Михаил Кукушкин Майами ATP Masters 1000 турнирінің екінші кезеңіне өтті

1743

1/32 финалда Михаил Кукушкин америкалық теннисшімен кездеседі.

Михаил Кукушкин Майами ATP Masters 1000 турнирінің екінші кезеңіне өтті

Қазақстанның екінші ракеткасы Михаил Кукушкин Майами корттарында өтіп жатқан ірі америкалық Мастерс турнирінде өнер көрсетуін жалғастыруда. Іріктеу кезеңіндегі екі жеңісінен кейін, бүгін, 25 наурыз қазақстандық теннисші жарыстың негізгі кезеңінің бірінші кездесуінде  жеңіс тойын тойлады.

Негізгі кезеңнің екінші айналымына шығу үшін Михаил Кукушкин ATP рейтингінде 42-орында тұрған голландиялық Ботик ван де Зандшульптан айласын асырды. Қазақстандық теннисші тартысты кездесуде жеңіске жету үшін екі сағатқа жуық уақыт жұмсады. Екі сеттің нәтижесі – 6:4, 6:4. Енді келесі айналымда Михаилді өте қиын қарсылас күтіп тұр. Ол Индиан-Уэллстегі турнирдің жеңімпазы Тэйлор Фрицпен кездесетін болды.

Өкінішке орай, Андрей Голубев пен Александр Бублик жұптық сайыстың бірінші кезеңіндегі тосқауылдан өте алмады. Қазақстандық жұп Фелисиано Лопес (Испания) мен Стефанос Циципас (Грекия) дуэтінен жеңіліп қалды. Қорытынды есеп 6:7, 4:6.

Александр Бублик жұптық сайыс бойынша келесі кезеңге өте алмағанымен, енді 26 наурыз, елорда уақытымен 2:20-да Майамиде жекелей жарыстардың 1/32 финалында өнер көрсетеді. Ол іріктеудің жеңімпазы, қазір әлемдік рейтингте 118-орында тұрған колумбиялық Дэниэль-Элаи Галанмен кездеседі.

Сонымен қатар Халықаралық теннис федерациясы (ITF) 14-18 қыркүйекте Дэвис кубогінің топтық кезеңі (Davis Cup – The World Cup of Tennis) өтетін төрт қаланы анықтады. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады. Топ құрамдар 31 наурызда Лондонда өтетін жеребеден кейін белгілі болады. Дэвис кубогі – әлем чемпионатының топтық кезеңі қарсаңында командалар төрт себетке бөлінді. Себеттер құрамы: Бірінші: Хорватия, Испания, Франция, АҚШ; Екінші: Германия, Италия, Канада, Ұлыбритания; Үшінші: Қазақстан, Бельгия, Сербия, Аргентина; Төртінші: Швеция, Аустралия, Нидерланды, Оңтүстік Корея. Жеребе 31 наурыз күні елорда уақытымен сағат 20.00-де тартылады.

Осылайша, 14-18 қыркүйек аралығында Болонья (Италия), Гамбург (Германия), Глазго (Ұлыбритания) және Малага (Испания) қалаларында 16 құраманың ішінен үздік сегіздік анықталады. Содан кейін 23-27 қарашада үздік сегіз құрама арасынан Дэвис кубогінің жеңімпазы – 2022 жылғы әлем чемпионы белгілі болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу