Мемлекеттен 31 миллион теңге алу мүмкіндігі туды

3907

Үкімет елде бау-бақша шаруашылығын дамытуға білек сыбана кірісуге ниетті.

Мемлекеттен 31 миллион теңге алу мүмкіндігі туды Фото: canva

Мемлекет ішкі нарықты импорттан қорғауды, осы мақсатта отандық өндірушілерге қаржылай қолдау көрсету, өндірістік қуаттарды кеңейту және өзге де ынталандыру шараларын қолға алыпты. Бұл туралы Сенат депутаттарына хатында Премьер-министр хабарлады.

Оның мәліметінше, соның аясында бау-бақша саласын дамытуға бағытталған шаралар кешені іске асырылуда. Бірақ шетелден келетін көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы әлдеқайда арзан болса, бақша өсірушілер қып-қызыл шығынға батпай ма?

Үкімет басшысы бұл тұрғыда да қорғаныс болатынын жеткізді. Мысалы, ішкі нарықты қолдау үшін мемлекет 2024 жылғы 8 қазаннан 31 желтоқсанға дейін Қазақстанға сырттан алма әкелуге тыйым салып тастады. Осыған байланысты елде алма бағасы екі есеге дейін қымбаттап, кәсіпкерлерді қуантты.

Қорғаныс "шебі" басқа бағыттарда да күшейтілуде екен. Сыртқы сауда мен импортты шектеу сыртында, Олжас Бектеновтың дерегінше, "Сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына азық-түлік тауарларының 15 атауына ең төменгі бағаларды енгізу туралы ұсыныс енгізілді".

Яғни, саудагерлер ол тізімдегі өнімдерді ең төменгі бағадан арзан сата алмайды. Тәбет ас үстінде келетіні мәлім.

Осы орайда отандық өндірушілер мен депутаттар Үкіметтен әсіресе, бізде және бүкіл көрші елде астық жиналатын маусымда шетелден әкелінетін барлық көкөністерге, жеміс-жидектерге үлкен салық салуды, сол арқылы олардың бағасын әу бастан қымбат етуді сұрады.

Ұқсас тарифтерді Трамп қолданатыны белгілі. Бірақ Қазақстан Еуразиялық одақ пен ДСҰ мүшесі ретінде оған бара алмайды екен, барса, жазаланады.

"Маусымдық кедендік баждарды енгізу бастамасына келсем, алма, қара өрік, жүзім, жидектерді қоса алғанда бау-бақша өнімдеріне қатысты қолданыстағы баж ставкалары Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ аясында мойнына алған міндеттемелеріне сәйкес болуға тиістігін атап өткен жөн. Оларды өсірсек, бұл халықаралық шарттық міндеттемелерімізге қайшы келеді!", – деді Бектенов.

Үкімет басшысы сауда серіктестерді жоғары тарифпен жазалау орнына отандық бау-бақша шаруашылығын қолдауға ден қоятынын жеткізді.

Мәселен, ауылдықтар мен қала маңындағы жұрт бақша өсіріп, мемлекеттен 31 миллион теңгеден астам арзан несие қаржысын ала алады. Бірақ ол үшін бақша салушылар кооперативке бірігуі шарт.

"Нақтыласам, "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 8 мың АЕК-ке (2025 жылы 31 456 000 теңгеге) дейінгі сомаға ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жеңілдікті кредит беру көзделген. Бұл ретте микрокредит беру және лизинг қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ол электрондық жүйе арқылы өтінімдер беру мүмкіндігін, сондай-ақ кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасының лизингін ресімдеуді көздейді", – деп мәлім етті Олжас Бектенов.

Бау-бақша өсіріп, мол өнім жинау үшін сапалы тұқым қажет. Үкімет басшысының мәліметінше, егер бақшашы жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық көшеттерін өзі сатып алса, онда оның құнының 50%-ын мемлекет тұқым шаруашылығы бағдарламасы аясында субсидиялайды, яғни, өтеп береді.

Осы өтемақы деңгейін алда 70%-ға дейін ұлғайту мәселесі бюджеттің мүмкіндіктері мен мүдделі меморгандармен келісу негізінде пысықталатыны мәлімделді.

Қолдау мұнымен аяқталмайды. Премьер-министр фермерлік кооперацияларды дамыту үшін қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы кооперативтері жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен техника мен жабдықтарды сатып алуға жоғарылатылған нормалары бар (50%-ға дейін) "инвестсубсидиялар" ала алатынына назар аудартты.

Бұған қоса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу кезінде салықтық жеңілдіктерді, қосымша ұпайларды қоса алғанда, мемлекеттік қолдаудың барлық шараларына қол жеткізе алады екен.

Сонымен бірге, бау-бақша отырғызуға, жеміс-көкөніс қоймаларын салуға, контейнерлер, тоңазытқыш жабдықтар мен рефрижераторлар сатып алуға инвестициялық субсидиялар көзделген.

Бау-бақша шаруашылығын дамыту ғылыми негізде жүргізілуге тиіс. Саланы ғылыми сүйемелдеу үшін 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүзеге асырылуда.

Оның аясында "Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС мамандары бақша шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруға, заманауи сорттарды енгізуге, отандық селекцияны дамытуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған 2 ғылыми-техникалық жобаны іске асыруда.

Осы небары 2 жобаны іске асыруға бюджеттен 1,7 миллиард теңге көлемінде қаржы шығындалатын көрінеді.

"Сондай-ақ "Апорт" алма сортын жандандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында Қазақстан 2028 жылға қарай осы атақты сорттың бақша алқабының аумағын 110 гектарға ұлғайтуды қарастырады. Бұдан өзге, бағдарлама отырғызу материалын (көшеттерді) өндіруді, сортты ұлттық бренд ретінде әлемге танымал етуді, стандарттарды әзірлеуді және сортты қалпына келтіру бойынша ілеспе іс-шараларды жүргізуді қамтиды", – деді Бектенов.

Үкімет бағдарлама аясында өз алдына келесі мақсат, нысаналы көрсеткіштер белгілеп отыр: бау-бақша өсірілетін аумақ 2025 жылғы 612 мың гектардан 2030 жылға қарай 1 миллион 362 мың гектарға жетуге тиіс.

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Президент Тоқаевтың өзі Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Үкіметке бау-бақша шаруашылығын дамытуды, инфрақұрылымын жаңғыртуды және мемлекеттік қолдауды күшейтуді тапсырғанын еске салды.

Ендеше бұл – президенттік тапсырма. Оның не нәтиже әкелгені, бау-бақша аумағының 1,4 миллион гектарға жеткен-жетпегені 2029 жылы қорытындылануға тиіс.

"Соңғы жылдары бұл салада белгілі бір ілгерілеу байқалады. Алайда жүйелі мәселелер кешенді шешілген жоқ және саланың толық дамуына елеулі кедергі келтіріп тұр. Саланың жағдайына тоқталсақ, 2024 жылы елімізде жеміс-жидек дақылдарының жалпы егіс алқабы 35,3 мың гектар ғана болды", – деді Сұлтан Мырзабекұлы.

Оның ішінде:

  • Алма – 28,7 мың гектар,
  • Өрік – 4,4 мың гектар,
  • Жидек дақылдары – 2,9 мың гектар,
  • Жүзім – 9,6 мың гектар жерде ғана өсті.

Жиналған өнімнің жалпы көлемі небәрі 317,1 мың тоннаны құрады. Атап айтқанда:

  • Алма – 225,7 мың тонна,
  • Өрік – 35,5 мың тонна,
  • Жүзім – 9,6 мың тонна,
  • Жидектер – 22,7 мың тонна.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша бір адам жылына 120 келіге дейін жеміс-жидек тұтынуы қажет. Олай болса, 20,4 миллион қазақстандыққа 2 млрд 448 миллион келі немесе шамамен 2,4 миллион тонна жеміс-жидек қажет.

Мұндай жағдайда елде өсірілген 317 мың тонна өнім жұмырға жұқ болмайды. Қалғанын ел сырттан тасып жейді.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде жылына бір адам ең көп дегенде 80 келі ғана жеміс-жидек жейді екен. Бұл көрсеткіш ұсынылған халықаралық нормалардан қатты төмен.

Сенатордың байламынша, саланы қарқынды дамытудың тиімді әрі озық үлгісін көршілес Өзбекстан паш етіп отыр.

Бұл ел тұрғындардан кооперативке бірігуді талап етпейді, кез келген жұмыссыз үйінің ауласына немесе он сотық жеріне бақша егіп, өнімін сата бастаса, әрбір өткізген келісі үшін мемлекеттен қосымша ақша алады.

"Өзбекстан субсидиялар, салықтық жеңілдіктер, экспортты ынталандыру, заманауи суық қоймалар мен көлік логистикасын дамыту шараларын іске асырды. Соның арқасында 2021-2024 жылдар аралығында тек қана жүзім егу алқаптарын 43 000 гектарға ұлғайтып, жалпы көлемі 133 000 гектарға жеткізді. Ал, бізде жүзім егісі бар-жоғы 9,6 мың гектарды құрап отыр. Қазақстан үшін өзбектің тәжірибесі салалық стратегияны әзірлеуде маңызды бағдар бола алады", – дейді депутат Сұлтан Дүйсембинов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу