Мемлекеттік компаниялардың қызмет аясы 30 пайызға қысқарады

Үкімет 100-ден астам қызмет түрін алып тастауды ұсынып отыр. 

Мемлекеттік компаниялардың қызмет аясы 30 пайызға қысқарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық кеңестің ІІ отырысында мемлекеттік кәсіпорындардың бәсекелестік ортадағы белсенділігін бәсеңдетуды тапсырды.

"Квазимемлекеттік секторды әрі қарай оңтайландыру жұмысын жеделдету қажет. Мен квазимемлекеттік сектордағы әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындардың директорлар кеңесінің құрамына азаматтық қоғам өкілдерін енгізу ұсынысын қолдадым. Кеңес мүшелерімен талқылау нәтижесінде Үкімет қоғам өкілдерін осы іске қатыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіпорындар тізбесіне, қоғам қайраткерлерінің мәртебесіне, үміткерлерді іріктеу процедурасы сияқты шараларға қатысты. Үкіметке 2020 жылдың 1 наурызына дейін іріктеудің барлық қажетті процедурасын дайындап, кандидаттар тізбесін енгізу қажет", – деген Президент мемлекеттік компаниялардың қызметтік жарғысын қайта қарауды тапсырды.

"Жолдаудағы тапсырмаға сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындардың бәсекелі нарықтағы экономикалық  құштарлығын төмендету керек. Бұл мемлекеттік кәсіпорындардың  жарғысындағы рұқсат етілген қызмет түрлерін азайту арқылы іске асуға тиіс. Үкімет қазірдің өзінде мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің 100-ден астам түрін қысқарту туралы ұсыныс көтеріп отыр. Бұл қазіргі тізбенің 30 пайызына жуық. Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, тізбенің санын әлі де қысқарта түсу қажет деп санаймын. Әсіресе, бәсекелестік орта дамыған ірі қалаларға қажет.  Үкімет бұл мәселе бойынша 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін ұсыныс енгізуі тиіс", – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу