Мбаппе Месси мен Роналдуды басып озады

1162

Біз Мбаппенің ұлылығын дәл қазір мойындамаймыз. Алайда, ол Мессиден кейінгі жаңа дәуірдің ұлы ойыншысы болмақ. 

Мбаппе Месси мен Роналдуды басып озады

Мбаппе футбол тарихынан ойып тұрып орын алатын ойыншы

Лионель Месси және оның әлем чемпионатындағы соңғы жорығы барлығының назарын аударғаны даусыз. Көпшіліктің қызықтағаны тек Мессидің кубок көтергенінде болды. Назардың бәрі Мессиге ауғаны сонша, әлем чемпионатында ғаламат ойын өрнегін көрсеткен аяқдопшылар, назардан тыс қалды. Осы ретте есімізге бірден түсетін футболшы әрине - Килиан Мбаппе. Ол финалда және жалпы турнирде тамаша өнер көрсетті, бірақ амалы нешік Мбаппе кубок көтерген аргентиналықтардың көлеңкесінде қала берді. 

 Меніңше, біз француздық "ондықтың" ауқымын әлі толық түсінбеген сияқтымыз. Килиан 19 жасында ұлттық құрамадағы негізгі ойыншылардың бірі ретінде әлем чемпионатын жеңіп алды. Содан кейін 180 миллион еуроға ол “ПСЖ” сапына ауысып, футбол тарихындағы екінші ең қымбат аяқдопшы атанды. Парижде ол ақылға симайтын рекордттарды жаңартып, ақыр соңында Месси мен Неймардан да көп жалақы алатын ойыншы атанды.

Қалың ел Мессидің нағыз феномен екенің түсіндіру үстінде, Леоның сиқыршыға айналғанын айтуда. Сонда, Мбаппенің несі жаман?

Әлем Чемпионатының финалынан кейін небәрі 24-ке толатын бұл жігітті өткен жазда Францияда қалуға президент Эммануэль Макронның өзі көндірді. Ол Лусаилде өткен ойынның соңғы ысқырығынан кейін, бірден Килианды жұбатты. Мынау тұрған суретке назар салып қарасаңыз – Мбаппе президентке мән берер емес. Тіпті, ол өз статусын Месси мен Роналдудан қарағанда жоғары қоятын секілді кейіп танытуда. Қазіргі уақытта Килиан өз қадірін біледі. Мұндай аяқдопшылар, кемде-кем.

Мбаппе футбол тарихын алтын әріппен жазуда.

Мбаппе – әлем чемпионатының финалында хет-трик жасаған тарихтағы екінші ойыншы. Бұдан бұрын, Ағылшындық шабуылшы Джефф Херст 1966 жылы осындай нәтижеге жеткен еді. Яғни, жарты ғасыр жаңарта ешкім алмаған рекордтты осы - Мбаппе жасаған болатын. Және де, мансабының енді қызығын көріп жатқан француз 14 ойында 12 гол соқты. Дәл осындай нәтиже тек футбол королі саналтын Пеледе және неміс футболының аңызы– Герд Мюллерде ғана (14 ойында 13 гол). Ескере кететін бір дүние, ол уақыттағы әлем чемпионаттарында футбол ашық, әрі нәтижелі болды. Мбаппенің әлем чемпионаты тарихындағы үздік сұрмерген ретінде мансабын аяқтайтынына күмәнданатындар аз. Ол үшін тек төрт-ақ гол соғу ғана қалды.

Жаңа дәуірдің майталманы - Килиан Мбаппе

Иә, Роналду мен Мессидің дәуірі спорт тарихындағы ең көрнекті кезеңдердің бірі болып табылады. Бұл ұзақ кезең болды, оның ішінде көпшілігі қос патшалыққа үйреніп үлгерді. Леоның Катардағы жеңісі - осы дәуірдің нүктесін қойған сәт десек те болады. Финалда біз осы ұлылардың ізбасарын көрдік. Мбаппе футбол тарихындағы алтын әріппен жазылған кез келген жетістікті қайта жазуға дайын адам. Мбаппенің алдағы онжылдықтағы басты қарсыласы футбол хроникасының сандарына мән бермейтін сол бір ессіз бомбардир Эрлинг Холанд болуы керек. Бірақ Холандтың ұлттық құрама бойынша жолы бола қоймаған аяқдопшы (Норвегия соңғы рет мундиалға 1998 жылы қатысқан), Мбаппе Франция құрамасының бір бөлігі ретінде әрбір ірі турнирде көзге түседі және күн өткен сайын ұлы футболшы атануға әрекет жасауда. 

Талай дүние айтылғаннан кейінгі қорытатынымыз, Килиан қазірдің өзінде ұлы футболшы. Және бұл оның жетістіктері туралы ғана емес. Бір жарым жыл бұрын Франция үшін Еуропа чемпионаты қалай аяқталғанын еске түсіріңізші. Мбаппе Швейцарияның шешуші пенальтиін мүлт жіберіп, Францияны өзі ұшырып жіберді. Жерлестердің қарғысы, баспасөздегі дау-дамай, ұлттық құрамадан кету туралы ой – Мбаппе осының барлығын 22 жасында басынан өткерді. Ол әлем чемпионатының финалында пенальти орындау үшін, үш рет нүктеге барып және үш соққыны да сабырмен орындағаның көреміз. Бұл нағыз ұлы футболшыға тән менталитет. Килианның ата-анасы ұлын бала кезінен ұлылық жолында тәрбиеледі. Ол бұл жолмен ұзақ қадамдармен жүріп келеді және сол жолда Мессиді де, Роналдуды да озып кетуі бек мүмкін.

Дархан Қасымхан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу