"Мерген": Қазақ батыры туралы комикстің тұсауы кесілді

1606

Елордада "Мерген" комиксінің тұсаукесері өтті.   

"Мерген": Қазақ батыры туралы комикстің тұсауы кесілді Фото: inbusiness.kz

Қазақ ертегілері мен аңыздарының желісімен жазылған "Мерген" атты комикстің бірінші бөлімі қалың оқырманға жол тартты.

Туындыны таныстыру рәсіміне сценарий авторы Бек-Ата Даниял және суретші Мағира Тілеубердина қатысты. Бұл еңбекпен жақынырақ танысу үшін inbusiness.kz тілшісі оларды сөзге тартқан болатын. 

– Бек-Ата, алдымен бұл комикске қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Бұл фэнтези жанрындағы комикс. Мұнда Есекмерген Есенқұлұлы батыр туралы айтылады. Комикс қазақ ертегілеріне, аңыздарына және мифологиясына негізделген. Бұл Мерген батырдың соғыстан оралып, қарапайым өмір сүруге ұмтылысы туралы шығарма. Алайда ол тылсым күштермен күресуге, олармен бетпе-бет келуге мәжбүр болады. Оқиға орта ғасырлардағы Қазақ хандығы тұсында өрбиді. Бірінші шығарылымда Мерген Жезтырнақпен күреседі.

– Комиксті жасап шығаруға қанша уақыт кетті?

– Оған 4-5 айдай уақыт жұмсалды. Қазақ және орыс тілдерінде әрқайсысы 2 мың тиражбен шықты. Шығармашылық топта 3 адам бар: сценарист, суретші және редактор. Мен сценарий жазумен айналысамын.

Жалпы осыған дейін де шығарған комикстерім бар. Мысалы, Англияда "Dinosaur Warrior" атты комиксім жарияланды. Сонымен қатар Үндістан, Ресейде де туындыларым шықты.

– "Мергеннің" электронды нұсқасы бола ма?

– Біз бұл сұрақты қарастыру үстіндеміз.

– Елдегі комикс индустриясының әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Шынтуайтқа келгенде, бұл сала елімізде кенже қалған. Себебі адамдар комикстерді өнер деп санамайды. Жапония, Кореяда комикс қазірдің өзінде дамыған. Америкада да солай. Онда бұл тұтастай поп-мәдениет ретінде қалыптасқан деуге болады. Ал, елімізде бұл сала енді дамып келеді. Әзірге біз оның іргетасының қалауында тұрмыз деуге де болады. Біз бұл саланы дамытқымыз келеді. Комикстерді танымал етіп, оны жаңа деңгейге, әлемдік деңгейге де шығаруды мақсат етіп отырмыз. Біз "Мергенді" танымал кейіпкерге айналдырғымыз келеді. Әр қазақ баласы осы кейіпкерден шабыт алып, оларға жақын болса екен дейміз.

– Жалпы бұл салаға қалай келдіңіз?

– Жасым 24-те. Мен Англияда "кино және телевидение" мамандығы бойынша оқыдым. Мен сторителлингпен айналысқым келді. Одан басқа фильмдер және мультфильмдер түсіргім келді. Маған комикс арқылы оқиғаны көрсету визуалды тұрғыдан ұнады әрі оңайырақ болды. Бұдан басқа кішкентай кезімнен бастап "Өрмекші адам" комикстерінің жанкүйерімін. Алғашқы комикстерімді пандемия кезінде жасадым.

Қазақстан – сан ғасырлық бай мәдениеті бар ел. Біздің бай мәдениетімізді, мифологияны заманауи тұрғыда үйлестіріп, ерекше дүние жасасам деймін.

– Комикс дайындауда қазақ ертегілері мен аңыздарының көмегі көп тиді дедіңіз.

– "Мерген" комиксін дайындауда қазақ ертегілері мен батырлар туралы оқиғалардың үлесі зор. Бұдан басқа халқымыздың классикалық шығармалары да көмектесті. Қазақ даласының ұлы рухын сезіну үшін Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" кітабын оқыдым.

"Комикс жай ғана суреттер емес"

Суретші Мағира Тілеубердина – "Қабанбай" комиксінің авторы. Ол екі баланың анасы. "Мерген" – Бек-Ата Даниялмен бірлесіп шығарған алғашқы жоба.

Мағира Тілеубердина не себепті бұл саланы таңдағанын айтты.

"Комикс дегеніміз мен үшін жай ғана иллюстрация немесе сурет емес. Оның мағынасы әлдеқайда биік. Ол оқиғаны сипаттайтын суреттерден тұрады.  Менің ойымша, елде комикстер өзінің лайықты бағасын әлі ала қоймады. Отандық комикстердің дамуына үлесімізді қосқымыз келеді", - деп түсіндірді суретші-иллюстратор.

Оның сөзінше, "Мерген" комиксінің кейіпкерлері мен мұқабасын салуға 2,5 айдай уақыт кеткен. 

"Бұл шығарманың негізгі идеясына келер болсақ. Негізгі идея – батырдың кім екенін көрсетіп, оның терең философиясын ашу. Батырларымыз халық арасында өте танымал болды, тарихымызда талай жеңістер болғанын білеміз. Батыр дегеніміз өзін жеңіп, одан сайын мықты болған, өзімен жұмыс істеген әрі ештеңеден қорықпағандығын суреттерде көрсеткім келді", - деп атап өтті Мағира Тілеубердина.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу