарулы күштері ресейлік қару-жарақтың ірі партияларын алғанын еске салды.

"Ресей жағдайды өзгерту үшін бәрін жасайды. Ол үшін бұл – беделге дақ, ықпалына төнетін үлкен қауіп. Олар Сирияда Башар Асад режимі құлаған кезде араласқан жоқ, сол арқылы әскери базаларын сақтап қалды. Бірақ Африкада жағдай басқаша: ары қарай қалғысы келсе, оларға Малидегі режимді қорғау керек болады", – деді сарапшы.

Ресей кейінгі онжылдықта Африкадағы геосаяси ықпалын күшейтуге бар күшін салып жатыр: кей жерде дипломатиялық жылы сөзбен биліктің көңілін жібітіп, кейде қарызын кешіріп, кейбіріне бидайын арзанға сатып жатса, кей жерде ақша мен қару-жарақ беріп отыр, деп атап өтті шолушы Владимир Кравченко.

Соғыс жалғасып жатыр, соңы немен бітетіні әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу