"Мәжбүрмін": Шахматшы Бибісара Асаубаева ел Президентінен көмек сұрады

Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасына видеосын жүктеді.

"Мәжбүрмін": Шахматшы Бибісара Асаубаева ел Президентінен көмек сұрады Фото: chess.com

Шахматшы өз үндеуінде жыл сайын түрлі қиындыққа тап болып жүргенін айтып, Мемлекет басшысынан көмек сұраған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Мен шахматтан халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева қазіргі уақытта әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бесінші орында тұрмын. Әлемнің үздік шахматшыларымен бәсекелесіп келемін. 

Сізге Мемлекет басшысы ретінде көмек сұрап жүгінуге мәжбүрмін. Бүгін әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі саналатын Norway Chess турнирі аяқталды. Мен жарыс мәресіне бір тур қалғанда-ақ чемпион атандым.

Десе де, осы маңызды додаға дайындық жиындары өзімнің жүлде қорларым мен ата-анамның қаражаты есебінен өтті. Турнир барысында жұмыс істеген секунданттар мен сарапшылардың еңбекақысы әлі күнге дейін төленген жоқ, – дейді ол. 

Спортшының сөзінше, әрбір медаль оған үлкен еңбекпен және төзіммен келеді. Солай бола тұра, ол барлық қиындыққа қарамастан, Қазақстанның абыройын халықаралық аренада жоғары ұстап жүр. 

– Дегенмен, жыл сайын түрлі қиындыққа тап болып жүрмін. Әсіресе, спорт саласына жауапты министрліктермен жұмыс істеу барған сайын күрделене түсуде.

Мәселен, шахматтан әлем чемпионатындағы жеңіс үшін Спорт және туризм министрлігі тағайындайтын сыйақы небәрі 2 мың АҚШ долларын құрайды. Ал Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы көлемі – 250 мың АҚШ доллары.

Сонымен қатар, бүгінде Қазақстанда ерлер мен әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы – менмін.

2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімді жеңіп алғаннан кейін министрліктен ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келдім, – деп ашынады спортшы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу