Маусымдық жұмыстың қандай машақаты бар?

816

Маусымдық жұмысшылардың жалақысына жалпыға бірдей тәртіпте салық салынады.

Маусымдық жұмыстың қандай машақаты бар? Фото: anatili.kazgazeta.kz

Жаз мезгілінде студенттер мен жастар балмұздақ пен жеміс-жидек сатып, демалыс базаларында жұмыс істеп жатады. Одан қалды арамызда негізгі қызметінен уақытша қол үзіп, маусымдық жұмысты серік еткен азаматтар да бар.

Маусымдық жұмыста істегісі келетіндер нені ескеруі тиіс? Қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбек қарым-қатынасының ерекшелігі қандай? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі заңгер Ғабдұл-Ғани Әбутәліптің пікірін білді.

Қолданыстағы заңнамаға қарайтын болсақ, климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезең (маусым) ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық деп танылады.

"Маусымдық жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің еңбегін реттеудің ерекшеліктері Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 20-тарауымен реттеледі. Еңбек кодексінің 207-бабына сәйкес еңбек шартында маусымдық жұмыстарды орындауға шарт жасасу шарты және оларды орындаудың белгілі бір мерзімі көрсетілуі тиіс. Маусымдық жұмысқа еңбек шартын жасау кезінде қызметкердің өзіне тапсырылған жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін сынақ мерзімі белгіленбейді", - деді заңгер.

Оның сөзінше, маусымдық жұмыстармен айналысатын қызметкерлермен (Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 208-бабы) еңбек шарты осы Кодекстің 54-бабында көзделген негіздермен қатар, келесі жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін:

1) жұмыс берушіде өндірістік себептер бойынша жұмысты екі аптадан астам уақытқа тоқтата тұру;

2) қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты бір ай қатарынан жұмыста болмауы.

Бұдан басқа Ғабдұл-Ғани Әбутәліп маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкермен еңбек шартын бұзу мынадай тәртіппен жүзеге асырылатынын айтты (Еңбек кодексінің 209-бабы):

1. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкер жұмыс берушіні күнтізбелік жеті күн бұрын хабардар ете отырып, еңбек шартын өз бастамасы бойынша жазбаша нысанда бұзуға құқылы.

2. Жұмыс беруші осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 1 және 2-тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартының алдағы бұзылатыны туралы маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерді күнтізбелік жеті күн бұрын жазбаша ескертуге міндетті.

"Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкермен еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс үшін жұмыс істеген уақытқа барабар өтемақы төлемін жүргізеді. Ұйымның таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты маусымдық жұмыстармен айналысатын қызметкермен еңбек шарты бұзылған кезде жұмыстан шығу жәрдемақысы екі апталық орташа жалақысы мөлшерінде төленеді. Осылайша, жұмысшымен жасалған еңбек шартында жұмыс маусымдық және келісімшарт мерзімі наурыздан қарашаға дейін деп көрсетілген. Келісімшарттағы жұмыс және төлем шарттары тараптардың келісімімен бекітіледі. Маусымдық жұмысшылардың алған жалақысына жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте салық салынады: жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар және міндетті зейнетақы жарнасы", - деп жалғастырды сарапшы.

Заңгердің айтуынша, келісімшарт бұзылған кезде қызметкерге жеке табыс салығын есепке ала отырып, жұмыс істеген уақытына сәйкес пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төленеді.

"Еңбек шартынсыз азаматты жұмысқа жегу жұмыс берушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 86-бабына сәйкес айыппұл төлетуге жатады. Егер қызметкерге келісімшартта көрсетілген жұмыс уақытынан бөлек жүктеме артылса, мұндай бұзушылықтар бойынша Еңбек инспекциясына жүгінген жөн. Еңбек инспекциясына арыз жазып, артық жұмыстың ақысын өтетуге болады", - деп атап өтті ол.

Заңгер Ғабдұл-Ғани Әбутәліп қызметкер жұмыс орнында өндірістік жарақат алса, басшылық жауапкершілік алатынын баса айтты. 

"Еңбек Кодексінің 133-бабына сәйкес, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеуге міндетті. Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеуге негіз болып еңбекке жарамсыздық парақтары табылады. Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы қызметкерлерге еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап еңбекке қабілеттілігі қалпына келтірілген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін төленеді. Егер мұндай жарақат қызметкердің кәсiптiк қабiлеттiлiгiнiң 5-29% зиян келтiрiлсе, жұмыс берушi қызметкерге оның денсаулығына нұқсан келтiрген жоғалтқан табысы мен шығысын өтеуге мiндеттi. Еңбекке жарамсыздық дәрежесін анықтау кезінде жұмыс беруші өтейтін денсаулыққа зиян келтіруге байланысты келтірілген шығындардың сомасы төлеу кезінде 250 АЕК-тен аспауы керек", - деді сарапшы.

Денсаулыққа зиян келтіруден келтірілген шығындарды өтеу сол шығындарды растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылатын көрінеді.

"Жұмыс беруші алған жарақатына байланысты бұдан әрі жұмысқа қабілетсіз болып танылған қызметкерге жұмыскер зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын 15% мөлшерінде жоғалтқан табысын өтеуге міндетті", - деп атап өтті заңгер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу