Мәжілістің 15 депутатын мандаттарынан айыру ұсынылды

13830

Депутаттар мен қоғам белсенділерінің бір тобы Қазақстанның ірі кен орындарын Ресейге беруді ұсынған.

Мәжілістің 15 депутатын мандаттарынан айыру ұсынылды Фото: sputnik.kz

Батыс елдері – АҚШ пен Еуропа Ресейдің санкция аясында бұғатталған шетелдік резервтерін, алтынын, қаражаттарын, дүние-мүлік, акциялар және басқасы түріндегі активтерін соғыстан зардап шеккен Украинаға беру жолдарын қарастыруда. Әзірге ұжымдық Еуропа елдерінде де ортақ келісім жоқ.

Салдарынан, Politico жазуынша, Еуроодақ бұғатталған ресейлік активтер түгіл, оларды инвестициялаудан 2022-2023 жылдары түскен 5 миллиард еуро табысты да Украинаға бермеуге шешім қабылдады. Ақша әзірше Бельгияда, Euroclear құнды қағаздар депозитарийінде қала береді. Себебі, Еуропа Мәскеудің сот арқылы көп миллиардтық қарсы талап қоюынан қорқады.

Сонымен қатар, "Банк России" шетелдік инвесторлардың РФ аумағындағы 500 миллиард доллардай қаражатын бұғаттап тастады.

Дегенмен, АҚШ ресейлік активтердің басым көпшілігін "тұтқындап" отырған Еуропаны Украина жаққа иліктіруі әбден мүмкін. Осыдан қауіптенген Кремль Батысқа қатаң ескерту жолдады. Егер Ресейдің бұғатталған активтері тәркіленсе, Мәскеу соған қосылған елдердің және бизнесінің Ресейдегі бүкіл активін тартып алады.

Осы орайда құрамында жаңа Парламенттің депутаты Ермұрат Бапи кірген бір топ қазақстандық "қайраткерлер" өз шешімдерін ұсынды. "Парасат" кәсіпкерлер альянсының үйлестіру кеңесі Президент жанындағы Мұнай-газ кеңесіне ұсыныспен шықты.

Қысқаша айтқанда, олар Батыста бұғатталған алтын-валюталық резервтеріне айырбас ретінде Ресейге америкалық және еуропалық инвесторлардың Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы үлестерін беруді ұсынды.  

"Парасаттықтардың" пікірінше, осы мақсатта аталған үш супергигант кен орнын игеріп жатқан шетелдік компаниялар, Ресей және қазақстандық уәкілетті компания арасында үшжақты мәміле бекітілуге тиіс. Сол арқылы батыстық инвесторлардың үлесін РФ-тың бұғатталған алтын-валюталық резервтері есебінен сатып алуды ұсынады.

Мұның Қазақстанға қажеті қанша? Бастама авторларының Президент жанындағы Мұнай-газ кеңесіне түсіндіруінше, осы арқылы 90-шы жылдары Өнім бөлісу келісімі түрінде бекітілген контрактілер қайта қаралады. Нәтижесінде, республика  көбірек табыс таба алады-мыс.

Ұсыныс иелерінің ұстанымынша, шетелдік алпауыт компаниялар ӨБК-ні өз еркімен өзгертуге бармайды. Бюджеті тапшылықты, тақұл-тұқыл болғандықтан, олардың үлесін сатып алуға Қазақстанның қаржысы жоқ. Бұл ретте жоспарланған реформаларды жүзеге асыру үшін шұғыл түрде қаражат қажет болып жатқан көрінеді.

"Бұл мәміле Ресейге өте тиімді. Ол Батыс бұғаттаған және енді қайтаруы неғайбыл алтын-валюталық резервтерін Қазақстанда нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға, майшелпек кен орындарына айырбастай алады. Бұл мәмілені іске асыру үшін 1,5-2 жыл қажет, сондықтан қазірден бастасақ, 2025 жылдың соңында аяқтай аламыз. Жаңа, ресейлік акционерлермен контракт бекіту кезінде 15 миллиард доллар көлемінде қол қойылған бонус (подписной бонус) сұратуға болады. Ол қаржыны "Росатомның" Қазақстанда атом электр станциясын салуына жұмсауымыз керек", – деп жөн-жоба көрсетті бастама авторлары.  

"Парасат" кәсіпкерлер альянсының басқарма төрағасы Олег Пак бастаманы ілгерілетіп отырған үйлестіру кеңесіне Олжас Байділдинов, Петр Своик сияқты 28 тұлға кіретінін, соның 15-і – қазіргі Парламенттің депутаттары екенін мәлімдеді.

Нақтылағанда, төртеуі – сенатор, 11-і – мәжілісмен екен. Кеңестің төрағасы – Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

Тәуелсіз қаржы аналитигі Андрей Чеботарёв FINANCEkaz авторлық арнасы арқылы ел басшылығына қайрылып, бұл бастаманы қолдаған депутаттарды мандатынан айыруды ұсынды.

"FINANCEkaz байламынша, бұл құжатсымаққа қатысы болғандардың бәрі биліктен аласталуға және олардың кез келген экономикалық реформа бойынша жұмыс топтарына кіруіне тыйым салынуға тиіс. Ондағы депутаттарды мандатынан айыру мәселесі күн тәртібіне қойылуға тиіс, себебі олар Қазақстанды қаржылық тәуелсіздіктен айыруды ұсынып отыр", – деп санайды қаржыгер.

Ол дәл осы топ еуразиялық ортақ валютаға көшуді ілгерілетіп отырғанын, ал бұл қазақстандық Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын жүргізуде тәуелсіздіктен айрылуына соқтыратынын қаперге салды. Сонымен бірге одақтық ортақ валютаны Қазақстан теңге сияқты қалағанынша басып шығара алмайды. Тізгіні Мәскеуде болады.

Сарапшылардың айтуынша, "парасаттықтар" ұсынып отырғандай, Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтағы дамыған елдердің компанияларының үлестерін тартып алып, Ресейге өтемақыға берсе, онда Қазақстанның күні қараң болады. Біріншіден, Батыс Қазақстанның шетелдегі барлық активін, алтын-валюталық резервін, соның ішінде Ұлттық қорын бұғаттайды.

Екіншіден, елімізден барлық инвестор қашады. Үшіншіден, Батыс Ресейдегі сияқты ауыр, ауқымды санкцияларды Қазақстанға да жаппай енгізеді. Алпауыт Ресейге қарағанда Қазақстан экономикасы әлжуаз, тез-ақ жайрап қалуы мүмкін. Өйткені олар Қазақстанға мұнайын, металын, ураны мен көмірін сатуына тыйым салады, эмбарго енгізеді. Қазақстан шикізатқа қатты тәуелді. Сонда бастамашылардың көксегені осы ма?

Қазақстанның мұнайсервистік компаниялар одағының директоры, Energy Monitor қорының басшысы Нұрлан Жұмағұлов алып үш кен орнын Ресейге тегін бере салатындай, бұл саладағы Қазақстанның жағдайы мүшкіл еместігін айтты.

"ӨБК аясында үш кен орны бойынша инвесторларға біраз жеңілдік берілген. Әйтсе де, Мемлекет ақырындап оларды өз дегеніне көндіруде. Контрактілерге елге тиімді өзгерістердің енгізілуіне қол жеткізіп жатыр. Мысалы, ТШО акционерлерімен келіссөздер арқасында 2022 жылдан бері Теңіз кен орнынан шығатын барлық тауарлық газ ішкі нарыққа табысталады. ТШО газдың әр тоннасын шетелге әрі қарай да 400-500 доллардан сатып, табыс таба беруіне болар еді. Қазақстанның жағдайын ойлап, 80 мың теңгеден (шамамен 170 доллардан) ішкі нарыққа өткізуде. Ол оған міндетті емес, бірақ жеткізеді. Сондай-ақ 550 мың тоннаға дейін сұйытылған газды жеткізуде. ТШО жоспарланған қос газды-химия зауытын бутанмен және этанмен қамтамасыз етпек", – деді Нұрлан Жұмағұлов.

Қашағанда инвесторлар пропан-бутанның бүкіл жылдық көлемін – 700 мың тоннасын QazaqGaz ұлттық компаниясына беруге келісті. Қарашығанақта жаңа газ өңдеу зауыты шығаратын 700 мың тонна сұйытылған газ да ішкі нарыққа жеткізілетін болды. Енді осының бәрін Батыс бұғаттаған активтерінің өтемі ретінде Ресейге берсе, Қазақстанның ұлттық, мемлекеттік мүддесі жайына қалмақ.  

Айтпақшы, сарапшының айтуынша, Қарашығанақ кен орнында шетелдік инвесторлар оған салған барлық салымдарын қайтарып болған, осының арқасында енді Қазақстан компания тапқан табыстың 70%-ға дейінгісін өзі алатын болады.

Теңіз бен Қашағаннан да осындай табыс таба бастауы үшін  ел Үкіметі оларды игеретін консорциумдардың шығындарын қысқартуға қол жеткізуі керек. Мысалы, Қашаған жобасында Қазақстан Үкіметінің мүддесін қорғайтын уәкілетті орган – "PSA" ЖШС NCOC акционерлерімен арбитраждық сотта дауласуға кірісті. Ол инвесторлардың 55 млрд доллар салымының 13 миллиарды бұзушылықтармен шығындалғанын, сондықтан өтеуге жатпайтынын айтып, табандауда.

ТШО бір жыл ішінде Қазақстанның бюджетіне 4,6 триллион теңге, Қарашығанақ кен орнының операторы – 1,4 триллион, Қашаған – 239,1 миллиард теңге түсім аударды.

Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, үш алып кен орнындағы батыстық компанияларды санкциялар астындағы Ресейге айырбастау – елге үлкен қауіп әкеледі. Оның үстіне Батыстың "Каспий құбыр консорциумына" санкция салмауына сол арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнайының тасымалданатыны себеп болды. Егер бұл кен орындарынан батыстық инвесторлар қуылса, санкция да енгізіледі. Украинаның соққылап күйреткен мұнай өңдеу зауыттарын Ресей айлап жөндей алмай жатыр. Бұған санкциялар аясында шетелдік компаниялардың қажетті жабдықтарды жеткізуіне тыйым салынуы ықпал етті. Қазақстандық айналдырған үш МӨЗ ақаудан сынып қалса, оны "санкция астындағы" Қазақстан ешқашан жөндей алмас еді.  

Бұдан бөлек, Petrocouncil мұнай-газ саласындағы стратегиялық серіктестікті дамыту кеңесі құрамында күкіртті сутегі жоғары және алапат қысыммен жатқан аса ірі, күрделі кен орындарын игеруге Ресейдің технологиясы жарайтынына күмәнданады.

Petrocouncil сарапшылары Ресейдің Батыста бұғатталған алтын-валюталық резервтерінен үміттілер көптігін, Украина сыртында, оларды АҚШ пен Еуропа да тегін қару жеткізілімдерінің өтемақысы ретінде алғысы келетінін еске салды. Ендеше, сарапшылардың пікірінше, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақты шетелдік инвесторлардан тартып алып, Ресейге бергеннің өзінде Ресейдің бұғатталған активтеріне Қазақстанды ешкім жібермейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу