Мемлекет миллион теңгеге дейінгі ақшаңызды қайтарады

908

Мүмкіндікті жіберіп алмаңыз: қазақстандықтар артық төленген салықтарын бюджеттен кері алып қоя алады. 

Мемлекет миллион теңгеге дейінгі ақшаңызды қайтарады Фото: inbusiness.kz

Мемлекет пен бұқара арасындағы қарым-қатынас – ежелден тек заңмен ғана емес, өзара сенім мен жауапкершілік таразысымен өлшенетін нәзік құбылыс. Бұл ретте кейде біз мемлекет жүктеген міндеттерімізді адал атқарғанымызбен, мемлекеттен өз игілігімізге қайтара алатын заңды қақымызды пайдалана бермейтініміз бар.

Qazaq Expert Club-ының сарапшысы, салық кеңесшісі Раушан Тасшойынованың түсіндіруінше, кейбір қазақстандықтар үшін өткен 2025 жыл үшін төленген жеке табыс салығының (ЖТС) бір бөлігін мемлекеттен қайтарып алудың бірегей мүмкіндігі әлі де сақталып отыр.

Ырысы бар қайтқан қаржыға қол жеткізу үшін тым кеш емес. Тек ол үшін биылғы жылдың 15 қыркүйегіне дейін 270.00 нысаны бойынша салық декларациясын дер кезінде өткізіп үлгеру қажет екен.

Көптеген қазақстандықтың өз қалтасынан шыққан заңды қаржысын қайтара алмай, босқа жоғалтып жатуының басты себебі – құқықтық сауаттылықтың аздығы және заңнамада нақты бекітілген салық шегерімдерін тиісті деңгейде пайдалана алмауы, дейді сарапшы.

"Көбінесе қазақстандықтар өздеріне тиесілі салық шегерімдерін уақытылы пайдаланбай, ақша жоғалтады. 2025 жылы салық салынатын табысты оқуға, медициналық қызметтерге және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыларға жұмсалған шығыстарына сай азайтуға болатын еді. Егер сіз үшін шегерімді жұмыс берушіңіз ресімдемесе, онда декларация тапсыру арқылы енді оны өз бетінше жасауға құқылысыз", – деп хабардар етті Раушан Тасшойынова.

Әрине, заңның аты – заң, оның әрбір тармағы мен талабында өзіндік шектеулер бар. Мемлекет қаражаты орынсыз жұмсалмауы үшін әр шегерімнің шекара-межесі белгіленген. Мәселен, сарапшы еске салғандай, білім беру саласындағы шегерімдер тек мектепке дейінгі (балабақша), техникалық және кәсіптік (колледж), орта білімнен кейінгі және жоғары білім алу (университет) шығыстарына ғана беріледі.

Ал, медициналық салықтық шегерімге сұлулық пен эстетиканы күйттейтін косметологиялық қызметтер мүлдем енбейді. Сонымен бірге адам көркіне әр беретін стоматологиялық қызметтерді медициналық салық шегеріміне жатқызуға болады.

Бірақ бұл жерде ескеретін бірнеше маңызды заңдық талаптар мен ерекшеліктер бар. Егер сіз қақсаған тісіңізді емдетсеңіз немесе түсіп қалғанын протездетсеңіз, бұл шығындарды салық шегерімі арқылы қайтаруға толық құқығыңыз бар.

Қандай стоматологиялық қызметтерді жатқызуға болады?

• Рұқсат етіледі: тіс емдеу (пломба салу, тісжегі-кариесті емдеу, тістегі жүйкені алып тастау), тісті жұлу, протездеу, имплантация және басқа да емдік-сауықтыру процедуралары.

• Рұқсат етілмейді: таза эстетикалық сипаттағы қызметтер. Мысалы, тісті химиялық ағарту (отбеливание) немесе винирлер орнату сияқты косметикалық процедуралар шегерімге жатпайды, өйткені әлгінде айтылғандай, заң бойынша косметологиялық қызметтерге салық шегерімі берілмейді.

Ипотека мәселесінде де шектеу бар: мемлекет сіздің бүкіл негізгі қарызыңызды емес, тек тұрғын үй кредиті бойынша банкке төленген сыйақы (пайыз) шығыстарыңызды ғана салықтан алып тастауға рұқсат етеді.

Бұл қайтарым жүзеге асуы үшін декларациядағы тек құрғақ сөз емес, нақты құжаттық негіздеме қажет.

"Шегерімді пайдалану үшін біріншіден, 270.00 нысаны бойынша декларация тапсырасыз. Екіншіден, оған растаушы құжаттардың көшірмесін қоса тіркеуіңіз қажет. Егер қайта есептеуден кейін жеке табыс салығы артық мөлшерде ұсталғаны анықталса, салық төлеуші артық төленген соманы қайтаруға құқылы", – деп түсіндірді Тасшойынова.

Сонымен қатар, сарапшы 2025 жылы жұмыс берушісі арқылы басқа да шегерімдердің "алдын ала сомасын" пайдаланған азаматтардың назарын бір мәселеге аударды: олар үшін растаушы құжаттармен бірге тиісті декларацияны тапсыру – салық заңнамасының айналып өтуге болмайтын қатаң, міндетті талабы.

Сізге қандай сома қайтарылуы мүмкін?

Салық шегерімі дегеніміз – сіздің табысыңыздың салық салынбайтын, яғни, мемлекеттің "тиісуіне" Салық кодексімен тыйым салынған бөлігі. Осының арқасында адам жеке табыс салығын (ЖТС-ті) азырақ төлеп, өз еңбегімен тапқан табысының бір бөлігін мұрты бұзылмаған күйде ала алады.

Дегенмен, бұл жерде әңгіме 2025 жылы төленген салықтардан жасалған шегерім туралы сөз болып отырғанын еске саламыз. Ол кезде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексі (Салық кодексі) атты құжат күшінде болған.

Оның 342-бабына сәйкес, жеке тұлғалар мынадай салықтық шегерім түрлерін қолдануға құқылы болды:

• міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім – әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде;

• міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар бойынша салықтық шегерім – МӘМС туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде;

• стандартты салықтық шегерімдер (стандартты шегерімдер);

• көп балалы отбасыларға арналған салықтық шегерімдер;

• ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерім;

• баланы оқытуға арналған салықтық шегерім;

• медицинаға, емделуге арналған салықтық шегерім;

• сыйақылар бойынша салықтық шегерім;

• әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде – нысанасы жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістерден ұсталатын әлеуметтік аударымдар бойынша салықтық шегерім.

Міне, осы шегерімдерді былтыр жасамасаңыз, онда 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін пайдаланып, жалақыңыздан бюджетке заңсыз ұсталған қаражатты қайтаруға әлі де мүмкіндігіңіз бар.

Бұл ретте ескі кодекс салық агентінде, сол сияқты жеке тұлға дербес қолданған көп балалы отбасылар үшін салықтық шегерім мен өзге шегерімдердің бір жылдағы жалпы сомасының шекті мөлшерін 564 АЕК-ке (2025 жылы 2 217 648 теңгеге) дейін жеткізуге рұқсат етті.

Нәтижесінде, кейбір адамдар бухгалтерияға тиісті анықтама-құжаттарының бәрін ұсынып, жалақысынан бір тиын салық төлемейтін. Енді жағдай өзгерді. Қос палаталы соңғы Парламент қабылдап кеткен жаңа Салық кодексінде бұл жеңілдіктердің көбі алып тасталды.

Жаңа кодекстің 401-бабына сәйкес, биылдан бастап, жеке тұлғалардың жеке салықтық шегерімдердің тек 3 түрін ғана қолдануға құқығы бар:

• әлеуметтік төлемдердің салықтық шегерімі;

• базалық салықтық шегерім;

• әлеуметтік салықтық шегерімдер;

Ал, әзірге қазақстандықтар декларация тапсыру арқылы өткен 2025 жыл үшін келесідей салық шегерімдерін заңды түрде қолдана алады:

• Көпбалалы отбасылар үшін – жылына 282 АЕК немесе 1,1 миллион теңге (айына бір ата-ана үшін 23 АЕК немесе ерлі-зайыптылардың әрқайсысы бірдей мәлімдегенде 12 АЕК-тен).

• 21 жасқа дейінгі перзентінің оқу ақысын төлеген ата-аналарға – жылына 118 АЕК-тен аспайтын сома (шамамен 463,9 мың теңге).

• Медициналық қызметтерге жүгінген жандар үшін – жылына 118 АЕК-тен аспайтын көлемде.

• Ипотекалық несиесі барларға – банкке төленген пайыздық сыйақы көлемінде, бірақ жылына 118 АЕК-тен аспайды.

Мысалы, егер 2025 жылы ипотекалық несие алған азамат ай сайын банкке 30 мың теңге пайыздық сыйақы төлеп тұрса, дәл осы сома салық шегерімі ретінде танылады. Егер оның айлық жалақысы 500 мың теңге болса, мемлекет салықты толық сомадан емес, сыйақыны шегеріп тастап, 470 мың теңгеден ғана есептейді. Осы қарапайым есептеудің арқасында адам ай сайын 3 мың теңге (шегерім сомасының 10%-ын) үнемдеп, қалтасына салып отырады.

Бірақ ипотека бойынша пайыздық сыйақы әлдеқайда көп болса, оны жылдық мәнде 118 АЕК-ке дейін шегеруге рұқсат болған. 2025 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге тең болғанын ескергенде, бұл сома 463 976 теңгеге тең. Ендеше жеке табыс салығы 500 мың теңге жалақыдан емес, одан шегеруден қалған 36 024 теңгеден ғана есептеледі. Бұл жағдайда азамат жалпы сомасы 47 мың теңгедей қаражатын қайтара алады.

Мұндай кішігірім қайтарым қаржыдан құралған жинақ үлкен берекенің бастауы болуы мүмкін. Салықтық жеңілдіктер – мемлекеттің өз азаматының отбасылық бюджетіне жасаған шағын қамқорлығы іспетті.

Базада "адасқан" көлік пен мүлік мәселесі

Салық кеңесшісі Раушан Тасшойынованың байламынша, артық төлемдер мүлік пен көлік салықтарында да жиі кездеседі. Мүлік және көлік салығы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтері немесе деректері негізінде автоматты түрде есептеледі. Салдарынан, мәліметтерді жаңарту кешіктірілсе немесе қателіктер болса, бұл салықтарды қате есептеулер орын алып жатады.

Маман мысал ретінде өмірде жиі кездесетін жағдайды алға тартты: азамат өзінің машинасын сатып жібергенімен, тиісті базада жаңа иесі туралы мәлімет әлі жаңартылмаған. Осындай жағдайда салықшылар көлік салығын төлеуді бұрынғы иесінен талап етіп, хабарламаны соның атына жолдайды.

Оны уақытылы төлемесе, айыппұл және жеке сот орындаушысының 25 пайыз сыйақысын төлеуге мәжбүр болады. салдарынан, орынсыз шығын шегеді. Дәл осындай олқылықтар жылжымайтын мүлік нысандарында да көрініс табуы мүмкін.

Сонымен қатар, заң бойынша мүлік салығынан мүлдем босатылатын немесе жеңілдігі бар азаматтардың санаты бар екенін есте ұстаған абзал. Бұл ардагерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, жетім балаларға, мүгедектігі бар баланың ата-анасының біріне, "Алтын алқа" алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға, сондай-ақ бөлек тұратын зейнеткерлерге қатысты.

Цифрлық дәуірдің темір жүйесі де қателесуден ада емес. Сондықтан мемлекеттік базадағы өзіңізге қатысты деректердің жаңартылуын дер кезінде қадағалау – өз құқығыңды уақыт шаңына көмдірмей, сақтап қалудың бірден-бір амалы.

Қорытындылай келе, Тасшойынова декларация тапсырар алдынде 2025 жылға арналған барлық салық шегерімдерінің толық пайдаланылғанын, мүлік пен көлікке салынатын салықтардың дұрыс есептелгенін, сондай-ақ салық төлеушінің жеңілдіктерге құқығы бар азаматтар санатына жататын-жатпайтынын мұқият зерделеуге кеңес берді.

Бұл ретте сарапшы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ережелер түбегейлі өзгергенін қайталай еске салды: биылдан бастап, оқуға, медициналық қызметтерге, ипотека бойынша пайыздарға арналған және басқа да бірқатар шегерімдер мүлдем жойылды. Олардың орнына бүкіл ел азаматтары үшін теңдей қолданылатын 30 АЕК мөлшеріндегі бірыңғай базалық салық шегерімі күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу