Михаил Кукушкин Indian Wells турниріне іріктеуде финалға шықты

1372

Турнирдің жүлде қоры 8,5 миллион долларды құрайды.

Михаил Кукушкин Indian Wells турниріне іріктеуде финалға шықты

Қазақстанның екінші ракеткасы Михаил Кукушкин командалық есепте Дэвис кубогының 2022 жылғы финалдық кезеңіне жолдама жеңіп алған соң, америкалық Индиан-Уэллс корттарында турнирлік сапарын сәтті бастады.

Қазақстандық теннисші іріктеу жарысының бірінші кезеңінде осы жарыста 16-нөмірмен өнер көрсеткен италиялық Андреас Сеппиді 6:2, 6:4 есебімен жеңді. Бұл жартылай финалдық кездесу 1 сағат 37 минутқа созылып, нәтижесінде Михаил финалға жолдама алды. Іріктеу турнирінің шешуші матчында Қазақстан құрамасының екінші нөмірлі ракеткасы Йошихито Нишиокамен кездеседі. Жапониялық теннисші бұл турнирде алтыншы нөмірмен өнер көрсетуде. Кездесу елорда уақытымен бүгін түнгі сағат 1:00-де басталады.

Дәл осы жарыста теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының тағы бір өкілі Дмитрий Попко бақ сынады. Өкінішке қарай, ол колумбиялық Даниэль Элахи Галаннан айласын асыра алмай, екі сетте жеңіліп қалды. Қорытынды есеп 4:6, 5:7.

Ал ATP рейтингінде 220-орынға жайғасқан Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Италияда ерлер арасында өтіп жатқан Челленджер турниріндегі алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Корт қожайыны Эльмар Эйповичке қарсы өткен тартысты кездесуде қазақстандық үш сетте, 2:6, 7:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Ойын 3 сағат 21 минутқа созылды. Ойын барысында Тимофей небәрі бір қателік жіберіп, тоғыз ұпай иеленіп, қатарынан бес геймде жеңіске жетті. Осы жеңісінің арқасында 21 жастағы Скатов турнирдің 1/8 финалына жолдама алды. Оның келесі қарсыласы португалиялық Жуан Домингес болмақ. 1/8 финалдық кездесулер ертеңге жоспарланған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу