Мемлекет 1 вагонды 400 миллион теңгеге сатып алған

5797

Қазақстандықтардың "Қазақстан темір жолына" сұрақтары қордалануда, деп жазады Inbusiness.kz.

 Мемлекет 1 вагонды 400 миллион теңгеге сатып алған

Шиеленіс "шабуылға" ұласқан

Шымкентте темір жолдың ашынған жұмысшыларына "ҚТЖ" бөлімінің бастығымен кездесу үшін оның кабинетінің терезесінен кіруге тура келген. Мұны КТК және өзге ақпарат құралдары хабарлап жатыр. Мұндай қадамға жұмысшы әйелдерді ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе итермелепті: олар 14 жылдан бері өздері тұрып жатқан үйлердің құжаттарына қол жеткізе алмады. Белгілі болғанындай, ұлттық компания берген жер тұрғын үй құрылысы үшін жарамсыз болып шыққан. Басшылық болса, бұл мәселені шешуге жыл сайын уәде етумен келеді. 

2007 жылы "Қазақстан темір жолы" 385 теміржолшы отбасын "Шеңгелді" станциясынан 40 шақырым жердегі "Алғабас" станциясына көшірді. Барлығына өз бетінше тұрғын үй салу үшін 10 сотықтан жер телімі бөлінген. Дегенмен, біраз уақыттан соң 81 үйдің "қызыл сызықтың" ішіне салынғаны және теміржол желісіне тым төніп тұрғаны анықталады. Бұл ретте ол азаматтардың қолында жергілікті әкімдіктің баспана салуға рұқсаты бар. Әйтсе де, билік отбасыларға "қызыл сызық" ішіндегі тұрғын үйлерін жекеменшікке рәсімдеуге де, оларда уақытша не тұрақты тіркеуге тұруға да рұқсат етпеуде. Онсыз емханаға тіркеле алмайды. Рәсімделмеген үйлерге су, жол мен газ жүргізілмейді. Осының кесірінен кейбірі әлеуметтік жәрдемақыдан қағылған. Тұрғындар түгел ақша төлеп, әржақта тіркеуде тұр.

Содан әйелдер балаларын ертіп, мәселенің мән-жайын анықтау үшін жүздеген шақырымнан үшінші мегполиске арнайы сапар шегеді. Бірақ күзет ішке жібермей қойған. Сондықтан шыдамы шегіне жеткен жұмысшы әйелдер терезеге өрмелеп, басшының кабинетін шабуылмен алуға бел буады. Тек осыдан кейін олардың алдына компания заңгері шықты. Ол шиеленіскен бұл мәселеге "Қазақстан темір жолының" кінәсі жоқтығына, бар айып әкімдіктердің жер қатынастары бөлімдерінде екеніне сенімді: жергілікті атқарушы органдар өз бағдарламаларында "қызыл сызықтарды" ескермейтін және жер телімдерін теміржолмен келіспей тарататын көрінеді.

"Бұл – әкімдіктің былығы. Біз қазір шағымданушылардың жазбаша өтініштері негізінде құрылыс департаментіне сұрау жолдаймыз. Бастапқы құжаттарды талап етеміз. Содан кейін проблеманы жұмыс тәртібінде шешетін боламыз", – деді журналистерге "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның Магистралды жол тораптарының Шымкент бөлімшесінің заң бөлімінің бастығы Ерғали Жансейітов.

Осы орайда "теміржолға тіркелей нұқсан келтіруі мүмкін аумақта тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанын "ҚТЖ" қалай көрмеген?" деген сауал туады. Бәлкім, ол үйлерді теміржолшылар салып жатқандықтан көз жұма қараған шығар деген болжам бар. Салада қордаланған өзге де түйткілдер жетерлік.

Отандық вагонды арзан деу қиын

Азаматтар отандық вагондардың ыңғайсыз екенін, тіпті Өзбекстанның өзі бұл тұрғыдан алға озып кеткенін айтып, шағымданып жүр.

"Шынымды айтсам, жылағым келеді. Тамаша елде тұрамыз, ал жерімізде жүйткіп жүрген пойыздар сондай нашар. Іші өте тар. Мысалы, Тальго пойызын жолға қойғанда не ойлады екен?! Дәретханасына кірсең, айналуың қиын. Дәліздері өте шағын", – деп қынжылыс білдірді нұрсұлтандық Дильназ Қаппарова.

"Біздің вагондар тар. Кейде бір-біріне қарсы отырған адамдар көршісінің тістерін санап шыға алады", – деп жазады фейсбукта Сәлима Ақметқалиева.

Елорда белсендісі Шыңғыс Абдіқалықов осы мәселені көтеріп, Үкімет мүшелеріне хат жазыпты.

