Медсақтандыру саласын үлкен бетбұрыс күтіп тұр

3518

Жаңа қадам МӘМС жүйесіне миллиондаған адамның кіруіне жол ашпақ, деп жазады Inbusiness.kz.

Медсақтандыру саласын үлкен бетбұрыс күтіп тұр

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" дерегінше, қазіргі кезде еңбектеген баладан еңкейген қарияларды қоса алғанда, небары 15,9 миллион қазақстандық медсақтандырылған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстан тұрғындарының саны бүгінде 18 млн 984,8 мың адамға жетті. Қарапайым арифметика көрсеткендей, МӘМС жүйесінен 3 миллионнан астам адам тыс қалып тұр.

Бұдан да сорақы сандар бар. Мысалы, ӘМСҚ қорының төл "Saqtandyrý" ақпараттық жүйесінің дерегінше, елімізде 4,2 миллион адам сақтандырылмаған! Бірақ қордың және Үкіметтің өзі бұл деректі жалған деп тапты: "ақпараттық жүйеде сақтандырылмаған тұрғындардың саны қате қалыптастырылады". Себебі, онда Қазақстан азаматтарының дербес деректерін өзектілендіру тетігі жоқ көрінеді. Мысалы, шетелдің азаматтығын алып, сыртқа кеткен адамдар, қайтыс болғандар тізімде тұр. Сондықтан медсақтандыру қорына Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, олқылықты түзеу, қордың ақпараттық жүйесін ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмысын жүргізу жүктелді. Сонда шетел асқандар және бақи дүниеге аттанған азаматтар ӘМСҚ тізімінен уақытылы алынып тасталмақ.

Қалай болғанда, медициналық міндетті сақтандыру жүйесіне миллиондаған азаматтардың кіре алмай қалғанын қор да, Денсаумині де жоққа шығармайды.

Бұл миллиондар – кімдер?

Гульфия Сабырова – үй шаруашылығындағы ана.

"Менің барлық шаруам – кішкентай баламыздың тәрбиесі, күйеуімнің күтімі, үйдегі шаруалар. Жұбайым жұмыс істемей-ақ қой деген, тамағының тоқтығы, киімінің тап-таза, үнемі үтіктелген күйде тұратыны, бала бағудан босатылғаны оған ұнайды. Оның табысы шағын отбасымызға жетеді. ХҚКО-дағылар маған "өнімсіз өзін-өзі қамтушы" деген мәртебе берді және ай сайын МӘМС жарнасын төлеп тұруым керектігін айтты. Спортпен айналысамын, дәрігерге жүгіне қоймайтын адаммын. Бала үшін ғана емханаға баратынмын. Жақында сырқаттанып, дәрігерге көрінбек болдым, бірақ емхана қабылдамады", – дейді ол.  

Қордағылар өткен бір жыл үшін жарна енгізбей, сақтандырылған мәртебесін алмайтынын ескертіпті.

"Мұнысы әділетсіздік екен. Мен жылдар бойы қалалық емханаға жүгінген емеспін, яғни денсаулық сақтау жүйесіне еш салмақ түсірмедім. Өз денсаулығымды өзім нығайттым. Алайда бір рет дәрігерге қаралғым келгенде, мемлекет менен бірден өткен бір жыл үшін жарна өндіртіп алмақ. Осынысы әділетті ме? Оның үстіне емханаға барып жүріп, оның медициналық қызметі төмен деңгейде екенін байқадым, көптеген тар салалы дәрігер жоқ. Сонда нет үшін төлеуім керек?", – дейді үйбикесі. 

Ал Антон Балацюк МӘМС жүйесі енгізілгелі тұрақты жарна төлеп келіпті.

"Қаңтар айынан өзін-өзі жұмыспен қамтушы болып табыламын. Ай сайын бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп тұрамын. Бұған мұқият қараймын, себебі дәрігерлердің ұдайы бақылауын талап ететін созылмалы сырқатым бар. Таяуда емханаға барсам, көмек көрсетуден бас тартты. Сақтандырылған мәртебесін жоғалтқансыз дейді. Мәселенің басын ашу үшін себебін анықтауға кірістім. Қорға хабарлассам, карантин кезіндегі бір ай үшін жарна бойынша қарызымды өтемейінше мәртебем өзгермейтінін айтты. Былтырғы ол айда жұмысымды жоғалтып, табыссыз қалған болатынмын. Бір ай үшін адамды осынша сергелдеңге түсіріп, жүйкесін жұқартуға бола ма? Неге менің қаншама ай бойы жарна төлеп келгенім неге есепке алынбайды", – дейді ол. 

Бұл проблемаға қатысты Энергетика министрінің экс-орынбасары, биылғы қаңтар соңында ақталып шыққан Анатолий Шкарупа үн қосқан болатын. 215 миллион теңге бюджет қаражатын талан-тараж етті деп айыпталған Шкарупа 2018 жылғы қарашада ұсталды, содан бері ол алдымен 19 ай бойы изоляторда, кейін үй қамағында отырды.

"СИЗО-да отырғанымда, заң бойынша менің атымнан мемлекет жарна аударып, соның арқасында "сақтандырылған" мәртебесін иелендім. Таяуда мені ақтаған сот шешімі күшіне енді. Содан соң жұмысқа орналасып, ӘМСҚ-ке жарна аудара бастадым. Алайда соған қарамастан, "сақтандырылған" мәртебесінен айырылып қалдым. ӘМСҚ түсіндіруінше, сақтандырылған мәртебесін иеленуім және осы жүйе арқылы медициналық көмек алуым үшін үй қамағында болған бүкіл кезең үшін жарна төлеуіме тура келеді. Қор менеджері Жүнісбекова сол кезең үшін төленбеген сома – менің қарызым болып саналатынын мәлімдеді. Бұл енді масқара! Медкөмек алу үшін 12 айға жарна төлеуім керек екен, тек сонда ғана жүйедегі мәртебем қалпына келтіріледі", – деп шағымданды экс-вице-министр.

Енді жағдай қалай өзгеруі мүмкін?

Денсаулық сақтау министрлігі "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңына толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат МӘМС жүйесінен тыс қалған миллиондаған азаматқа 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жүйеге кірудің жаңа мүмкіндігін ұсынады.

"Дербес төлеушілер 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін қорға төлем күнінің алдындағы 12 айы үшін республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің 5 пайызы мөлшерінде жарналар төлейді, 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы бар болып белгіленсін", – делінген заң жобасында.

Бұл нені білдіреді? Қазіргіден айырмашылығы неде? Қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, ӘМСҚ оң мәртебе алу үшін қарыз болып қалған адамнан өткен жылдың 12 айы үшін берешекті өтеуді талап етеді. Бұл талап сол айларда дәрігерге қаралмаған, емханаға жүгінбеген азаматтар үшін негізсіз, әділетсіз көрінеді. Енді ДСМ адамдардан арттағы емес, алдағы 12 үшін төлем төлеуді өтінбек. Сонда 1 жылға "медсақтандырылған" мәртебесін иеленеді. Өткен айлар үшін берешекті өтеу қажет болмайды.   

"Қазақстандағы тіркелмеген жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға сақтандырылған мәртебесін беру тәсілін өзгерту ұсынылып отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін МӘМС бойынша болашақ кезеңдерге жарна төлеу әлдеқайда тартымды болып табылады. Сондықтан, сақтандыру мәртебесін алу үшін 3 жыл бойы жарналарды алдағы 12 айға алдын ала төлеуді енгізу ұсынылады. Бұл 25,5 мың теңгені құрайды. Бұдан әрі ай сайын 2 125 теңгеден төлеп отырады", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомствоның байламынша, осылайша, қазақстандықтардың МӘМС жүйесіне кіруінің және медициналық көмек алуының шарттары анағұрлым жақсарады. "Авансы" төленген бір жыл өткен соң ары қарай азамат ай сайынғы екі мың теңгеден астам жарнасын төлеп тұруы керек.

"Осы арқылы бір мезгілде жұмыссыздардың немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бір бөлігінің сақтандырылған мәртебесін алу мәселесі, сондай-ақ МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мәселесі қатар шешіледі", – деген ұстанымда ДСМ.

Тәуір, әрі әділетті шешім табылғанға ұқсайды. Жаңа заң жобасы күзде оқушылармен бірге каникулдан оралатын Парламент депутаттарының назарына ұсынылады. Бастаманың қаншалықты жылдам өмірге жолдама алатыны депутаттарға да байланысты болмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу