Мемлекетке есеп тапсыратындарға қатысты елең еткізерлік жаңалық

1050

Декларацияны уақытылы тапсырмағандар алаяқтарға жем бола бастады.  

Мемлекетке есеп тапсыратындарға қатысты елең еткізерлік жаңалық Фото: consultexpert.ru

Осыдан төрт жылдай бұрын қабылданған заң бойынша 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы 3 кезеңіне енбеген халықтың қалған барлық санаты тегіс міндетті декларациялауға ілігетін еді.

Алайда, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Президенттің былтырғы тапсырмасына сәйкес, биыл бұл салада реформа болды. Шамамен 13 миллионнан аса ересек қазақстандықтың 9 миллиондайы міндетті декларациялаудан босатылды.  

Бұл заң жүзінде бекітілді. 2025 жылғы 15 шілдеде Мемлекет басшысы "ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) кодексіне және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" №208-VІІІ ҚРЗ заңына қол қойып, ол күшіне енді.

Алайда жауапты органдардың түсіндірме жұмыстарын жете, жан-жақты жүргізбеуі кесірінен, қазақстандықтардың көбі декларация тапсырудан босатылғанын білмейтін болып шықты. Олар осыны пайдаланып, өзіне қоңырау шалып, қорқытып-үркіткен алаяқтарға алданып, жиған-тергенінен айрылып жатыр.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Қазақстан тұрғындарына үндеумен қайрылып, елде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын ескертті. Нақтылағанда, қаскөйлер "декларацияны мерзімінде тапсырмадың!" дегенді сылтауратып, жұртты сазға отырғызуда.

Қарағанды тұрғыны Мәуленге "Қаржы министрлігінен" хабарласыпты.

"Телефонның ар жағындағы дауыс дара кәсіпкер ретінде биыл декларация тапсырмағанымды мәлімдеді. Содан кейін бұл үшін қандай жаза қарастырылғанын түсіндіріп, Әкімшілік, Қылмыстық кодекстердің баптарын теріп шықты. Үш күннен кейін "барлық шоттарың бұғатталады" деді. Шошып кеттім, өйткені жеке кәсіпкерлігімді жабуға өтініш бергенмін. Жабылған-жабылмағанын тексермеппін. "Қаржы министрлігінің" қызметкері 3 млн теңге айыппұлға ілікпеу үшін телефонға келген сілтемемен өтіп, салық сервисінде дербес деректерді толтырып, код пен құпиясөзді сонда енгізуді талап етті", – дейді Мәулен.

Шынында онысы салық дерекқоры емес, фишингтік сайт болса керек. Ол қоңырауды үзе салып, интернеттен декларацияны ұсынбағаны үшін қандай жаза белгіленгенін іздепті. Ешқандай миллиондаған айыппұл салынбайтынын білген.

Декларацияны бірінші рет ұсынбаса, ескерту жасалады. Бір жыл ішінде қайталап бұзса, яғни, ары қарай да тапсырмаса, 15 АЕК немесе 2025 жылы 58 980 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Декларация тапсырса, бірақ онда толық емес немесе қате мәліметтерді көрсетсе, бірінші рет – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 3 АЕК көлемінде (2025 жылы 11 796 теңге) айыппұл жазылады.

Азаматтар қателіктерді немесе дәлсіздіктерді өз бетінше түзете алады, бұл үшін қосымша декларацияны Салық кодексінің 48-бабында белгіленген үш жылдық ескіру мерзімі ішінде тапсырып үлгеруі шарт. Бұзушылықты өз бетінше түзетсе, айыппұл салынбайды.

Егер декларацияда көрсетіліп, салығы төленуге тиіс мүлкін, акция, активтерін, соның ішінде шетелдегі шоттары мен дүние-мүлкін тықса, бірінші рет салық объектілерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде айыппұл, жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 300% айыппұл салынады.

"Қазақстанда салық декларацияларын кешіктіруге байланысты алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Алаяқтар мемлекеттік қызметкер ретінде азаматтарға телефон соғып, салық декларацияларын кешіктіріп алғанын хабарлайды. Қаскүнемдер мәселені үш күн ішінде "шешуді" талап етеді, әйтпесе, шоттарын бұғаттайтынын айтып қорқытады. Ары қарай "жеке басын растау" үшін алаяқ SMS-пен келген кодты сұратады. Осыдан кейін қылмыскерлер құрбанының банк шоттарына қол жеткізіп, ондағы ақшаларды ұрлайды", – деп түсіндірді ІІМ.

Құқық қорғау органдары ескертеді:

·      Мемлекеттік органдардың қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайды және растау кодтарын сұратпайды;

·      SMS кодтарын, құпия сөздерді (пароль) немесе басқа да дербес деректеріңізді үшінші тараптармен, бөгде адамдармен бөліспеңіз;

·      Егер сізге күдікті қоңыраулар түссе, әңгімені дереу тоқтатып, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз. Ары қарай не істеу керектігін соның операторы түсіндіруге тиіс.  

Айта кету керек, декларация тапсырудан биыл жеке кәсіпкерлер де босатылды. Бұған қоса, Қаржы министрлігі енді 5 жылдан кейін декларацияны мүлдем жоюға, оны тапсыруды талап етуден бас тартуға уәде етіп отыр.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексінде декларацияны алдын ала толтыру режимі қарастырылғанын, осы арқылы процедура жеңілдетілгенін алға тартты.

"Біз азаматтардың, кәсіпкерлердің тапқан табыстарын, айналымдарын бақылау-кассалық аппараттар, мобильді аударымдар, банктердің ақпараты және басқа дереккөздерден көріп отырмыз. Соның негізінде декларацияны автоматты түрде толтыратын сервисті ұсынатын боламыз. Жалпы, перспективада, алдағы 5 жылда декларациялаудың өзінен бас тартатын боламыз. Өйткені бүгінде барлығы айқын, мөлдір болуда. Кімнің кімге төлегенін біліп отырмыз. Алушылардың деректері бізде көрсетіледі", – деді Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылғы сияқты, алдағы 2026 жылы да жалпыға бірдей міндетті декларациялаудан келесі санаттар босатылды:

  • зейнеткерлер;
  • жекеменшік ұйымдардың жұмыскерлері;
  • студенттер;
  • үй шаруасындағы әйелдер және басқасы.

Сонда декларация ұсынушылар қатарында кім қалды?

Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) тапсыруға міндетті санаттар:

1.   мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары;

2.   банктердің, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары, сондай-ақ олардың жұбайлары;

3.   жарғылық капиталдағы үлестің (акционерлік қоғамдардың акцияларының) 10 пайызынан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларынан (қатысушыларынан) басқа олардың жұбайлары-резиденттер;

4.   жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар);

5.   өз бетінше салық салуға жататын кірістер алған тұлғалар (мүлікті жалға беруден түскен кірістер; шетелдік банк шоттары бойынша сыйақылар; цифрлық активтермен операциялардан түскен кірістер; төлем көзінен салық ұсталмаған өзге де кірістер), жеке кәсіпкерлердің кірістерінен басқа;

6.   шетелдік банктерде шоттарында ақша қаражаты бар тұлғалар, егер олардың сомасы жиынтығында 1000 АЕК-тен асса (2025 жылы - 3 932 000 теңге);

7.   шетелде мүлкі бар тұлғалар, оның ішінде құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүліктер (жылжымайтын мүлік, көлік құралдары және т.б.);

8.   меншігінде цифрлық активтері бар тұлғалар;

9.   есепті салық кезеңінде жиынтық құны 20 000 АЕК-тен асатын (2025 жылы - 78 640 000 теңге) мүлікті, оның ішінде ҚР шегінен тыс жерлерде сатып алған тұлғалар:

·       жылжымайтын мүлік;

·       көлік құралдары;

·       заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері;

·       бағалы қағаздар;

·       туынды қаржы құралдары (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарынан басқа);

·       тұрғын үй құрылысына қатысу үлестері;

·       инвестициялық алтын.

10. салық агентіне өзге де шегерімдердің алдын ала сомасы түрінде салық шегерімдерін қолдану туралы өтініш берген тұлғалар.

Енді Заңмен декларацияда мүлікті сатып алу/иеліктен шығару туралы, сондай-ақ сатып алу шығындарын жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті тұлғалардың санаттары толықтырылды. Осылайша, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осындай міндет жүктелген тұлғалардан басқа, сондай-ақ:

  • банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушылары, инвестициялық және олардың жұбайлары-резиденттері;
  • жарғылық капиталдағы үлестің (акционерлік қоғамдардың акцияларының) 10 пайызынан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың жұбайлары-резиденттері;
  • есепті салық кезеңінде жиынтық құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті сатып алған тұлғалар тапсырады.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу