Мемлекет басшысы: Саяси науқан "әлеуметтік лифт" жұмыс істейтінін айқын аңғартты

1001

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің алғашқы сессиясында айтты.

Мемлекет басшысы: Саяси науқан "әлеуметтік лифт" жұмыс істейтінін айқын аңғартты Фото: yandex.kz

Президенттің сөзінше, Қазақстанда демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтерілді, деп жазады inbusiness.kz.

"Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ, ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты", - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев билікке білімді жастар келуі керек екенін тағы да еске салды.

"Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалды.

"Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және "әлеуметтік лифт" жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы!", - деді ол.

Мемлекет басшысы депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі арта түскенін атап өтті.

"Сондықтан, осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі, ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық" деген қағиданың тағы бір көрінісі"

"Осы науқанға өте көп адам қатысты. Бұл – қалыпты үрдіс. Олардың арасында мақсаты, ұстанымы әртүрлі жандар бар. Қазір елдің көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауаты жоғары. Кез-келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтсақ, ұзақ мерзімді, жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады.

Қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл – үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік. Баршаңызды Қазақстан мүддесі үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу