Осы аптада Ресейдегі Мәскеу мектептерінің бірінде болған оқиға алыс-жақын елдерді шошытты. Жасөспірім өзінен балаға пышақ сұғып, жазатайым етті.
Әрине, ол қылмыстың астарында ұлтшылдық бар, десек те жасөспірімдердің әлімжеттікке құмарлығы көп елді алаңдатып отыр. Қазақстан да соның бірі. Бас прокуратура 2023-2024 жылдары елімізде оқушылар мен мұғалімдер тарапынан бұзақылық пен буллинг туралы 1809 хабарлама түсіп, 192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бір қызығы, кейінгі уақытта да жасөспірімдер қылмысының артқаны байқалады. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың маусымынан желтоқсанына дейін "кәмелетке толмағанды жәбірлеу" бойынша 184 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелсе, 2025 жылдың алғашқы 6 айында бұл көрсеткіш 202-ге артқан.
Сарапшылар мектеп жасындағы балалар арасында әлімжеттік, ұрып-соғу, ақша бопсалау әлдеқашан қалыпты жағдайға айналғанын айтып жүр. Заңгер Мейірман Шекеевтің пікірінше, бұндай қылмыстарды азайту мақсатында әкімшілік құқық бұзушылықтың 127-бабына "буллинг" тармағының енгені аз, мәселені қылмыстық құқықбұзушылық деп қарап, заңды қатаңдату керек.
– Таразда Мирас деген баланы өзінен бір сынып жоғары оқитын балалар дүкен алдында ұрып-соғып мерт қылғаны есте. Дәл осындай іс менде Семейде де болды. Яғни, әлімжеттікке қатысты 106-бап бойынша іс қозғалып, айыпты 3,5 жыл бас бостандығынан айырылды. Заң бойынша аса ауыр қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап көзделген. Ал жалпы қылмыстық жауапкершілік 16 жастан қарастырылған. Әр мектепте полиция инспекторы бар, бірақ олар бәрін бақылап жүре алмайды. Сондықтан білім ошақтарына түгел камералар орнатылуы керек. Әкімшілік құқықбұзушылықтың 127-бабына "буллинг" тармағы қосылды. Мұнда жауапкершілік оның ата-анасына ғана жүктеледі. Ал шетелде буллинг қылмыстық жауапкершілікпен тең. Сондықтан жауапкершілікті қатаңдатқан абзал, – дейді маман.
Былтыр Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылында жасөспірім 10 сынып оқушысын жүрек тұсынан ұрып, жазым қылды. Кінәлілер 6,5 жыл ғана арқалаған. Жуырда Жамбыл облысының Шу ауданы, Көкқайнар ауылында 10 мен 11-сынып оқушылары футбол ойынынан соң дауласып, төбелес салдарынан 10-сынып оқушысы жантәсілім етті. Бұл басы ашылған, біз білетін қылмыстың бір парасы ғана.
2025 жылдан бастап әрбір мектеп пен колледжге учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бекітілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 2026 жылдан бастап барлық мектепте 500 балаға 1 психолог болуға тиіс деп мәселе көтерді. Оқу-ағарту министрлігі де оқушылар саны 2 мыңнан асатын мектептерде әр қосымша 500 оқушыға бір психолог енгізуді ұсынып отыр. Бұл норманы қазір жергілікті атқарушы органдар талқылап жатыр.
Бұған дейін Мәжіліс "Құқық бұзушылықтыктардың алдын алу туралы" заң қабылдады. Заңда алдын алушылықпен айналысатын субъектілердің құзыры кеңейтілген. Қоғамдық тәртіптің күйі, құқықбұзушылықтың себеп-салдары туралы Ұлттық баяндама жасалатын болады.
Депутаттар бұған қоса әлімжеттіктің, бопсалау, күш көрсетуді дәріптейтін ақпараттар легін азайту керегін алға тартқан. Бір облыста, ауданда іс болса, соны жаппай барлық ақпарат құралдары жариялай бастайды. Ондай ақпараттарға балалардың құлағы үйреніп, қалыпты жағдай сияқты немесе батырлық, ерлік сияқты қабылдайтын деңгейге жеткізіп жатқан көрінеді. Мысалы, Талғар туралы көптеген ақпарат легі, енді сол ауданның балалары жүректі, батыр сияқты ой қалыптастырған іспетті көрінеді.
Қалай алғанда да, бұған нақты бір себепкер ғана бар деп айта алмаймыз. Ескі түсінік, жасөспірімдер арасындағы "жүйе", отбасыдағы тәрбие, әлеуметтік желі әсері – барлығы қосылып қазіргі картинаны шығарып отыр. Ал ауыр жаза жасөспірімдерге тоқтау бола ала ма, ол жағы алдағы уақытта талқыланғаны абзал.