Михаил Кукушкин Miami Open турнирін жеңіспен бастады

1100

Қазақстандық Михаил Кукушкин Miami Open ATP 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі. 

Михаил Кукушкин Miami Open турнирін жеңіспен бастады

Әлемнің 105-ракеткасы Михаил Кукушкин бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 316-орында тұрған ұлыбританиялық Джек Дрэйпермен өткізді. Тартысты өткен бірінші партияда қазақстандық теннисші таразы басын өзіне аудара білді - 7:5. Бұдан кейін ұлыбританиялық спортшы 1 сағат 15 минутқа созылған бәсекені жалғастырудан бас тартты. М.Кукушкин жалпы жүлде қоры 3,64 млн АҚШ долларына бағаланған жарыстың екінші айналымында әлемнің 27-ракеткасы, ресейлік Аслан Карацевпен күш сынасады.

Ал, Зарина Дияс Miami Open WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады. Дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған Зарина екінші айналымда әлемнің 12-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен кездесті. Бірінші партияда швейцариялық спортшы айқын басымдылық көрсетті - 6:2. Ол екінші сетте де қарқынын кеміткен жоқ - 6:1. Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылады.

Сондай-ақ Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова екінші айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, дүниежүзілік рейтингте 105-орында тұрған чехиялық Тереза Мартинцовамен шеберлік байқасты. Чехиялық спортшы бірінші партияда 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде де ойын тізгінін қолында ұстады – 6:2. Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды. Нәтижесінде Ярослава Шведова чехиялық теннисшіге жол берді. 

Сонымен қатар Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Хорватиядағы Задар челленджер турнирінің жартылай финалына шықты. Қазақстандық жұп ширек финалда босниялық Томислав Бркич - хорватиялық Нино Сердарушичпен кездесті. Бірінші партияда босниялық-хорватиялық жұп айқын басымдылық көрсетті - 6:1. Екіншісінде қазақстандықтар 6:2 есебімен есе қайырып, тай-брейкте жеңісте жетті - 12:10. Бәсеке 1 сағат 11 минутқа созылды. Александр Недовесов пен Андрей Голубев финалға шығу үшін словакиялықтар Лукаш Клейн - Алекс Молчанмен таласады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу