Ауылда жер дауы қайта ушықты

6132

Мемлекет мал шаруашылығын жарға жығуға бет алған ба? 

Ауылда жер дауы қайта ушықты

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген "Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы" заңы жобасына сәйкес, алдағы жылы ауылда ұстауға болатын мал басы шектелмек. Бірақ мал басының өсуіне басқа да кедергілер жасалып жатқан көрінеді. Ол жайында ауыл кәсіпкерлері баяндады. 

"Бөтен өлкеден" келгендердің жерді иеленгені жөн бе?

Шығысқазақстандық кәсіпкер, "Ағайынды" шаруа қожалығының басшысы Ернат Қадырқанұлы қаптаған малынан айрылып қалғалы тұрғанына алаңдайды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында, 2021 жылғы 14 желтоқсанда ШҚО-да шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану, жалға алу құқығын беру жөніндегі конкурс өтті. Оның барысында облыстың Жарма ауданының жер қатынастары бөлімі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді фермерлер арасында үлестірді.

"Мен фермер ретінде 3 лот бойынша конкурсқа қатыстым. Біріншісі – Көшек ауылынан 12 шақырым жердегі "Қантарбай" учаскесі. Екіншісі – Көшектен 11,5 шақырым жерде тұрған "Алтапан-3" учаскесі. Ал үшіншісі – Көшек ауылынан 8 шақырым қашықтықта жатқан "9 разъезд-1" телімі. Үшеуі де Шар қалалық округі аумағында орналасқан. Артынша Жарма ауданы әкімдігінің өкілдері қоңырау шалып, біздің бірде-бір лот бойынша жеңіске жетпегенімізді хабарлады. Мен комиссия шешімімен келіспеймін!", – дейді Ернат Қадырқанұлы.

Себебі оның айтуынша, жер телімдерін Шар қалалық округінде орналаспаған компания ұтып алыпты. Жалпы бұл проблема өзге өңірлерге де тән. Ауылдықтар жергілікті жерлерді сырттан келген тұлғалар, кәсіпкерлер иеленіп жатқанына шағымданып, Үкіметке хат жазуда. Бірақ заң бұған тыйым салмайды. Қазақстан федеративтік емес, унитарлы мемлекет. Сондықтан Қазақстан азаматы кез келген облыстан жер ала алады.

Мына жағдайда жеңімпаз ұйым Жаңғызтөбе ауылының кәсіпкері екен. Ол ауыл да Жарма ауданына кіреді. Бірақ Шар қаласынан алыс қонған.

"Бізде онсыз да Шар қалалық округінің шаруа қожалықтары мен фермерлеріне жер учаскелері жетпей жатыр. Соған қарамастан жерді басқа округтің тұрғындарына бергенін құптамаймыз. Бұл барып тұрған әділетсіздік! Кейбір бейресми деректер бойынша жеңіске жеткен компания аудандағы бір дөкей кісіге тиесілі көрінеді. Мұнысы сонда дұрыс па? Құзырын пайдаланған болып шықты ма? Осы мәселе бойынша мен Антикорға жүгінбекпін. Қажет болса, Президент Тоқаевқа дейін барамын", – дейді фермер.

Оның ашынатын жөні бардай. Шар қаласының ветеринарлық дәрігері қызметін қоса атқаратын жас маман Ернат Қадырқанұлының 100-ден аса сиыры мен 100 шақты жылқысы, бір отардай қойы бар. Оларды жаятын жер таба алмаса, сою ғана қалмақ.

"Мен мемлекетке масыл болып отырған жоқпын. Елді, өңір экономикасын көтеру үшін барымды салып, еңбек етіп жатырмын. Қажетті техниканы тегіс сатып алдым. 4 тракторым, роторлы шөпорғыштарым, пресс-бастырма, тіркеме, түрен және басқалары бар. Осының бәрін өз қаражатыма сатып алдым. Мемлекеттен көмек сұрамадым. Шар қаласының айналасындағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырмын. Менде екі отбасы жұмыс істейді. Ерлі-зайыптылар – жетімхана тәрбиеленушілері. Үнемі қайырымдылық іспен айналысамын", – дейді фермер.

Жарма ауданының әкімі оны Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алғыс хатпен марапаттапты. Жас шаруа оның орнына жер берсе деп өтінеді. Ол шенеуніктердің, басқаларының ауылдан жастардың кетіп жатқанына назар аудартып, үнемі мәселе көтеріп жүргенін еске салды. Сонымен бірге билік жастардың ауылда өз бизнесін жүргізуіне жағдай жасамайды. Жас фермер ШҚО әкімі Даниял Ахметовке өтінішпен жүгінді.

Ал Талғар ауданының Нұра ауылының тұрғыны, жергілікті белсенді Болат Баянұлы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа арызданды. Ол мал ұстайтын ауыл кәсіпкерлерінің бизнесін өркендетуіне – жердің жетпейтіні қолбайлау дейді.

"Ауылда туып, ауылда өстім. Біздің ауылымыз Алматы қаласының қасында орналасқанымен өркениеттен кенде қалған. Ауыл әкімі ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, сұхбаттасудан қашады. Жақында, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арнап мемориалды тақта аштық. Сол салтанатты жиналысқа әкімдіктен ешкім келмеді. Айтайын дегенім, ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі алдындағы азын-аулақ малы. Оның өзін ұрылар жан-жақтан талап маза бермейді. Басты мәселе – ауылымыздың жанында мал бағатын жайылым жер жоқ", – дейді ол.

Б. Баянұлы аймақ басшысы Қанат Бозымбаевтан "Талғар ауданының Нұра ауылының қасындағы жер телімдерінің иелері туралы мәліметті беруді" сұрайды. Тұрғындар барлық жер әлдебір "латифундистер" қолында шоғырланып кетпеді ме деп қауіп қылады.

"Бөтен өңірденсің!" деп өзекке тепкен жөн бе?

 Маңғыстаулық фермерлер де осындай қиындыққа тап болды. Бұл өңір биыл қатал қуаңшылықтан қатты зардап шеккені белгілі. Содан 2021 жылдың маусым айында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов бастаған, құрамына 5 аудан әкімінің орынбасарлары және ауыл шаруашылығы саласының мамандары кірген делегация көршілес Ақтөбе облысына аттанады. Іссапар барысында делегация Маңғыстау облысындағы құрғақшылықтан қиналған аудандарды жем-шөппен қамтамасыз ету, фермерлерге шабындық, мал жайылымы жерлерін бөліп, көмектесу мәселелерін көтерген.

Әрине, бір елде тұратын қазақтар бір-бірін қолдауы керек. Сондықтан Ақтөбе облысы әкімнің орынбасары Жақсагалей Иманқұлов және Ақтөбе облысының 5 ауданы – Темір, Алға, Қобда, Байғанин, Ырғыз аудандарының әкімдіктері көршілерімен өзара келісімді бекітетін меморандумға қол қояды.

Осы қуанышты хабар жергілікті ақпарат құралдары арқылы жариялана салысымен, маңғыстаулық ауыл кәсіпкерлері әкімқаралардың ізімен Ақтөбе жақты бетке алған. "Данияр" шаруа қожалығының басшысы Тоқсан Сағымбайұлының мәліметінше, биылғы 14 қыркүйекте Ақтөбе облысының Темір ауданында орналасқан жер учаскелерінде шаруа қожалығын жүргізу, жалға алу үшін конкурс өтіпті.

"Біз конкурста ұсынылған жер учаскесі тізімі бойынша бірден 5 лот бойынша қатыстық. Комиссия мүшелері біздің шаруа қожалығымыздың конкурстық құжаттары дұрыс болса да, жылқы малының басымдығы төмен деп өткізбей тастады. Осыны растайтын видеожазба қолымда бар. Толық нұсқасын инстаграм парақшаға салып қойдым", – дейді ол.

Конкурс болатын күннің алдында, 13 қыркүйекте фермер Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаевқа кіріп шығыпты. Мал жайылымына арналған жер телімін жалға берсе, Темір ауданына инвестиция әкелетініне сендірген.

"Ол кісі көмектесетінін, конкурс төрағасы – аудан әкімінің орынбасары Азамат Жанболатұлына ескертетінін жеткізді. Алайда комиссия төрағасы конкурс кезінде дауысқа салынғанда, "маңғыстаулық шаруа қожалығына көмектесейік, қуаңшылыққа ұшырады ғой" деп бір ауыз сөз айтпапты. Кешегі екіжақты қол қойылған, "бір-бірімізге көмектесеміз!" деген екі облыс арасындағы меморандум қайда сонда? Бізге еңбекқор халықтың мүддесін ойлайтын, "басқа ауданнансың, басқа облыстансың!" деп бөлмейтін әкімдер керек", – дейді Т. Сағымбайұлы.

Ақтөбе облысы әкімдігінің түсіндіруінше, биылғы жылдың 14 қыркүйегінде Темір аудандық жер комиссиясының 14 лот бойынша конкурстық отырысы өткізілді. Сонда маңғыстаулық "Данияр" шаруа қожалығы 5 лот бойынша өтінім берді.

"Аталған шаруа қожалығына №1, 3 лоттар бойынша – 15 балл, №2, 6, 7 лоттар бойынша – 20 балл берілді. Яғни "Данияр" ШҚ-ның алғашқы екі лот бойынша балл саны төмен болды. Ал қалған үшеуі бойынша оның балл саны өзге өтінім білдірушілермен тең түсті. Комиссия мүшелерінің ашық дауысы негізінде өзге өтінім берушілер жеңімпаз деп танылды", – деп мәлім етті облыс әкімдігі.

Әкімдік өңірдің өз көршісіне биыл мүмкіндігіне қарай көмектескеніне сенімді: "Темір ауданының әкімдігі және Маңғыстау облысының Түпқараған ауданының әкімдігі арасындағы өзара келісім меморандумына сәйкес, Темір ауданынан Маңғыстау облысына автокөлікпен 10 мың тонна және 10 вагон тегін жем шөп жеткізілді. Сөйтіп Темір ауданы келісімін орындады".

Жалпы жерге қатысты мәселелер елде әрі қарай қордаланып жатқанға ұқсайды. Оны қуаңшылық тіптен өршіткені байқалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу