Адамзат тарихындағы соғыстардың сипаты әрдайым технология мен тактиканың майдандағы текетіресінен көрініс тауып отырған. Алайда 2026 жылдың маусым айында Ресей аспанында болған оқиғалар әскери тарихқа мүлдем жаңа, бұрын-соңды болмаған бетбұрыс әкелді.
18 маусымға қараған түннен бастап РФ астанасы Мәскеуге және оның маңындағы стратегиялық нысандарға бағытталған сұрапыл дрон шабуылы әлемдік соғыс өнеріндегі дрондар мен әуе қорғанысы текетіресінің жоғарғы бір шыңына айналғандай, деп жазды германиялық DW.
Бұл тек әскери стратегияның ғана емес, тылдың экономикалық тұрақтылығы мен психологиялық тепе-теңдігінің де жаңа арнаға көшкенін айғақтайды.
Бейсенбі күні Ресей Қорғаныс министрлігі таратқан ресми мәлімдемелер мен оған негізделген "Агентство" басылымының сараптамалық есептеулері соғыстағы күштер балансының айтарлықтай өзгергенін көрсетті. Ресей әскери ведомствосының хабарлауынша, бір тәулік ішінде елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Украина тарапынан ұшырылған ұшақ үлгісіндегі 992 ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсірген.
Мұнша ҰҰА-ның қатарынан шабуыл жасауы әлем тарихында кездеспепті. Мұндай рекордқа тіпті РФ та жете алмаған екен.
Бұған қоса, "төрт қанатты, ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар мен 10 басқарылатын авиациялық бомба жойылды", – деген ресми ақпарат тарады. Бұл да – кең ауқымды соғыс басталғалы бергі бір тәулікте тіркелген ең жоғары, рекордтық көрсеткіш. Сонымен бірге бұл Украинада қарсыласының астанасына дейін жете алатын баллистикалық қару бар екенін көрсетті.
Ресейлік ресми органдар әдеттегідей тек атып түсірілген немесе бейтараптандырылған аппараттардың ғана санын нақтылап, өз нысанасына жеткен соққылар туралы тіс жармауды жөн көреді, деп назар аудартты германиялық әскери шолушы Жан Рофе. Алайда тәуелсіз журналистер мен әскери сарапшылар бұл жағдай шын мәнінде аспанға көтерілген дрондардың жалпы саны бұдан да көп болғанын, бәлкім, мыңнан асып жығылғанын болжауға негіз бар екенін алға тартады.
"Мұндай сұрапыл шабуыл Украинаның өз тарихындағы бұрынғы рекордтарын жаңартып қана қоймай, Ресей армиясының осы уақытқа дейін қолданған ең ауқымды соққыларының көрсеткішінен де асып түсті", – деп жазды ресейлік "Агентство" порталы.
Осыған дейінгі ең ірі әуе шабуылы 2026 жылдың 24 наурызында тіркелген болатын: ол кезде Ресей әскері Украина аумағына бір тәулікте 948 дрон ұшырып, жойқын соққы беруге тырысты.
Украинаның бұған дейінгі ең ірі шабуылдарының бірі 6 маусымда тіркелді: сол кезде РФ Қорғаныс министрлігі 911 дронды, 13 авиабомбаны және төрт HIMARS снарядын қағып түсіргенін мәлімдеген еді. Міне, маусымның ортасындағы бұл тайталас бұрынғы көрсеткіштердің бәрін артта қалдырды.
Соғыстың алғашқы жылдарында Ресей өз аумағының тереңіндегі тыл аймақтарын қорғауда және қарсыласына алыс қашықтықтан соққы беруде басымдыққа ие болды. Украина Қарулы күштері ол кезде техникалық және сандық тұрғыдан ресейлік армиямен теңесе алмады.
"Дүние кезек" деген. Енді кезек қарсыласына келгенге ұқсайды. 2026 жылдың статистикасы жағдайдың түбегейлі өзгергенін, Батыс елдерінің көмегімен Украинаның алыс қашықтыққа ұшатын ұшқышсыз аппараттар өндірісін еселеп арттырғанын және оның мүмкіндіктерінің өсіп келе жатқанын дәлелдейді.
Мәселен, "Око Гора" мониторингтік жобасының мәліметтері мен қос тараптың мәлімдемелерін салыстырғанда, наурыз айында:
- Украина Ресей аумағына қарай 7 551 ұшқышсыз аппарат ұшырса,
- Ресей Украинаға қарсы 6 462 дрон аттандыра алыпты.
Сәуірде Ресей қайтадан алға шығып, Украинаға қарсы 6 583 дрон жолдай алды. Қарсыласы болса, 4 801 дрон жіберген.
Бірақ мамыр айында таразы басы тағы да теңселіп, Ресейдің 8 150 дронына қарсы Украина 8 973 ҰҰА-ны көкке көтерді. Бұл сандардың артында тек технологиялық жарыс қана емес, сонымен бірге майдан даласындағы басымдық үшін жанқиярлық күрес жатыр.
Майдан даласындағы геосаяси риторика да барынша шиеленісе түсті. Украина Президенті Владимир Зеленский Мәскеуге жасалған алапат шабуылды Ресейдің Украина қалалары мен инфрақұрылымына жасаған соққыларына берілген әділ жауап деп бағалады:
"Егер Украина өртене беретін болса, сіздердің Мәскеулеріңіз де өртенеді", – деді қаһарына мінген Зеленский.
Оның бұл сөзін сарапшылар текетірестің ендігі жерде ешқандай шектеу мен аяушылықты білмейтін кезеңге өткенінің белгісі деп бағалауда. Оның соңы ядролық соғысқа ұласпаса болғаны.
РФ астанасы шабуылдың астында қалып, қап-қара түтінге оралып жатқанда, Мәскеуде Путин жоқ болып шықты. Ол Қазан қаласында өткен АСЕАН саммитінің іс-шараларына қатысып жатқан. Ресей президенті Владимир Путин бұл алапат шабуылға қатысты көпшілік алдында әзірге ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.
Бірақ бұған дейін ол өзінен бітімге келуді сұраған Зеленскийдің меселін қайтарып, соғысты жалғастыра беретінін мәлімдеген болатын:
"Работайте, братья!", – деп қысқа қайырды ол ресейлік әскерилерге қарата.
Соғыс енді Мәскеуге келіп отыр. Бұл шабуылдардың ең ауыр салдары Ресей экономикасының "жүрегі" – мұнай өңдеу саласына тиіп отыр. 18 маусымда куәгерлер әлеуметтік желілерде Капотнядағы Мәскеу мұнай өңдеу зауытының тоқтаусыз жарылып, жанып жатқан фотосуреттері мен видеоларын таратты.
Капотнядағы бұл алпауыт зауыт осы аптада екінші рет өртеніп отыр. Сейсенбіге қараған түні, яғни 16 маусымда жасалған алдыңғы соққыдан кейін-ақ зауыт өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған еді. Украина енді оны мүлдем жермен-жексен етуге ұйғарғандай.
Reuters агенттігі Ресейдің энергетика саласындағы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, алғашқы соққы кезінде ҰҰА-лар зауыт қуаттылығының 53%-ын құрайтын негізгі өңдеу қондырғысын зақымдаған болатын.
Ал Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысы тұтынатын барлық мұнай өнімдерінің шамамен 40%-ын осы Капотня МӨЗ-і қамтамасыз етіп келген. Соның салдарынан солтүстік көршінің астанасында осы аптада алапат бензин тапшылығы туындады.
Көптеген жанар-жағармай құю станциялары жұмысын тоқтатқан. Жұмыс істеп тұрғандары бір көлікке 20-30 литрден артық жанармай құймайды. Тіпті қанша ақша ұсынса да, жүргізушілердің канистрлеріне бензин құюға қатаң тыйым салынған. Бұл шабуылдан кейін тапшылық тіпті ушыға түсуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Ресейдің бүкіл ішкі нарығында бензин мен дизель тапшылығы белең алып келеді. The Bell басылымының есептеуінше, бұл мәселе қазірдің өзінде РФ-тің 53 өңірін қамтып үлгерген. Мысалы, 12 маусымда Нижнекамскідегі мұнай өңдеу зауытына жасалған ҰҰА соққыларынан кейін "Татнефть" компаниясы жанармай сатуға шұғыл шектеу қойып, әр адамға 20 литр бензин мен 40 литр дизельден ғана беруге көшкен болатын.
Көршідегі жағдайдың күрделілігі сонша, Reuters агенттігінің мәліметінше, Ресей тарихта тұңғыш рет бензинді алыс шетелден, нақтырақ айтқанда, Азия елдерінің бірінен тасымалдауды жоспарлап отыр. Жанар-жағармай алыс елдерден РФ-тің батысындағы ресейлік порттардың біріне теңіз жолымен жеткізіледі.
Бұған дейін ол ЖЖМ-ді Беларусь пен Қазақстаннан алып келген еді. Бірақ бұл екі елдегі жалпы 5 мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы алып елдің ауқымды қажеттілігін өтеуге қауқарсыз әрі ірі резервтері де жоқ, деп жазды Reuters.
Осы орайда белгілі экономикалық шолушы Андрей Маховский қазіргі жағдайды "соғыс басталғалы бергі ең ауыр жанар-жағармай дағдарысы" деп сипаттады.
"Мәскеу өзін бензинсіз қалдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Соның салдарынан елдің басқа аймақтарында жаппай іркілістер болуы және жанармай құю бекеттерінде жаңа лимиттер енгізілуі әбден мүмкін. Қазақстан мен Беларусьтен келетін көмек бұл олқылықтың орнын толтыра алмайды, өйткені олардағы бензин өндірісі Ресейдегі жалпы тұтыну көлемінің 10 пайызына да жетпейді. Ал дизель отыны бойынша жағдай тіпті қиын: Ресейдегі дизель тұтыну көлемі Беларусьтің бүкіл өндірісінен 15 есе көп!", – деді Маховский.
Сарапшының түсіндіруінше, Азиядан жасалатын жаңа жеткізілімдер мәселені шешпейді, қайта жаңа проблемалар туындатады: біріншіден, оны жеткізу логистикалық қиындықтар тудырады, екіншіден, бұл өте қымбатқа түсетіндіктен, бензин бағасы одан әрі қымбаттауы мүмкін. Демек, бұл – амалсыздықтан жасалып отырған қадам.
Бұл ретте "Ресейдің ұзақ жылдар бойы дәріптеп келген заманауи әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері неліктен мұндай жаппай шабуылдарға төтеп бере алмай жатыр?" деген заңды сұрақ туындайды. Украина Қауіпсіздік қызметінің бұрынғы маманы, әскери сарапшы Иван Ступактың пікірінше, Украина қарулы күштері Мәскеу мен оның облысын қорғап тұрған ӘШҚ (ПВО) жүйесінің осал тұсын тапқан сияқты.
Оның түсіндіруінше, Капотнядағы зауыт маңына көше жарығы бағандарын жөндеуге арналған биік себетті жүк көліктерін және крандарды қойып, оларға пулеметшілерді орналастыру сияқты шұғыл шаралар да ешқандай нәтиже бермеген.
Әскери сараптама көрсеткендей, украиналық дрондардың орташа тиімділігі әзірге шамамен 10-15% деңгейінде. Яғни, ұшырылған жүз дронның 10-15-ке жуығы ғана көздеген нысанасына жетеді.
Алайда бұл дрондарды өндіру Украинаға арзанға түседі. Себебі олар радар экрандарында анық көрінетін металдан емес, жеңіл композитті материалдардан – ағаштан, қатырма картоннан, пенопластан немесе арнайы полимерлерден жасалады. Олардың бір ғана міндеті бар: орта есеппен 50-100 келі жарылғыш затты көздеген нысанаға жеткізіп, жарып жіберу.
Өте төмен биіктікте ұшатындықтан, ресейлік заманауи "Панцирь" радиолокациялық станцияларына бұл нысаналарды уақытында анықтау қиынға соғады. Дрондарға қарсы жалғыз шынайы әрі тиімді құрал әзірге жерүсті мобильді атыс топтары мен ірі калибрлі пулеметтер болып тұр. Мәскеуліктердің бейнежазбаларында олардың тырқылдаған дауысы анық естіледі. Ал әуе қорғанысы жүйелері атқан зымырандар көбіне дрондарға дәл тимей, босқа кетеді.
Алайда шамамен 2 561 шаршы шақырым аумақты алып жатқан, ішіне тұтас мемлекет сыйып кететін Мәскеу сияқты алып мегаполистің әрбір ауданы мен аумағына зеңбірекпен қаруланған мобильді топтарды орналастыру мүмкін емес. Сондықтан сарапшылардың пікірінше, ӘШҚ жүйесін бұзып өту және стратегиялық нысандарға соққы беру жағдайлары алдағы уақытта да жиілей түсуі ықтимал.
Аспан астындағы кешегі алапат шайқас соғыстың тек шептегі сарбаздардың ғана емес, жоғары технологиялар майданына айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Капотнядағы лаулаған өрт пен Мәскеу аспанындағы мыңға жуық дронның гүрілі – жаңа ғасырдағы соғыс сипатының жаңа көрінісі. Бұл тек бір тәуліктің рекорды ғана емес, алдағы үлкен геосаяси сілкіністердің бастамасы болуы да ғажап емес.