Мектеп бағдарламасына бокс пен дзюдо енгізілуі мүмкін

Қазақстан Халық Кеңесінің отырысында балалар спортын дамыту, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау мәселелері талқыланды.

Мектеп бағдарламасына бокс пен дзюдо енгізілуі мүмкін Фото: ЖИ

Жиында, әсіресе, ауыл балаларының спортпен шұғылдануына жағдай жасау және балалар арасындағы семіздікке қарсы күрес мәселелеріне назар аударылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко мен Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков шалғай елді мекендерде спорт инфрақұрылымы мен білікті бапкерлердің тапшылығы әлі де өзекті екенін айтып отыр. Олардың пікірінше, мұндай олқылықтар талантты жас спортшылардың қабілетін толық ашуына кедергі келтіреді. Соның салдарынан болашағынан үміт күттіретін талай жас спортшы кәсіби деңгейге жете алмай қалады. 

Мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары Роман Төреханов мектеп бағдарламасына бокс пен дзюдо элементтерін қамтитын үйірмелер енгізуді ұсынды. Оның пайымдауынша, балаларды жекпе-жек өнерінің бастапқы әдістеріне ерте жастан баулып, қабілеті бар оқушыларды кәсіби спортқа бағыттау қажет.

Ұлттық кеңес мүшесі, белгілі дәрігер Диляра Қайдарова да балалар денсаулығына қатысты мәселені көтерген. Оның сөзінше, кейінгі кезде оқушылар арасында артық салмақ пен семіздік белең алып барады. Сондықтан, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруды мектеп жасынан бастау маңызды. Дәрігер бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын білім беру жүйесінде күшейту қажеттігін атап өтті.

Жиында айтылған ұсыныстар арнайы жұмыс тобының қарауына ұсынылып, мақұлданған бастамалар тиісті министрліктерге жолданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу