Фотоның тарихы тек футболсүйер қауымды ғана таңғалдырып қоймады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
19 жыл бұрын түсірілген бір сурет бүгінде футбол тарихындағы ең ерекше сәттердің біріне айналды. Онда жас Лионель Мессидің 5 айлық Ламин Ямалды шомылдырып тұрғанын байқау қиын емес. Сол сәби араға жылдар салып Аргентина аңызына әлем чемпионатының финалында қарсылас атанды.
championat.com
2007 жылы Аргентинаның жас жұлдызы Лионель Месси небәрі 20 жаста еді. Ол кезде болашақта әлем чемпионы атанып, 8 мәрте "Алтын доп" иегері болатынын ешкім болжамады. Сол секілді, Ямалдың да әлемдік футболдың жаңа жұлдызына айналарын ешкім елестетіп көрмеген.
Сол жылы UNICEF, "Барселона" футбол клубы және каталониялық Diario Sport басылымы қайырымдылық күнтізбесін шығаруды қолға алады. Акция аясында жеребе ұйымдастырылып, жеңімпаз атанған отбасыларға "Барселона" футболшыларымен фотосессияға қатысу мүмкіндігі беріледі. Ламин Ямалдың отбасы да сол жеребеде жеңіске жеткен.
Фототүсірілім "Камп Ноу" стадионының киім ауыстыратын бөлмесінде өткен. Жас Месси Ямалды қолына алып, кішкентай пластик ваннада шомылдырып тұрған сәтті каталониялық фотограф Джоан Монфорт объективіне түсіріп алады. Кейін бұл суреттер 2008 жылғы қайырымдылық күнтізбесіне енгізіліп, одан түскен қаражат UNICEF-тің балаларға арналған жобаларына бағытталды.
belta.by
Фотосуреттер ұзақ жылдар бойы көпшілік назарынан тыс қалды. Тек 2024 жылы Еуропа чемпионаты кезінде Ламин Ямалдың әкесі Мунир Насрауи әлеуметтік желісінде осы суреттерді жариялап, астына "Екі аңыздың бастауы" деген жазба қалдырды.
Осыдан соң фотолар әлеуметтік желілерде кең тарап, әлемдік БАҚ оларды "футбол тарихындағы ең символикалық кадрлардың бірі" деп атады.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалында Аргентина мен Испания құрамалары кездесіп, Месси мен Ямал алғаш рет ресми матчта бір-біріне қарсы ойнады. Осыған байланысты 2007 жылғы фотосурет тағы да қызу талқыға түсті.
aif.ru
Осылайша, кезінде қайырымдылық акциясы аясында түсірілген қарапайым фотосессия араға 19 жыл салып футбол тарихындағы ең әсерлі оқиғалардың біріне айналды. Бір кездері сәби Ямалды қолына алып шомылдырған Месси кейін дәл сол баламен әлем чемпионатының басты матчында кездесіп, жеңіліп қалды.