banner

Мәулен Әшімбаев еркін экономикалық аймақ қызметінің тиімділігіне күмән келтірді

1921

Екі аптадан кейін Сенат қабырғасында бұл мәселе қайта талқыланбақ.  

Мәулен Әшімбаев еркін экономикалық аймақ қызметінің тиімділігіне күмән келтірді Фото: inbusiness.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еркін экономикалық аймақ қызметінің тиімділігі мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz

"Қазіргі таңда еркін экономикалық аймақтардың жалпы инфрақұрылымына 450 млрд теңге қаражат жұмсалған еді. Алайда өткен жылдың есебі бойынша 360 млрд теңгесі салық ретінде қайтарылды. Дегенмен басты көрсеткіштердің бірі ЕЭА шеңберінде елімізде шығарылмаған бірталай жаңа тауарлар және де жалпы осы уақытта шығарылған өнімнің сомасы 7 трлн теңгеден асып отыр. Оның 450 млрд теңгесі экспортқа шығарылған. Осы сандарға қарайтын болсақ, жалпы ЕЭА өзінің салынған қаражатын ақтай бастады деп атап өтуге болады", - деді ИИДМ вице-министрі Ілияс Оспанов.

Алайда бұл жауап Сенат спикеріне ұнай қоймады. Мәулен Әшімбаев бүгінгі таңда еркін экономикалық аймақ мәселесі өте өзекті екенін атап өтті.

"Мемлекет басшысы еркін экономикалық аймақ қызметінің тиімділігі мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Мәселен, Атыраудағы ұлттық индустриалды мұнай-химиялық технопарк жұмыс істеп тұр ғой? Істеп тұр. Жоғары аудиторлық палата ұсынған мәліметтер негізінде біз бюджеттің орындалуына байланысты Үкіметтің есебіне дайындалып жатырмыз. Бұл ЕЭА-ға (ред. – Атыраудағы) мемлекет соңғы жылдары 162 млрд теңге құйды. Бір ғана еркін экономикалық аймақтағы көрсеткіш. Бұл ретте 2013 жылдан бастап 2020 жылдар аралығында аталмыш ЕЭА-ның қатысушылары 16 млрд теңге сома мөлшерінде салық төледі. Яғни мемлекет осы жылдар аралығында 162 млрд теңге салса, 16 млрд теңге ғана салық алған. Өзі құйған соманың 10 пайызын ғана алып отыр деген сөз. Сіз бұл әлі басы, кейін нәтиже болады және т.б. деп айтуыңыз мүмкін. Алайда біз деректерді көріп отырмыз ғой. Оларды ғаламтордан не болмаса әлеуметтік желілерден алып отырған жоқпыз", - деді ол.

Мәулен Әшімбаев деректерді Жоғары аудиторлық палатадан алатындарын жеткізді. 

"Өз кезегінде ЕЭА-ға қомақты қаржы құйылды, бірақ та инфрақұрылым бар болғаны 17 пайызға ғана қамтамасыз етілді. Яғни бұл ЕЭА-да инфрақұрылымның 80 пайыздан астамы салынбаған. Келесі дерекке ойыссақ. Оған салынған инвестициялар 100 пайызға деп есептелген. Инвестициялардың 99,6 пайызы – квазимемлекеттік сектордыкі. ЕЭА-ның шетелдік және жергілікті инвестицияларды тарту мақсатында құрылатыны белгілі. Егер де біз ЕЭА-ға осындай қомақты қаржы құйып, одан тек салық түрінде 10 пайыз ғана алсақ, бұл ретте оған квазимемлекеттік компания инвестиция құятын болса, онда аталмыш аймақтың қандай тиімділігі туралы айтуға болады? Осыған байланысты Еркін экономикалық аймақ бойынша маңызды әңгіме күтіп тұр", - деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев 15 маусым күні бюджеттің орындалуына байланысты Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалатынын атап өтті, сондай-ақ Сенаттың экономикалық комитетіне бұл мәселе бойынша жан-жақты дайындалып келуді тапсырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу