Мексика президенті Клаудия Шейнбаумның China Southern әуе компаниясының ұшағымен сапар шеккені белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мехикодан Қытайға дейінгі, Тихуана қаласында аралық аялдамасы болған әуе сапары шамамен 21 сағатқа созылған. Жолаушылардың сөзінше, Мексика президенті ұшақтың эконом-класында, ортаңғы орындықта отырған.
Шейнбаум кері қайтарда да тұрақты жолаушылар рейсін пайдаланған. Осылайша, ол әуеде жалпы 40 сағатқа жуық уақыт өткізген. Ал әуе билетінің құны шамамен 1 100 доллар болған.
Мексика президентінің бұл сапары Қытайдың әлеуметтік желілерінде қызу талқыланды. Оның елге келгеніне арналған хештег Weibo платформасында 10,2 миллионнан астам қаралым жинаған.
Мексикада 2023 жылдан бері президенттік ұшақ жоқ. Шейнбаумның алдындағы мемлекет басшысы Андрес Мануэль Лопес Обрадор Boeing 787 ұшағын Тәжікстанға 92 миллион долларға сатқан. Сатылымнан түскен қаржыны ауруханалар салуға жұмсау жоспарланған.
Жаза кеткен жөн, Клаудия Шейнбаум бұған дейін де шетелдік сапарларында тұрақты әуе рейстерін пайдаланған. Атап айтқанда, ол 2024 жылы Бразилияда өткен G20 саммитіне және 2025 жылы Канадада ұйымдастырылған G7 кездесуіне де осындай рейстермен барған.