Мерзімі өткен несиелер қайта құрылымдалады

Коллекторлық ұйымдар әр борышкердің мәселесін жеке қарайды. 

Мерзімі өткен несиелер қайта құрылымдалады Фото: google.com

Қазақстанның коллекторлар қауымдастығы мерзімі өткен несиелердің қайта құрылымдалатыны туралы жағымды ақпарат таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Олар мұндай сауықтыру шараларын биылғы жылдың 1 желтоқсанынан бастап қолға алды. Бірақ қуануға әлі ерте. Себебі қайта құрылымдау талаптарына сай келетін азаматтардың саны мен қамтылатын жалпы берешек сомасы белгісіз.

Бір анығы, қайта құрылымдау шараларымен Қазақстанның коллекторлар қауымдастығына мүше ұйымдардан қарыз алғандар қамтылады.

Ең бастысы, борышкер өз қарыз алған ұйымына немесе қауымдастыққа кешіктірілген несиесін қайта құрылымдау қажеттілігі туралы жазбаша өтінішпен жүгінуі керек.

"Қарызды қайта құрылымдаумен тек біздің қауымдастықтың мүшелері ғана айналысады. Қазір оның құрамына 16 коллекторлық агенттік пен арнайы қаржы компаниялары кіреді, олар Қазақстан Республикасының "Коллекторлық қызмет туралы" Заңы қабылданғанға дейін құрылған. Біздің қауымдастықтың құрамына Қазақстандағы банктер мен МҚҰ қарыздарын сатып алумен айналысатын ірі коллекторлық компаниялар кіреді", – деп түсіндірді қауымдастықтың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар ұйым барлық компаниямен мерзімі өткен қарыздарды қайта құрылымдауға еш қиындықсыз келіскенін жеткізді.

Шара 1 желтоқсаннан бастап жүзеге асырылады. Осылайша коллекторлар қазақстандықтардың борыштық ауыртпалығын жеңілдетуге көмектеседі.

Айта кетеніні, биылғы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде тіркелген 300-ден астам коллекторлық агенттік бар.

Қайта құрылымдаудың шарты қандай?

"Біздің басты қағидамыз – борышкер қауымдастыққа немесе коллекторлық агенттікке хабарласып, кестесін сұрайды. Ол қарызын төлей алмауының себебін түсіндіреді. Кейін оған ыңғайлы шарттар мен кесте беріледі. Ал оны төлеу мерзімін қарыз алушы өзі таңдай алады. Ішінара есептен шығару негізінен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын  қарыз алушыларға қатысты", – деп жазылған қауымдастықтың түсіндермесінде.

Осы уақытқа дейін ұйым мұндай жеңілдіктер жасамаған. Коллекторлар белгіленген кесте мен несиені уақытында төлеуді талап ететін.

"Бастысы борышкер өзі өтінішпен жүгінуі керек. Бізге құрғақ статистика емес, шынайы көмек көрсету маңызды", – деп хабарлады қауымдастықта.

Проблемалық қарыздар саны артты

Жеке тұлғаларға қарыздардың көлемі 2022 жылғы 3-тоқсанда  6,5%-ға ұлғайып, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлерге берілген қарыздар 223 млрд теңгеге дейін 5,6%-ға  өсті.

Заңды тұлғаларға қарыздар 2022 жылғы 3-тоқсанда  430 млрд теңгеге дейін 2,7%-ға ұлғайды, 2022 жылдың басынан бері өсу 25,0%-ды құрады.

Алайда алынған қарыздар уақытылы қайтарыла ма? Несиені қуана алып, күрсініп қайтарып жатқандар да көп.

Жеке тұлғалардың портфеліндегі NPL деңгейі 6,1%-ды құрады (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 5,8%). Жеке тұлғаларға берілген қарыздар сапасының нашарлауы, негізінен, 50 АЕК-ке дейін сомаға қысқа мерзімді микрокредиттер сегментінде байқалады.

Заңды  тұлғалардың портфеліндегі NPL деңгейі биылғы жылдың басынан 0,2 п.т.  шамалы төмендеп,  0,5%-ды құрады (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша NPL деңгейі   0,7% еді).

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторында берешегінің мерзімі 90 күннен асатын (NPL90+) қарыздарының деңгейі жалпы несие портфелінің 3,7%-ын немесе 836 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы 1 қаңтарда - 3,3% немесе 669 млрд теңге болатын.

Байқағанымыздай базалық мөлшерлеме деңгейінің өсіп, несие пайызы жоғарылағанына қарамастан, қарыз алғандар саны артқан. Сонымен қатар оны қайтара алмай жүргендер де жетерлік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу