"Мені ақша қызықтырмайды": Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуіне қатысты мәлімдеме жасады

425

Британдық боксшы Хамза Ширазға қарсы жекпе-жек Лондонда өтуі ықтимал.  

"Мені ақша қызықтырмайды": Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуіне қатысты мәлімдеме жасады Фото: inform.kz

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазбен жұдырықтасуға ресми түрде келісім берді, деп жазады inbusiness.kz сайты The Ring басылымына сілтеме жасап.

Шираздың промоутері Queensberry Promotions жекпе-жекті өткізу құқығы үшін 1 001 809 доллар ұсынған. Ал Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Top Rank компаниясының ұсынысы 820 мың доллар болған.

Алдын ала жоспар бойынша, кездесу 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда өтуі мүмкін. Жекпе-жекті қабылдайтын ықтимал қалалар ретінде Лондон мен Нью-Йорк аталып отыр.

Queensberry саудада жеңгендіктен, Шираз жекпе-жекке келіссе, кездесу Лондонда өтуі ықтимал. Алайда жекпе-жектің өтетіні әзірге түпкілікті бекітілген жоқ.

Бұған дейін WBO Ширазға чемпиондық белбеуін міндетті үміткер Әлімханұлына қарсы қорғауды тапсырған.

Екі тарап белгіленген мерзімде келісімге келе алмаған соң, WBO промоутерлік сауда өткізу туралы шешім қабылдады.

Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) биыл шілдеде орта салмақтан екінші орта салмаққа ауысып, кейін WBO шешімімен Шираздың міндетті қарсыласы атанды.

– Мені ақша қызықтырмайтынын бәрі біледі. Мен дайынмын! Сондай-ақ оның титулдан бас тартқаны туралы жаңалықты көруге де әзірмін. Маған тек осы титул керек. Одан кейін Канеломен титулдарды біріктіруім қажет, – деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желіде.

27 жастағы Хамза Шираз (24-0-1, 19 КО) мамырда Алем Бегичті екінші раундта жеңіп, WBO чемпиондық белбеуін иеленді. Шілдеде Симон Захенхуберді төрешілердің басым шешімімен жеңіп, атағын қорғады.

Әлімханұлы рингке соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде шығып, Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу