Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы ретте Президент бүкіл әлем түркі халықтарына көз тігіп отырғанын алға тартып, бұл жарысты бірлесе дамытуға шақырды.
– Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашанда дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті: бұл – өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мақсаты – биік, жоспары – айқын, болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде әрдайым алға қарай ұмтылып келе жатқанын айтты.
– Біз, соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметкерлер мен мекеме қызметшілері – бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.