Мемлекеттік борыш 1,5 трлн теңгеге артты

3269

Қаржы министрлігі бірінші жартыжылдықты қанша қарызбен аяқтағанымызды жария етті. 

Мемлекеттік борыш 1,5 трлн теңгеге артты

1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік борыш 22 108,5 млрд.теңге болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Үкімет жыл басында бюджеттің тапшылығын болдырмау үшін қарыз алу мөлшерін бекіткен болатын. Қаржы министрлігінің ресми ақпаратына сенсек, сол бекітілген сома сақталған көрінеді.

2021 жылдың алғашқы үш айында мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару есебінен ішкі қарыздың түсімі 740,5 млрд теңгеге жеткен. Оның 80%-ын ұзақ мерзімді бағалы қағаздар, қалған 20%-ын қысқа мерзімді бағалы қағаздар алып жатыр.

"Сыртқы қарыздардың түсімдері 79,5 млрд теңгені құрады",– деп жазылған министрліктің тоқсандық қорытындысында.

Бұл жерде басты назар аударатын дүние ол емес бірақ. Ең басты дүние – мемлекеттік борыштың жалпы ішкі өнімдегі үлесі.

"2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік борыш 22 108,5 млрд теңге болды", деп жазады министрлік мамандары. Бұл жалпы ішкі өнімнің 24,8%-деген сөз. Өйткені ведомствоның дерегі бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімнің көлемі қазір 77 868,7 млрд теңгеге жеткен.

Мемлекеттік борыштың 79,8%-ын үкіметтік борыш алып отыр. Оны ақшаға шақсақ, 17 646,7 млрд теңге.

"Үкіметтік борыштың құрамы мынадай түрде қалыптасты: ішкі борышы – 10 457,2 млрд теңге (59,3%), сыртқы борышы – 7 189,6 млрд теңге (40,7%)", – деп жазылған қорытындыда.

Ал Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталармен шығарылған ішкі борышы 3 446,6 млрд теңгені немесе жалпы мемлекеттік борыш көлемінің 15,6% құраған. Жергілікті атқарушы органдардың борыштық міндеттемелер портфелі шамамен 1 015,1 млрд  теңге немесе жалпы мемлекеттік борыш көлемінің 4,6% алып отыр.

Ведомствоның жыл басындағы деректеріне сүйенсек, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз көлемі 20,6 трлн теңге болған еді. Яғни, 3 айда борыш көлемі 1,5 трлн теңге артты деген сөз. Алайда жыл басында мемлекеттік борыштың ішкі жалпы өнімге қатынасы қазіргіде жоғары болған еді (29,6%). Ал қазір бұл шама – 24,8%. Қаржы министрлігінің ұстанымы бойынша, мемлекеттік борыштың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 50%- дан аспаса, экономикаға келер қауіп жоқ.

Үкіметтік борышты өтеу мерзіміне қарай жіктесе, мынадай көрсеткіштер шығады.

-         қысқа мерзімді – 507,3 млрд теңге;

-         орташа мерзімді – 1 044,7 млрд теңге;

-         ұзақ мерзімді – 16 094,7 млрд теңге.

Ал пайыздық мөлшерлемесі:

-         нақты бекіті белгіленген – 84%;

-         инфляцияға қарай индекстелетіні – 7%;

-         өзгермелі – 9%.

Осы қарыздардың бәріне қызмет көрсету үшін мемлекет үш айдың ішінде 328,9 млрд теңге жұмсаған.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу