Мажарстанның жаңа премьер-министрі ел президентін отставкаға кетуге шақырды

569

Президент өкілеттігі негізінен рәсімдік сипатқа ие. 

Мажарстанның жаңа премьер-министрі ел президентін отставкаға кетуге шақырды Фото: AP Photo / Denes Erdos

Мажарстан президенті Тамаш Шуйок елдің жаңа премьер-министрі Петер Мадьярға үкімет құруды тапсырды. Бұл ретте Мадьяр Шуйокты отставкаға кетуге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.

Парламенттік сайлауда жеңген "Тиса" партиясының жетекшісі Петер Мадьяр ел президенті Тамаш Шуйоктен үкімет жасақтауға ресми мандат алды. Бұл туралы ол президенттің резиденциясы атанған Шандор сарайында өткен кездесуден кейін айтты. Тараптар парламенттің инаугурациялық сессиясын өткізу күнін келісті.

"Инаугурациялық сессияның ықтимал өтетін уақыты 1 мамыр мерекесіне байланысты ұзақ демалыстан кейін шамамен 6-7 мамыр күндері немесе 12 мамырда болуы мүмкін", – деді "Тиса" партиясының жетекшісі Петер Мадьяр.

Оның сөзінше, ел халқы үкіметтің ауысуына ғана емес, тұтас саяси жүйенің өзгеруі үшін дауыс берді.

"Меніңше, Мажарстан халқының көзқарасы бойынша да ол заң үстемдігін қорғауға, моральдық тұрғыдан үлгі болуға немесе халыққа өнеге көрсетуге лайық емес. Ол бірнеше мәрте елдегі демократиялық тәртіпті қорғап сөйлеуі тиіс еді. Мен одан Мажарстандағы құқықтық мемлекет пен демократияның соңғы белгілерін сақтау үшін отставкаға кетуін және біздің уәждерімізді ескеруін сұрадым. Ол өз еркімен кетпеген жағдайда, біз сайлауда берілген мандат арқылы оны және өзге де "қуыршақтарды" қызметтен қуамыз", – деді Мадьяр.

Айтуынша, Тамаш Шуйок айтылған уәждерді қарастыратынын білдірген.

Сонымен қатар Петер Мадьяр ел президентінен қызметінен кетіп жатқан премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөздерде делдал болуын да өтінген. Осылайша "Тиса" партиясының жетекшісі бұрынғы үкіметтің жаңа министрлер кабинетіне елдегі жағдай туралы толыққанды әрі шынайы ақпарат беруін талап етіп отыр. 

Мажарстанның конституциялық жүйесінде республика президентін елдің Ұлттық жиналысы сайлайды. Ол заңдардың сақталуын бақылауда белгілі бір маңызға ие. Президент өкілеттігі негізінен рәсімдік сипатта болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу