Металлургия қарыштап, химия өнеркәсібі құлдырап тұр

3606

Тұтынып жүрген химиялық заттардың 95,6%-ы – импорт. 

Металлургия қарыштап, химия өнеркәсібі құлдырап тұр

Қазақстанның индустрия және экспорт орталығы саладағы 4 айдың негізгі көрсеткіштерін жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Орталық сарапшыларының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың алғашқы төрт айында тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,3 трлн  теңгеге жеткен. Бұл номиналды мәнде 2020 жылдың 4 айымен салыстырғанда 43,5% жоғары.

Саладағы өндірістің тең жартысына жуығы  түсті металлургияға тиесілі – 1530,62 млрд теңге. Қара металлургияның үлесі – 789,2 млрд теңге болса, металл құю көлемі – 5,1 млрд теңгеге жеткен.

Жыл басынан бері марганецке деген сұраныс күшті болған. Соның әсерінен 4 айдан өндіріс көлемі 171,3%-ға артқан. Сондай-ақ, тазартылған күміс өндірісі 112,9%-ға, тазартылған алтынның өндірісі 122,9% өскен.

Жылдың алғашқы тоқсанында металлургия өнімдерінің экспорты 23,6%-ға артып, 2,6 млрд. долларға жеткен. Әсіресе қара металлургия экспортының көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 39,9%-ға ұлғайып отыр.

"Түсті металлургия экспорты 14,4%-ға немесе 1 млрд 336 млн доллардан 1 млрд  528 млн долларға дейін ұлғайды. Металлургия өнімдерін өткізудің негізгі нарықтары – Қытай (31,9%), Ресей (19,2%), Ұлыбритания (8,4%) және Түркия (7,4%). 2021 жылғы қаңтар-наурызда металлургия өнімінің импорт көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,6%-ға төмендеп, 568,1 млн доллар болды. Импорттың құрылымында металл конструкциялары (32,4%), шыбықтар (21%) және жалпақ илек (15,5%) басым болды",– деп жазылған бюллетеньде.

Қазақстанға металлургия өнімдерін негізгі жеткізушілер: Ресей (83%), Қытай (5,6%), Жапония (2,9%) және Өзбекстан (2,5%).

3 ай ішінде елдегі металлургия өнеркәсібі нарығының көлемі 3,7 млрд доллар болған. Мұндағы отандық өндірушілердің үлесіне 84,5%, импорттық өнім үлесіне – 15,5% келеді. Сала Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында молынан шоғырланған.

Елімізде машина жасау өнімін өндіру көлемі 4 айда  ақшалай мәнде 648 млрд теңгеге жеткен. Бұл былтырғы төрт айдың көрсеткішінен 25% жоғары.  Негізгі экспорт елдері: Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан. 2021 жылғы қаңтар-наурызда машина жасау өнімдерінің импорты 13% -ға артып, 3 млрд 74 млн долларға өскен.

Негізгі импорттаушы елдер: Ресей, Қытай, Германия. Қаңтар-наурыз айларында елдегі машина жасау нарығының көлемі 3,9 млрд доллар болған.  Отандық өнідрушілердің үлесіне 21,5%, импорттық өнім үлесіне – 78,5% келеді.

Фармацевтика өнімдеріне сұраныс жоғары болғаны белгілі.  Төрт айда отандық фармацевтикалық кәсіпорындар 62,1 млрд теңгенің өнімін шығаран.: 2020 жылғы кезеңмен салыстырғанда 48% көп. Әсіресе құрамында антибиотиктер бар дәрілік заттар (+2,5 есе), құрамында алкалоидтар бар дәрілік заттар (+19 есе), таңғыш материалдарға (+3,8 есе) сұраныс артқан.

Жалпы үш айдағы фармацевтика нарығының көлемі 465,2 млн доллар болды. Отандық өндірушілер үлесіне 15,3%, импорттық өнім үлесіне – 84,7% келеді. Экспорт көлемі 47,6%-ға артып, 18,6 млн долларға жеткен.  Бұл салада Қазақстан үшін негізгі экспорттық нарықтар Ресей (55,9%), Өзбекстан (28,5%), Түркия (1,6%) болды. Ал фармацевтика өнімдерінің импорты 19%-ға артып, 394,1 млн долларға жеткен.

Қаңтар-сәуірде жиһаз өнімі өндірісінің көлемі 24,6 млрд теңге болып, номиналды мәнде 2020 жылдың 4 айындағы көрсеткіштен 11,4 млрд  теңгеге артты. Әсіресе кеңселер мен сауда кәсіпорындарына арналған жиһаз өндірісінде (2,5 есе), матрастар өндірісінде (1,6 есе) және өзге де жиһаз өндірісінде (1,6 есе) өсім тіркелген. Алғашқы үш айда жиһаз нарығының көлемі 118,6 млн  доллар болды. Жиһаз өнімдері экспортының негізгі көлемі Ресейге (52,7% немесе 686,8 мың АҚШ доллары), Қырғызстанға (15,8% немесе 206,4 мың АҚШ долл.), Өзбекстанға (12,9% немесе 168,6 мың АҚШ долл.), Арменияға (8,9% немесе 116,1 мың АҚШ долл.) және Тәжікстанға (3,6% немесе 47,3 мың АҚШ долл.) жөнелтілген.

Жиһаз өнімі импортының көлемі 78,1 млн АҚШ долл болған. Негізгі жеткізушілер: Ресей (48,6%), Түркия (14,0%), Беларусь (11,0%), Қытай (8,5%) және Италия (6,6%).

Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі қаңтар-сәуірде 237,6 млрд теңгені құраған. Бұл номиналды мәнде 2020 жылдың ұқсас кезеңінен 38,8% - ға жоғары (171,2 млрд. тг).

Әсіресе отқа төзімді бұйымдар (+2,1 есе); отқа төзімді емес керамикалық кірпіштер (+3,1 есе); қожмақта, минералды силикатты мақта және ұқсас минералды мақта (+2 есе); тауарлық бетон (+52,2%); құрылыс мақсаттарына арналған бетоннан жасалған бұйымдар (+33,9%); тақташалар, тақталар, кірпіштер және цементтен, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған ұқсас бұйымдар (+28,4%); құрылыс ерітінділері (+24,9%) және сұранысқа ие болып тұр.

Тек тек керамикалық қаптауыш кірпіштің өндірісі ғана -21,6% төмендеген.

Үш айда с құрылыс материалдары өнімдерінің экспорты 2020 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 15,8%-ға артып, 46,2 млн болған. Негізгі сатып алушы елдер: Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан.

Отандық нарықтағы құрылыс материалдарының импорты өаңтар-наурыз аралығында 243,6 млн долларға жеткен. Негізгі импорттаушы елдер: Ресей, Қытай және Түркия.

Химия өнеркəсібі бойынша 4 айда 164,3 млрд теңгенің өнімі шығарылған.  Бұл 2020 жылғы сəйкес кезеңмен салыстырғанда 2,3%-ға төмен. Өсім көбінесе  цементке арналған қоспалар (3,4 есе), полимерлі бояулар мен лактар (+16,8%), каустикалық сода (2,1 есе), натрий триполифосфаты (+29,4%), жуу құралдары (+27,5%), тұз қышқылы (+18,5%), бастапқы пішіндегі стирол полимері (+9,2%), фосфорлық тыңайтқыштар (+6%), аммиак (+4,6%) жəне полиуретандар (+0,3%), хром қосылыстары ойынша тұтыну көлемінің қалпына келуінен тіркелген. Негізгі сатып алушы елдер: Ресей (18%), Германия (8%) және Өзбекстан (7%). Ал негізгі импорттаушы елдер: Ресей (51%), Қытай (15%) және Франция (4%).

Бірінші тоқсандағы химиялық өнім нарығының жалпы көлемі 685,6 млн  доллар болған. Ондағы отандық өндірушілердің үлесі күрт төмендеп кеткен. Бүкіл сұраныстың тек 4,4%-ын ғана отандық өнідуршілер жаба алған. Бұл былтырғы кезеңнен 2 есе аз деген сөз.  Ал импорттық өнімнің үлесі – 95,6%.

Есжан Ботақара
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу