МХҚО-да кім, қалай алдайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2663

"Алматы қаласындағы №1 МХҚО-дан басқа бірде-бір орталықта мүмкіндігі шектеулі адамдардың емтихан тапсыруына жағдай жасалмаған. 

МХҚО-да кім, қалай алдайды

Еліміздің бірқатар қалаларындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында талапқа сай емес әрекеттер әшкереленді.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаевтың мәлімдеуінше, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын сараптау үшін "жасырын сатып алушы" арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына (МХҚО) тексеріс ұйымдастырылған. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заңнамада көрсетілген талаптар белден басылатыны анықталған.

"Мемлекеттік қызмет көрсету уақытының сақталмауы, жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын емтихан кезінде парақорлыққа жол беру сияқты келеңсіз жайттар әшкереленді. Семей, Тараз қалаларындағы автодромдарда  "А", "А1", "ВЕ", "С1Е", "СЕ", "D1E", "DE" санаттары бойынша емтихан қабылдау қарастырылмаған. Ал Шымкент қаласында автодромның ені  стандартқа сай болмауының салдарынан "С" санатындағы көлік жүргізушілерінен емтихан қабылданбай келген. Бұған қоса мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы автопарктердің көліктері техникалық талапқа сай болмай шықты. Тіпті кейбірінде көлік мүлде болған жоқ. Кейбір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізушілер емтиханды техникалық талапқа сай емес көлікпен тапсыруға мәжбүр болған", – деді департамент директоры.

Оның сөзінше, Астанадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан "С" және "D" санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын емтиханда жүргізушілерге техникалық талапқа сай емес темір тұлпарлар ұсынылған.

"Алматы қаласындағы №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан басқа бірде-бір орталықта мүмкіндігі шектеулі адамдардың емтихан тапсыруына жағдай жасалмаған. Себебі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көлік жоқ", – деді Ильдар Үйсімбаев.

Департамент директорының айтуынша, Павлодар қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында "С", "D1", Қызылорда қаласында "D", Орал, Петропавл қалаларында "D1E", "DE", "C1E", "CE", Атырау қаласында "С", "D", "Е" санатындағы көлік жүргізушілерінің емтихан тапсыруына жағдай жасалмаған.

Сөз арасында департамент директоры Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көліктің құжаттарын реттеп беруге көмектесетін алаяқтар қаптап кеткенін тілге тиек етті.  

"Делдалдар xалықты ашықтан-ашық алдайды. Олар көлік иелеріне келеді де, көлікке қатысты кез келген шаруаны 1-1,5 жарым сағатта реттеп беруге уәде беріп, ақша алады. Негізі мемлекеттік қызмет тура осы уақытта ешқандай делдалдың, алаяқтың қатысуынсыз шешіледі", – деді Ильдар Үйсімбаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу