"Мен жайлы қауесетке сенбеңдер"

4749

Пара алды деп айыпталған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мәлімдеме жасады.  

"Мен жайлы қауесетке сенбеңдер"

Атырауда 10 қыркүйек күні сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен тұтқындалған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев әлеуметтік желіде оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның өзі айтқандай, "монологы" адвокаты Игорь Вранчевтің Facebook парақшасында жарияланды.

Сонымен, шенеуніктің айтуынша, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері ұстаған күні сағат 15:00-ден 20:30-ға дейін тергеуші кабинетінде отырып, өзінің не үшін ұсталғанын ақыры түсінбеген. Осы уақыт аралығында тергеуші екі рет ауысса да, ешқайсысы оған жөнді жауап бермей, тек "бәрін өзің айтып бер" деуден тынбапты. Қорғаушысын шақыруға да ұзақ күтіп, келіссөздер жүргізгеннен кейін рұқсат еткен. Осылайша, бірнеше күнге созылған хикаяны өзінің нұсқасында баяндаған Нұрлан Таубаев қандай пара екені және оның көлемі жөнінде ештеңе білмейтінін алға тартады.

Бұдан әрі автор 2000 жылдардан бергі екі мәрте қала әкімінің орынбасары, одан тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы болған кездегі жұмыстарын тізбелей келе, оның арқасында Атыраудағы үлкен проблемалар шешімін тапқанын жеткізген. Атап айтқанда, жылу электр орталығынан "Балықшы" ықшамауданына дейін екі магистральды жылу құбырын жүргізіп, ықшамауданның орталық жылу жүйесіне қосылып, ыстық сумен қамтылуында оның тікелей үлесі бар екен. Сондай-ақ, жүргізушілердің жолда оң жаққа қауіпсіз бұрылуын қамтамасыз ететін құрылғыларды да ол АҚШ-та оқып жүрген кезінде көріп, кейін оны жобалаушылардың Атырау көшелерінде орнатуына сеп болған.

"Менің тәжірибемді көрген сол кездегі Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев өзіне орынбасар ретінде қызметке шақырып, барлық негізгі бағытты тапсырды... Әрі қарай, өкінішке қарай, Н.Ноғаевпен жұмыс істей алмадық. Онымен келіспеушілік салдарынан 2019 жылғы қыркүйек айында қызметтен өз еркіммен кеттім. Ал 2020 жылдың мамыр айында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына шақырылдым", – деп жазады Нұрлан Таубаев.

Бұдан әрі әлемдік пандемия кезіндегі қиыншылық бәріне де оңай тимегенін, індеттен тез әрі аз шығынмен шығу үшін барынша жұмыс істегендерін айтқан шенеунік өзінің "мұны кімнің жасап отырғанын білетінін, сондай-ақ, біріншіден, өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін, екіншіден, оны ұйымдастырып отырған адамдардың лайықты жазалануы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтынын" мәлімдейді. Облыс тұрғындарының өзі жайлы айтылған қауесеттерге сенбеуін өтінген Нұрлан Таубаев жаладан ақталу үшін "президентке дейін" баруға ниетті.

Айта кетейік, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров 182 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталған. Бұл қаражат құрылыс компанияларының бірін тендерден өткізу үшін сұралған. Әзірге тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жарияланған жоқ.

Құралай Қуатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу