29 қарашада өтетін Мәслихат депутаттарының сайлауына 35,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бюджет көлемі Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен келісілген.
"Бөлінетін қаражат көлемі – 35,8 миллиард теңге. Бұл сайлау өзінің ауқымы жағынан Құрылтай сайлауымен шамалас", – деді Михаил Бортник.
Дауыс беруді ұйымдастыру үшін қосымша 3022 округтік комиссия тартылады, олардың құрамына 15 110 мүше кіреді.
Шығындардың негізгі бөлігін осыған дейінгі сайлаулар сияқты сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысы құрайды. Қаржының шамамен 70%-ы осы мақсатқа бағытталады.
Ресми мәліметке сәйкес, Мәслихат сайлауына барлығы 10 971 кандидат тіркелді. Еліміздің 20 өңіріндегі түрлі деңгейдегі мәслихаттарға саяси партиялар құрамында 1 219 адам бар 99 партиялық тізім ұсынды. Партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі 43,2%-ға тең. Түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 3 113 бірмандатты сайлау округі бойынша 9 752 кандидат тіркелді. Бір мандатқа 3 кандидаттан келеді.
Айта кету керек, бұған дейін Мәслихат сайлауына қаражат Үкімет резервінен бөлінетінін жазғанбыз.