Менің сыбайлас жемқорлыққа қатысым жоқ – Елжан Біртанов

1446

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов БАҚ өкілдері жеке басына қатысты жалған ақпарат таратқанын, өзіне нақты айып тағылмағанын, тергеу жалғасып жатқанын жариялады.  

Менің сыбайлас жемқорлыққа қатысым жоқ –  Елжан Біртанов

Бұл туралы экс-министр сотта сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Кеше бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары прокурордың маған айып тағып отырғаны туралы қате ақпарат таратты. БАҚ өкілдеріне маған күні бүгінге дейін айып тағылмағанын, тергеу әлі жүріп жатқанын тағы да мәлімдегім келеді. Қазіргі таңда күдікті ретінде менің құқығымды шектеу туралы ғана мәселе қаралып жатыр. Бұл өтініште бюджет қаражатын жымқыру және ысырап ету туралы маған тағылған күдіктің заңдылығы мен негізділігін растайтын сенімді факті жоқ екенін қосқым келеді. Ұрлық фактісі анқыталмады. Менің сыбайлас жемқорлыққа қатысым жоқ. Денсаулық сақтау министрі лауазымын атқарып жүрген кезде менің қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа қатысым болған емес. Осыны тағы да жария түрде мәлімдеймін", – деді Елжан Біртанов.

Бұдан кейін ол тергеу объективті жүргізілетініне, өзінің барлық әрекетіне тиісті баға берілетініне сенетінін мәлімдеді.

"Біз қылмыстық қудалау көріп отырмыз. Алайда тергеу толық аяқталмай жатып, айыптау үкімі шықпай тұрып, негізсіз ақпарат тарату дұрыс емес деп санаймын", – деді бұрынғы денсаулық сақтау министрі.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартты.

"Ауданаралық тергеу соты үйқамақ мерзімін 8 айға дейін – 2021жылғы 14 маусымға дейін созу керек деп санайды. Сот тергеу органының Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 8 айға дейін ұзарту туралы өтінішін ішінара қанағаттандыру қажет деген шешім шығарды. Елжан Біртановқа медициналық мекемелерден басқа нысандарға үйден шығуға рұқсат бермеу туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартты", – деді судья Айбек Әбу.

Естеріңізге салайық, кеше Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту туралы тергеу органының өтінішін қарады. Бас прокуратура өкілі Төлеген Жараспаев сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде денсаулық сақтау министрлігі 2015 жылы хорватиялық Ericsson Nikola Tesla фирмасымен "Денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және біріздендіру платформасы" атты автоматтандырылған ақпараттық жүйені 17,8 млн АҚШ долларына сатып алу туралы келісімшартты бекіткенін баяндады. Ақпараттық жүйе 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 17 емдеу мекемесінде қанатқақты жоба ретінде пайдаланылып, республика көлемінде қолданылуға тиіс болған. Тергеу дерегінде платформаның пайдаланылмағаны, денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграцияланбағаны нақтыланды.

Айта кетейік, Елжан Біртанов өткен жылы маусым айында лауазымынан айырылды. Күзде экс-министр қазына қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен қамауға алынды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу