Мадридтің "Реал" клубының шабуылшысы Килиан Мбаппе "эль класико" қарсаңында алған жарақатынан толықтай айығып үлгерді. Француз футболшысы Испания Суперкубогының жартылай финалындағы матчты өткізіп алды. Онда "корольдік клуб" "Атлетиконы" 2:1 есебімен жеңді.
Дербиден кейін команданың бас бапкері Хаби Алонсо жұлдызды форвард жақын арада команданың қатарына қосылатынын мәлімдеді.
"Мбаппе ертең ұшып келеді. Өзін жақсы сезініп жүр және "Барселонаға" қарсы ойнауға дайын", – деді Алонсо баспасөз мәслихатында.
Испания Суперкубогының финалдық кездесуі жексенбі, 11 қаңтарда өтеді. Турнир матчтары Сауд Арабиясында ұйымдастырылуда. Килиан Мбаппе тізе жарақатына байланысты "Реалдың" екі ойынын өткізіп алған еді.