"Вакцинациялаудың қарқын алуымен бірге халықтың жүріс-тұрысы да қалпына келеді, теміржолдағы жолаушылар тасымалының көрсеткіштері пандемияға дейінгі деңгейге жетеді. Қазір де жаман емес. Тиісінше, темір жол тасымалын қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері қайтадан өзекті болуда. Бұл жерде әсіресе, ескірген вагондар паркін жаңғырту маңызды", – деді ол.

Салаға жауапты меморган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, осы мәселеге Үкімет баса мән беруде. Тиісті миллиардтар да бөлінуде.

"Халықтың вагондар жай-күйін сынауы әділетті. Расында, вагондар паркінің тең жартысы жаңғыртуды талап етеді. Былтырғы 2020 жыл қорытындысында "Нұрлы жол" мембағдарламасы аясында жолаушылар вагондары паркін жаңартуға 40 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға "ҚТЖ" отандық "Тұлпар" зауытынан 100 жолаушылар вагонын сатып алды (орта есеппен 1 вагон 400 миллионға түскен – авт). Бүгінде ол вагондар 7 бағытта "Атырау–Маңғыстау", "Алматы–Жезқазған", "Алматы–Маңғыстау", "Нұр-Сұлтан–Семей", "Алматы–Өскемен", "Нұр-Сұлтан–Арқалық", "Қызылорда–Семей" маршруттерінде сапарлап жүр. Енді биылғы 2021 жылы тағы 31 жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр. Оның бәрін "Тұлпар" зауыты жасайды. Оған 14,7 миллиард теңге бөлінді", – деді министр Бейбіт Атамқұлов.

Бұл жаңа вагондар "Алматы–Маңғыстау" және "Алматы–Атырау" бағыттарында жолға қойылатыны айтылды. Оның байламынша, жаңа вагондар қауіпсіздіктің барлық талабына сәйкес келеді. Іші кондиционермен, бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

Пойыз билетін субсидиялауға 44 млрд шығындалмақ

"Бұған қоса, болашақта отандық зауытта вагон өндірісі технологиясын өзгерту жоспарда бар. Атап айтқанда, вагондарды жылыту үшін қатты отын жағу тәсілінен бойды аулақ саламыз. Оның орнына дизельді электр станциясы, яғни генератор қойылады. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін шамамен 500 вагонды жаңарту жоспарлануда", – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Осының арқасында "ЗИКСТО" АҚ және "Қазақстан вагон құрастыру компаниясы" ЖШС-ның бұрын тоқтап тұрған өндіріс орындары қайта іске қосылды. Былтырдан бері отандық теміржол техникасының өндірісі бірден 49%-ға өсім көрсетіпті.

2021 жылдың 4 айында 4,4 миллион жолаушы тасылды (өсім 1%).

"Тасымал көрсеткіштерінің төмен болуына карантин шектеулері себеп. Пандемияға байланысты 41 пойыз тоқтатылды. Оның 21-і – халықаралық бағдарда сапарлайтын пойыздар. Жолаушылар вагондары паркінің жалпы саны – шамамен 2,6 мың. Оның 46%-ы тозған", – дейді министр. 

Негізі, "Қазақстан темір жолы" тек жолдарды жөндеуге ғана емес, басқа мақсаттарда да ел бюджетіне ондаған милиард қаражат алады. Мәселен, тек жолаушылар тасымалын субсидиялау үшін ұлттық компанияға биыл 44 миллиард теңгеден астам сома бөлінбек. Бұл қаражат небары 57 әлеуметтік маңызды маршрутті субсидиялауға жетеді. Қазіргі уақытта осы қаражаттың 15,5 миллиардын игерген.

Теміржолмен биылғы 4 айда жиырма футтық баламадағы 337,5 мың контейнер тасымалданған. Тұтастай алғанда, 2021 жылы 1 миллион транзиттік контейнер тасымалданады деп болжануда. Бұл 25,3 млн тонна жүк деген сөз.

Темір жол саласында 135 мыңнан астам адам қызмет жасайды. Саладағы ең ірі жұмыс беруші – "ҚТЖ": оның қоластында 125 мыңдай жұмысшы еңбек етуде. Тағы 10 мыңдайы – жеке компанияларда жүк жөнелту, жүк қабылдау, экспедитор мамандықтарында істейді.

Еліміздің қолданыстағы теміржолдарының жалпы ұзындығы 16 мың шақырымды құрайды. Кеңейтілген құрамдағы ұзындығы 21 мың шақырымнан асады.

Соның ішінде жалғыз жолды телімдер көп: үлесі – 68,6% немесе 11 мың 22 шақырым. Қос жол ерсілі-қарсылы жатқан телімдер еншісінде – 31,4% немесе 5 мың 39 шақырым. Қазақстан теміржолдарының басым бөлігінде "электричкалар" жүре алмайды, себебі, теміржолдардың 26,4%-ы немесе 4 мың 237 шақырымы ғана электрлендірілген.

Теміржолдардың 56%-ының тозығы жеткен көрінеді. Сондықтан жыл сайын 600 шақырымдық магистралды желіге күрделі жөндеу жүргізіледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу