Мемлекеттік бағдарламалар ипотека нарығына қарқын берді

8933

Салаға салынған инвестиция рекордтық деңгейге жетті.

Мемлекеттік бағдарламалар ипотека нарығына қарқын берді

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдың алғашқы төрт айында тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі былтырғыдан 17,1%-ға өсіп 321,9 млрд теңгеге жетті.

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір арасында пайдалануға берілген үй саны да 17,1%-ға өсіп 3,5 млн шаршы метрге жетіп отыр. Бұл тарихи ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді. Осылайша, салаға салынған инвестиция да, аралықта пайдалануға берілген үй көлемі де рекордтық деңгейге жетіп отыр.

2019 жылдың соңына дейін республика бойынша 13,1 млн шаршы метр үй салу жоспарланған. Өткен жылғы жоспар 12,1 млн шаршы метр болғанымен, жыл қорытындысы бойынша көрсеткіш 12,5 млн шаршы метрге жеткен. Ал биылғы алғашқы төрт айдағы көрсеткішке қарар болсақ, жылдық жоспарды орындаудың өзі үлкен жетістік болар еді.

Салынып жатқан үйлердің қарқыны көбейгенімен, сұраныстың да қарқынды өсіп бара жатқаны белгілі. Сұраныстың артуының басты себебі, ең бірінші кезекте, мемлекеттік қаржыландыру арқылы қолжетімді баспананың көптеп салынуы.

Нәтижесінде 2019 жылдың сәуір айы қорытындысы бойынша қазақстандықтардың мойнындағы ипотекалық қарыз көлемі былтырғы сәуірдегіден 24,8 пайызға ұлғайып, 1,4 трлн теңгеге жетті. Ал 2018 жылдың соңында көрсеткіш 1,3 трлн теңге болған еді.

Жалпы, 2017 жылға дейін мемлекеттің баспана нарығындағы бағдарламалары әлсіз болып келгені белгілі. Оның көрсеткіші 2014 жылы ипотекалық несиенің 919,2 млрд теңге болып, 2015-2016 жылдары көрсеткіштің тиісінше 916,9 млрд теңге және 870,5 млрд теңгеге азайып кетуі. Ал 2017 жылдан бастап ипотекалық қарыздар көлемі жылына 20 пайыздан артық өсім көрсетіп келеді. 

Ипотекалық несиенің артуына түрткі болған мемлекеттік бағдарламалардың ең бастысы "7-20-25" екені анық. Аталған бағдарламамен 2019 жылдың 30 мамырындағы мәлімет бойынша, жалпы көлемі 91,4 млрд теңгеге 7,9 мың өтінім берілген екен.

"7-20-25" бағдарламасы құрылыс компанияларын тұтынушылардың өздерінің таңдауына мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы бағдарлама. Бұл өз кезегінде жылжымайтын мүлік нарығындағы бәсекелестікке де оң әсер етіп, құрылыстың әсеріне де пайдасын тигізіп отыр. 

Ипотекалық бағдарламалардың осылайша дамуы өз кезегінде баспана бағасына да әсер етпей қоймағаны анық. Соның ішінде жыл басынан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Әскери баспана" бағдарламасы ерекше ықпал еткені айтылуда. 15 пайызбен ипотека ұсынатын бағдарлама еліміздегі жүздеген мың қарулы күш қызметкерлерінің үйлі болуына мүмкін ұсынып отыр.

Жалпы, былтырдан бері мегаполистер мен облыс орталықтарында үй бағасы айына орта есеппен 2-3 пайыздан қымбаттап келеді. Соның ішінде жаңа үйлердің бағасы тұрақты өсім көрсетсе, жаңа үйлердің қымбаттауы қайталама нарықтағы үйлерге де жанама әсер етіп, "ескі" үйлердің де бағасы аздап болса да тұрақты өсім көрсетуде.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу