Мемлекеттен берілетін қолдау фермерлерге жетпеген болып шықты

352

Жылдағы әдет тағы қайталанды, елдегі фермерлер мемлекеттік субсидияға қол жеткізе алмай, салдарынан шаруашылықты дамытуға алған несиелерін өтей алмай жатыр.  

Мемлекеттен берілетін қолдау фермерлерге жетпеген болып шықты Фото: canva

Ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде жиі айтылғанымен, фермерлерді қолдау жүйелі атқарылмай, банкрот болуға таяғандар көп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл мәселе таяуда Парламент Сенатында да айтылды. Депутат Бекболат Орынбековтің айтуынша, қазір үкімет Аграрлық несие корпорациясы бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау механизмін қайта қарап жатыр. Дегенмен реформаның жүру қарқыны мен жүзеге асыру тәртібі аграрлық сала өкілдерінің күткеніне сай келмеген.

Бір қызығы, қазір мемлекет тарапынан фермерлерге төленбеген субсидия берешегі 341 млрд теңгеге жеткен. Оның 152,2 млрд теңгесі несие пайыздарын өтеуге арналған. Шаруалар амалсыз банктерге 20-22 пайыздық мөлшерлемемен несие төлеп, қарызға батып жатыр.

Қазір салаға қатысты тұлғалардың түгелі дерлік үкіметтен 2026 жылға арналған 341,3 млрд теңге субсидия қарызын төлеудің нақты ай сайынғы кестесін ұсынуды, төлемдердің кешіктірілуінен фермерлер шығындарын өтеу жолдарын қарастыруды сұрап жатыр.

Негізі үкімет бұл берешекті жыл басында жабатынына сендірген. Алайда процесс тым кешіктіріліп жатыр. Осы тұста Қаржы министрлігі бір малға бірнеше рет субсидия алған фермерлер барын алға тартып әлек. Яғни, ведомство шаруалардың өзінен кінәрат іздеп отыр.

Фермерлер қауымдастығының дерегінше, кейінгі жылдары субсидия мүлде жүйелі түрде берілмей келеді. Қаржы институттары арқылы берілген несиелердің жылдық мөлшерлемесі 22-24 пайыз, ал мемлекет оның 16-18 пайызын өтеп беру керек болған. Бірақ бірнеше жылдан бері уақытылы төлемей, фермерлердің шығынын арттырып отырғанға ұқсайды. Бір ғана Жетісу облысының өзінде инвестициялық субсидия бойынша – 4,1 млрд теңге, пайыздық субсидия бойынша 2,4 млрд теңге берешек жиналып қалған.

Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі пайыздық субсидиялау 2023 жылдан бері жергілікті әкімдіктердің бюджетіне тапсырылғанын алға тартуда. Министрлік дерегінше, өңірлерге жыл сайын 80 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген, алайда республикалық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылмаған.

Сондықтан субсидия уақытында түспесе, артық пайызды фермерлер өзі төлеуге тиіс екен. Кейін қаражат аударылған кезде банк артық төлемді қайтаруы керек. Яғни, тағы бір артық жұмыстың шығып тұр. Екі ортада фермерлер сабылады, шаруашылыққа қарай ма, әлде банк жағалай ма?

Жалпы, субсидияның уақытылы берілмеуі, қолдаудың кешігуі бірнеше жылдан бері қайталанып отырғанын айттық. Мәселен, 2024 жылы агроөнеркәсіпті қаржыландыруға 580 млрд теңге бөлінді. Бірақ тиісті ақша шаруаларға тым кешігіп жетті, 140 млрд теңгесі жыл басында түсті де, қалғаны жазға қалды.

Ал диқандар ертерек қамдануы керек, көктемде егін салып, үздіксіз баптауға тиіс. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз ғана, алғашқы жарна төлемейді. Несиені 1 жыл үзілістен кейін ғана өтеп бастайды. Дегенмен осы қаржы да жаздың ортасында аударылған. Сонда техникаға мұқтаж болып, несие рәсімдеп қойған шаруаның ісі жаз ортасына дейін тұралады.

Негізі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан жағдай бойынша, ауыл шаруашылығын жай шаруа мен диқанның есебінен дамыту мүмкін емес. Сондықтан бұл сала кез келген елде биліктің қолдауымен оңалады. Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытуда проблемалар көптігін, бөлінген қаржы уақытында аударылмайтынын Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов бірнеше жылдан бері айтып келеді. Бірақ түйткілдің күрмеуі тарқамай келе жатқанын байқап отырмыз.

– Түсінген адамға мал өсіру, дәнді дақыл егу басқа кәсіптер секілді 1 жылда нәтиже бере қоятын іс емес. Мәселен, мал шаруашылығының табысқа шығуы үшін кемінде 3 жыл уақыт керек. Дәнді дақыл егу тіпті қиын, кез келген уақытта қуаңшылық болуы мүмкін. Яғни, кәсіптің келешегін болжап білмейсіз. Ал субсидия көлемі жеткіліксіз болып жатқаны онсыз да белгілі. Әр өңірде дау шығып, соңы ұзаққа созылады. Мұнда жемқорлық мәселесі де қылаң беріп жататыны жасырын емес. Сондықтан мәселені салаға жауаптылар толықтай қайта қарастыру қажет, – деді маман.

Мұнда біз аңғарған жайт – қаржыға қатысты талас. Фермерлер үкіметті, ведомстволар фермерлерді кінәлайды.

Яғни, түйткілдің тамыры субсидиялау ісінің жүйесіздігінде жатқан сыңайлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу