"Мектептің атын естісе, балам шыңғырып, шкафқа тығылады"

4048

Дәстүрлі оқумен бірге буллинг қайта басталды.

"Мектептің атын естісе, балам шыңғырып, шкафқа тығылады"

Ресейде "школа" деген сөзді біраздан бері "Шизанутая Колония Одиннадцати Лет Ада" ұғымынан туындаған аббревиатура деп түсіндіреді екен. Әрине, бұл артық кеткендік шығар. Дегенмен интернетте осыны дәлелдейтін бейнежазбалар көп.

Өкінішке қарай, Түркістанның Ж. Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында 5-ші сынып оқушысы мектеп дәретханасында сыныптасының ұруы кесірінен қаза тапқаны туралы хабар тарады. Он жасында қыршын кеткен ұл баланың ата-анасының айтуынша, оқу орнында күші басым оқушылар басқа балаларға қоқан-лоққы жасап, үнемі ақша дәметеді. Мектеп директоры Уалихан Бесімбаев, әрине, мектеп қабырғасында әлімжеттік қанат жайғанын жоққа шығарды.

Баланың әжесі Г. Маханованың ойынша, оның немересінен ақша әкелуді талап еткен, ол оны орындамаған соң сыныптасы тепкінің астына алған. Сыныпта өзін "атаманмын" деп жариялаған тентек бар көрінеді. Дәрігерлер баланың басына тиген ауыр соққыдан қаза тапқанын растайды. Басында ұйып қалған қан тамырды қысып тастаған. Сонымен бірге бауырына зақым келген.

Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, аталған факт бойынша қазіргі кезде Түркістанның полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалыпты.

Бірақ кінәлі кәмелетке толмағандықтан жазадан құтылып кетуі ықтимал. Ұқсас оқиғалар жиі қайталана бастады. Биылғы шілде айында Теміртауда 12 жасар оқушы Илья Сумкин де төбелес салдарынан мерт болды, ол досын қорғауға, араша түсуге тырысыпты.

Мектеп оқушыларына білім ордаларында ересектерден де қауіп бар көрінеді. Күні кеше Otyrar.kz Шымкентте учаскелік полицейдің оқушы қызды ұрып тастағанын хабарлады. Шәкірттің анасының мәлімдеуінше, инспектор бірнеше рет оның баласының басынан қойып қалған. Қыздың сөмкесінен темекі тауып алған тәртіп сақшысы ашуын осылай білдіріпті. Мектеп әкімшілігі барлық айыпты мойындамай, ат-тонын ала қашты. Ал инспектор әйел еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашқызып, қызметінен уақытша кеткен.

Оқиға болған бөлмеде бейнебақылау камерасы болмаған, бұл кезде оқушы мен инспектордың жанында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары ғана болған. Қыз балаға моральдық қысым көрсетіліпті, наркологиялық ауруханаға апарылатыны айтылған. Жеткіншек бұған қасарысып, шылым шеккісі келсе, мектеп ішінде шегетінін айтып, табандайды. Бұған ызасы келген инспектор телефонмен бірнеше рет ұрған көрінеді. Осыдан кейін қызды үйіне жібереді, үйде жасөспірімнің басы айналып, құса бастаған соң, ауруханаға жеткізілген. Балалардың клиникалық ауруханасында миы шайқалған, бас сүйек-ми жарақатын алған деген диагноз қойылды. Оның анасы полицияға шағым жазыпты.

Ұстаздың жазалаушы бір әдісі – "дәретханаға жібермеу"

Мектептегі балалардың және мектеп қызметкерлерінің буллингі жаңа қарқын алғанға ұқсайды. Екі баланың анасы, Өскемен қаласының тұрғыны Наталья Алексеевна үлкен ұлының мектепке баруды қойғанын айтады.

"Ұлым 3-сынып оқушысы. Екінші сыныпта оқыған кезде суық тиіп, жиі сырқаттанды, содан біраз сабаққа қатыса алмай, бағдарламадан қалып қойды. Сондықтан педагогі оның басқа балаларды қуып жетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс еді. Алайда Надежда Николаевна барлығын керісінше жасады. Ұлыма күн сайын дауыс көтеретін, қорқытып, үркітетін болған. Масқара болғанда, тіпті менің көзімше, ол сегіз жасар балама егер жақсы оқымаса, оның мамасын түрмеге отырғызатынын айтып, доқ көрсетті. Балам мұғалім айғайлап ұрысады деп, мектепке барудан қорқатын болды, сабаққа апарайын десем, шкаф ішіне тығылып қалатынды шығарды. Кейде керуертінің астында жатады", – дейді Наталья.

Егер күштеп мектепке апарса, баласы жол бойы зар илеп жылайды екен. Үйде отырғанның өзінде әлдекім есік қақса, өзін "милиция алып кетуге келді" деп ойлап, тұра қашатын болған. Перзентінің осы ауыр күйін көріп, іші қан жылаған анасы оның мектепке бармауына рұқсат етеді. Мұны естіген мұғалімі бірде түнгі 21:00-де келіп, есігін тоқпақтаған көрінеді. Басқа жолы учаскелік инспекторды ертіп келген. Бүгінде ана екінші тоқсаннан бастап балаларын басқа мектепке ауыстырудың қамын жасап жатқан көрінеді. Ол жүйкесі жұқарған педагогтің балаға психологиялық жарақат салғанына сенімді.

Қарағанды қаласының тұрғыны М. Марина баласы, 2 сынып оқушысы Викторды мұғалімінің сыныптастары алдында масқаралағанын айтып, мұң шағады.

"27 қыркүйек күні сабақ үстінде қатты қысылған балам сыртқа шығуға, әжетханаға баруға бірнеше рет сұранады. Мұғалім жіберуден бас тартқан. Ақыры шыдай алмаған бала құрбы-құрдастарының көзінше бұтына жіберіп қойыпты. Бұл оқиға ұлыма жаман әрі қатты әсер етті, үлкен стресті бастан кешкені сезіледі. Сыныптастарының алдында ұятқа қалғанына, олардың мазақтағанына төзбей, жылап жіберген. Содан мен құрғақ киімдерін әкелгенше, бала сыныпта орнынан тапжылмай, дәретінің үстінде отырыпты. Мұның физиологиялық зиянының болуы, жыныстық органдарына суық тиюі мүмкін. Бірақ оған құрдастарының келемеж еткені қатты батады", – дейді Марина.

Ол ұлын әкетуге келгенде, педагогтер бірін-бірі қорғаштап, оқиғаның себебін айтпағанына да қапаланады. Сондықтан ол мұғалімнің үстінен білім шенеуніктеріне арыз жазған.

Қоғам болып күресетін құбылыс

Елорда тұрғыны Айсұлу Ысқақова жағымсыз көрініске куә болып, жаны жабырқағанын әңгімеледі.

"Кеше мектепте мұғалімнің оқушы балаға ұрысып жатқанын көрдім. "Маскаң қайда, қайда деймін?! Екі маска алып жүріңдер дедім ғой" деп өзге балалардың және ата-аналардың көзінше оны сөгіп жатыр. Ұл бала шамамен 4-6 сынып оқушысы болса керек. Ол ұнжырғасы түскен, басы салбыраған күйде мұғалімін үнсіз тыңдады. Мен шыдамай кетіп, жұрттың көзінше ерсі қылыққа барған мұғалімге ескерту жасадым. Бірақ оның беті былш еткен жоқ: "Айғайлаған жоқпын, сіз менің қалай айғайлайтынымды білмейсіз де!" дейді ұялмай. Оның ойынша, бұған мұғалім емес, баласын бетпердесіз жіберген ата-анасы кінәлі. Олай болса, соларға хабарлассын, айтсын. Бұл мектеп емес, қатаң режимдегі колонияға айналып кеткен бе?!" – дейді А. Ысқақова.

Аға оқытушы, психология мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі Әсел Жұбатқанова буллинг адамзатпен бірге жасап келе жатқанын айтады. Бірақ интернет, әлеуметтік желі, мессенджерлердің пайда болуымен бірге оның жаңа түрлері – кибербуллинг, заманауи жаңа технологияларды пайдалана отырып тиісу формалары өрістеді.

"Буллинг дегеніміз тек мазақтау, қорлау ғана емес, оған ұрып-соғу, төбелесу, заттарын бүлдіру, ақшасын тартып алу да жатады. Оның өсек, қауесет тарату, бойкот жасау, сөйлеспеу, көпе-көрнеу достаспау секілді жанама түрлері бар. Сондай-ақ сексуалды сипаттағы қысыр сөздер, әжуа комментарийлер, әдепсіз ым-ишара, қоқан-лоққы, доқ көрсету, расистік атаулар қоса пайдаланылады. Бұл ретте мұғалім буллингті тоқтата алатын тұлға болуға тиіс. Баланың сыныпта өзін қауіпсіз сезінуі де педагогке байланысты", – дейді психолог-ғалым.

Тәжірибелі, құрметті ұстаз Гүлжанар Естаева бар ауыртпалықты жалғыз мұғалімге жүктеуге болмайды деген пікірде.

"Педагогтердің мәртебесі ұзақ жылдар бойы мемлекет тарапынан қорғалмай, аяқасты болып келді. Бедел-ажар қалмады деуге болады. Отбасын асырау үшін кейбір педагог баға сататынды, пара алатынды шығарды. Мұғалімдерді әлдебір оқушыға дұрыс баға қоймадың деп завуч те, ата-аналар да балағаттайды, қысым көрсетеді. Ата-аналардың, жоғарғы сынып оқушыларының педагогті ұрған кездері болған. Балаларды қорғамақ түгіл, педагогтердің өзі де қорғансыз болып қалды. Оның үстіне оқушыларға интернеттегі, кинофильмдердегі және қоғамдағы қатігездік, қаскүнемдік қатты әсер етеді, ұрпақ осындай ортада тәрбиеленуде. Бұрынғыдай аңқау бала қазір жоқ. Оның бәрімен мұғалім жалғыз алыса алмайды", – деді ол.

Г. Естаеваның пікірінше, буллингпен мектеп, қоғам және мемлекет бірлесіп күрескені жөн. Сонда бір нәтиже шығады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу