Медициналық мекемелермен 87,5 млрд теңгенің келісімшарты жасалды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3068

Емдеу мекемелері халыққа тегін медициналық көмек көрсетеді. 

Медициналық мекемелермен 87,5 млрд теңгенің келісімшарты жасалды

Медициналық сақтандыру қоры 2019 жылы халыққа тегін қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт жасауды аяқтады. Келісім аясында емханалар мен клиникалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындауға міндеттелді. 

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қамтылған қызметтерді көрсететін жеткізуші-компанияларды арнайы комиссия іріктеді. Комиссия құрамында медициналық сақтандыру қорының, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, пациенттер мен денсаулық сақтау нысандарының мүдделерін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың және медицина қызметкерлері кәсіподағының өкілдері енді.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" Астана қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров 2019 жылдың басында әлеуетті жеткізушілер дерекқорында Астана қаласы бойынша 138 медицина ұйымы болғанын, оның 44-і – мемлекеттік, 94-і – жекеменшік клиника екенін айтты. 

"Биыл қаңтар айында жоспарлы медициналық көмек көрсетуге өтінім берген  93 медицина ұйымымен келісімшартқа отырдық. Оның 35-і мемлекеттік, 58-і – жекеменшік клиника. Медициналық көмек көрсететін жеткізуші-ұйымдармен жасалған келісімшарттың жалпы сомасы 87,5 млрд теңгені құрады", – деді директор. 

Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, стационарлық, амбулаторлық-емханалық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетушілердің саны өскен. 

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл сайын емдеу мекемелерімен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында халыққа қызмет көрсететін медициналық ұйымдармен келісімшарт жасайды. Осы келісімшарт негізінде емдеу мекемелері халыққа тегін медициналық қызмет көрсетеді. Ал тұрғындарға көрсетілген қызмет ақысын медициналық сақтандыру қоры төлейді", – деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кетейік, 2018 жылы медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бойынша  үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алудың операторы болып бекітілді. Содан бері халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылап отыр. 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу